ВС РК - Постановление от 17.03.2022 по делу 6001-22-00-6ап/47 (Административное)

6001-22-00-6ап/47

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 17 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып, жауапкердің өкілі К[...],

мүдделі тұлғаның өкілі Б[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) келтірген аудиторлық есептің және нұсқаманың күшін жою туралы туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі 2021 жылғы 20 қазанда сот шешіміне апелляциялық шағым келтірген.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымымен күшінде қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 21 қазандағы ұғарымымен апелляциялық шағым қайтарылған.

Басқарма кассациялық шағымында апелляциялық шағым беру мерзімі қате есептелгенін көрсетіп, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруді сұраған.

Жауапкер мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 168 бабының 4-тармағына сай, уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.

Талап қоюшы уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша нұсқамасына дау айтып сотқа жүгінген.

Сот шешімі 2021 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған. Шешімнің қарар бөлігінде ұйғарымға наразы болған тарап ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде апелляциялық тәртіппен жеке шағым келтіруге құқылы екендігі тікелей көрсетілген.

Яғни, сот шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімі 2021 жылғы 13 қазанда аяқталады.

Дегенмен, талап қоюшы апелляциялық шағымын 2021 жылғы 20 қазанда шағым беру мерзімі өтіп кеткеннен кейін берген.

Бұл ретте талап қоюшымен шағым жасау мерзімін қалпына келтіру туралы сотқа арыз берілмеген.

АПК-нің 407 бабының 1 тармағының 3) тармақшасына сәйкес егер қайта қарау мерзімі өтіп кетсе және шағымда, прокурордың өтінішхатында оны қалпына келтіру туралы арыз болмаса немесе оны қалпына келтіруден бас тартылған кезде апелляциялық шағым, наразылық оларды берген тұлғаға қайтарылады.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. «Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Б. Нажмиденов

Г. Нурбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.