6001-22-00-3г/355(2) ҚАУЛЫ
2022 жылғы 4 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының жауапкерлер «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ), «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-не жеке кәсіпкер Б[...] (бұдан әрі – ЖК Б[...]), «БЖС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы №99 шартты, «БЖС[...]» ЖШС-нің 2020 жылғы 18 тамыздағы №H10-08 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебін, 2020 жылғы 7 қазандағы электрондық аукционның №163366 қорытынды хаттамасын, 2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-і мен ЖК Б[...] арасында жасалған ғимаратты сатып алу-сату туралы №21408-ЭТП шартты, 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-і мен ЖК Б[...] арасындағы №1 мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісін жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Түркістан қаласы прокурорының келтірген өтінішхатын электрондық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Түркістан қаласының прокуроры сотқа жүгініп, жауапкерлерге қатысты өз талаптарын қанағаттандыруды сұраған, оны даулы мүлік жауапкер Б[...] бүгінгі қолданыстағы заң нормаларының талабына қайшы нарықтық құнынан төмен бағаға сатылғанымен негіздеген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-і мен ЖК Б[...] арасында жасалған ғимаратты сатып алу-сату туралы №21408-ЭТП шарты, 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-і мен ЖК Б[...] арасында жасалған №1 мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісі жарамсыз деп танылып, күштері жойылған.
ЖК Б[...] мемлекет пайдасына 2 917 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Талап қоюшы Түркістан қаласы прокурорының жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы №99 шартты жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Сот шешімінің талап қою арызын қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, осы бөлігі бойынша талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Түркістан қаласының прокуроры іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сот актілерінен анықталғандай, Түркістан қаласы әкімінің 2005 жылғы 3 маусымдағы №1753 қаулысымен Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан төрт қабатты ғимарат Түркістан қаласының ауыл шаруашылығы басқармасының иелігінен шығарылып, «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-нің теңгеріміне берілген.
2018 жылғы 6 тамызда аталған ғимаратқа 257,1 млн. теңгеге, оның ішінде ғимараттың ішкі құрылыс жұмыстарына 76,1 млн. теңгеге, «Шаңырақ» өндірістік кооперативімен жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 9 қаңтардағы №14-11-06/30 хаты негізінде Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 10 қаңтардағы №33 «Ғимартты облыстық меншікке өткізу туралы» қаулысымен Түркістан қаласы әкімі аппаратының теңгеріміндегі Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі [...], жалпы алаңы 2554,7 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты ғимарат 0,7046 га жер телімімен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (әрі қарай – «Түркістан» ӘКК» АҚ) теңгеріміне өткізу мақсатында Түркістан облысының коммуналдық меншігіне өткізілген.
Аталған қаулыға сәйкес Түркістан қаласы әкімінің аппаратына заңда белгіленген тәртіппен қабылдау-өткізу актісін жасап, ғимаратты есептен шығару тапсырылған.
«Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы» ММ-нің 2020 жылғы 29 қаңтардағы №27 «Ғимаратты қабылдау туралы» бұйрығымен Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайы бойынша кадастрлық нөмірі [...], алаңы 0,7046 гектар жер учаскесінде орналасқан қабаттылығы 4, жалпы алаңы 2554,7 шаршы метр әкімшілік ғимарат «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына беру мақсатында облыстық коммуналдық меншікке қабылданған.
Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 2 наурыздағы №44 «Ғимартты «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге беру туралы» қаулысына сәйкес Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі [...], баланстық құны 58 366 000 теңге әкімшілік ғимараты «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге берілген.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның директорлар кеңесінің ашық дауыс беру тәртібімен өткізілген 2020 жылғы 5 наурыздағы шешімімен аталған акционерлік қоғам және «SS[...]» ЖШС-гі бірігіп, «TIC[...]» ЖШС құрған, оның 49% үлесі акционерлік қоғамға, ал қалған 51% «SS[...]» ЖШС-не тиесілі болған, сонымен бірге жаңа серіктестіктің құру шарты және Жарғысы бекітілген.
Аталған мекемелер арасында «Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан ғимаратты «Бутик» қонақ үй ретінде қайта жаңғырту» жобасын бірлесіп атқару жөнінде шешім қабылданып, 2020 жылғы 6 сәуірде осы жобаны іске асыру мақсатында аталған тараптар арасында №47 шарт жасалған.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №733 қаулысымен «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның 2020 жылғы 10 сәуірдегі №01-02-2/561 қаулысына сәйкес аталған әкімшілік ғимаратты «Бутик» қонақ үйі» ретінде қайта құру құрылысы жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген. Құрылыс жүргізу жұмыстарының жобалау-ізденіс құжаттарын дайындау аталған акционерлік қоғамға ұсынылған, ал қаулының орындалуын Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылыс бөлімі» ММ-не жүктелген.
«SS[...]» ЖШС-гі акционерлік қоғаммен арадағы жобаны іске асыру мақсатында аталған әкімшілік ғимараттың ішкі қабатына құрылыс демонтаждау жұмыстарын жүргізіп, оның ішкі бөлмелерін, құрылымдарын бұзып тастаған, сонан соң бұл жұмыстарды жалғастырудан бас тартқан.
Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 14 шілдедегі №148 қаулысымен «Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 2 наурыздағы №44 «Ғимартты «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталына акциялық төлемге беру туралы» қаулысының күші жойылған.
Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 17 шілдедегі бұйрығымен «Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының 2020 жылғы 29 қаңтардағы «Ғимаратты қабылдау туралы» №27 бұйрығының күші жойылған.
Аталған Түркістан облысы әкімінің қаулысының және Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бұйрығының күштері жойылуына байланысты Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан төрт қабатты ғимарат «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-нің теңгеріміне қайта қайтарылған.
Түркістан қаласы әкімінің 2020 жылғы 20 тамыздағы №1143 аталған ғимаратты сауда-саттыққа қойып, жекешелендіру туралы қаулысы қабылданған, сонан соң осы қаулы негізінде 2020 жылғы 18 тамызда «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-е мен «БЖС[...]» ЖШС арасында аталған ғимараттың нарықтық құнын анықтау үшін бағалау жұмысын жүргізу туралы шарт жасалған.
Аталған серіктестіктің 2020 жылғы 18 тамызға жүргізген бағалау есебі бойынша даулы ғимараттың нарықтық құны 313 736 279 теңгені құраған.
«Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің 2020 жылғы 25 тамыздағы №81 «Мемлекеттік меншіктегі ғимаратты жекешелендіру бойынша электрондық сауда-саттықты өткізу туралы» бұйрығымен «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің теңгеріміндегі Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, №3 мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі [...], жалпы алаңы 2554,7 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты әкімшілік ғимарат электрондық сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі бойынша аукционға қойылған.
2020 жылғы 28 тамызда бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында коммуналдық меншіктегі нысандарға 2020 жылғы 16 қыркүйекте сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін «Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ-нің теңгеріміндегі аталған ғимаратқа қатысты бағаны көтеру әдісімен, бастапқы бағасы 313 736 239 теңге, электрондық аукцион өткізілетіні туралы «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-ге хабарлама берген.
Алайда, 2020 жылғы 16 қыркүйекте ғимаратқа бағаны көтеру әдісімен өткізілген сауда-саттықта сауда-саттыққа түскен мүлікті сатып алушылар болмағандықтан, электрондық сауда-саттық өткізілмеген деп танылып, ол жөнінде 2020 жылғы 16 қыркүйекте №162130 акт жасалған. «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің №83 бұйрығымен аталған ғимарат бағаны төмендету әдісі бойынша аукционға қойылатыны жөнінде шешім қабылданған, ол жөнінде 2020 жылғы 18 қыркүйекте «Түркістан» газетінде және мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында ғимарат бағаны төмендету әдісі бойынша 2020 жылғы 7 қазанда өтетін аукционға қойылатыны жөнінде хабарлама жарияланған.
Төмендету тәртібімен өткізілген даулы ғимартқа қатысты сауда-саттықта ЖК Б[...] 313 736 279 теңге ұсынып, жеңімпаз болып танылған.
2020 жылғы 8 қазанда Түркістан қаласы әкімінің аппараты мен аукцион жеңімпазы Б[...] арасында сату-сатып алу туралы №21416-ЭТП шарты жасалған, сонан соң 2020 жылғы 19 қазанда Түркістан қаласы әкімінің аппараты даулы мүлікті қабылдау-өткізу актісі негізінде аукцион жеңімпазы Б[...] өткізген, акті осы күнмен «Түркістан қаласы әкімдігінің Э[...] және қаржы бөлімі» ММ-нің басшысы Б[...] бекітілген.
Түркістан қаласының прокуратурасы даулы ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы мен орнатылған материалдар, құралдардың талан-таражға түсуі белгілері бойынша талдау жүргізіп, жинақталған құжаттар тиісті процестік шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданған.
Аталған Департамент 2020 жылы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, осы іс шеңберінде ғимарттың ішкі жөндеу жұмыстары бойынша келтірілген залал мөлшерін анықтау және «БЖС[...]» ЖШС-нің даулы мүлікті бағалау есебінде көрсетілген бағаның шынайылылығын анықтау мақсатында сот құрылыс-тауартану сараптамасын тағайындаған.
Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалар институты сарапшысының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы №2316 қорытындысына сәйкес ғимараттың нарықтық құны осы сараптама дайындалған мерзімге 438 604 616 теңгені және сот экономикалық сараптамасы сарапшысының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №2382 қорытындысына сай «ғимаратты демонтаждау жұмыстарынан кейінгі, яғни осы таңдағы жағдайын 2018 жылы жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын қайта қалпына келтіру үшін 146 941 361 теңгені құрау мүмкіндігі көрсетілген».
Талап қоюшы даулы ғимарат сауда-саттыққа қойылғанда оның нарықтық құнының дұрыс шығарылмауынан, нарықтық құнын анықтау барысында бағалау есебінде ғимараттың жай-күйін толық көрсетпегенін, ғимараттың болмаған құрылымдық элементтері үшін 0,7083 төмендететін коэффицентті пайдалану негізін нақты көрсетпегенін, түзету есебін шығармағанын және ғимараттың қандай құрылымдық элементтері болмағанын және ғимарат орналасқан жердің құны бағалау есебіне кірмегенін, егерде жер бөлінбейтін болса мүлікті сатып алушыға өтіп кететіндігімен негіздеген.
Өтініш беруші апелляциялық сатының жоғарыда көрсетілген қаулысын іс үшін маңызы бар сот белгілеген мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ апелляциялық сот тұжырымдарының мән-жайларға сәйкес келмеуіне, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.
Өтінішхатта келесідей уәждер келтірілген:
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес сарапшының қорытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды және сот үшін міндеті болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердің жиынтығында бағалануға тиіс. Сарапшы қорытындысын бағалау шешімнің толық негізделген бөлiгiнде берілуге тиіс. Бұл орайда сот сарапшы қорытындыларының немен негізделгенін, сараптамаға ұсынылған материалдардың толық зерделенгенін оларға тиiсiнше талдау жасалғанын көрсетуге тиіс. Сарапшының қорытындысымен келіспейтіндігін сот өз шешiмiнде негіздеуге мiндеттi.
Қаулыда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» қаулысының 10-тармағында тек мүліктің өзін ғана жекешелендірген кезде, жердің құны кадастрлық бағамен бөлек төленеді, ал істің мұндай тұрғысында талап қоюшының даулы мүлік орналасқан жер сатып алушыға ақысыз өтетін болды деуге қандай да бір заңда көзделген негіз жоқ және ондай негіз болмаған делінген.
Жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер болып саналады.
Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтеді.
Үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесіне заңнамада белгіленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 52 бабаның 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесіне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын білдіреді. Көрсетілген құқықтар бір-бірінен ажыратылмайды.
Жақсартылған жерлері бар жер учаскелерін бағалауды жүргізу үшін шығындық әдісті қолдану бағалау объектісін алмастырудың (қалпына келтірудің) қалдық құнын айқындаудан тұрады. Алмастырудың қалдық құны оны қолданыста пайдалану уақытында жақсартылған жерлерді қалпына келтірудің (алмастырудың) қалдық құны мен жер учаскесінің (жер учаскесімен байланысты құқықтардың) нарықтық құнынан тұрады.
Алайда «БЖС[...]» ЖШС-нің №Н10-08 жылжымайтын мүлікті бағалау есебінде аталған заңнамалардың талаптарын бұза отырып, жылжымайтын мүліктің орналасқан жер учаскелері жергілікті атқарушы органдардың пайдаланылуында болуына байланысты бағалау жүргізілмейтінін көрсетіп, ғимаратты бағалаумен шектелген.
Ал соттың тек мүліктің өзін ғана жекешелендіру, жердің құны кадастрлық бағамен бөлек төленеді және қандай да бір заңда көзделген негіз жоқ және ондай негіз болмаған деген тұжырымы негізсіз болып саналады.
- Қаулыда талап қоюшы талап арызда көрсеткендей іс жүзінде даулы мүліктің нарықтық құны 438 604 616 теңге дейтін болсақ, бұл нарықтық құны аталған мүліктік ішкі құрылымдарының бұзылғанын қалпына келтіруге кететін 146 946 341 теңгені алып тастағанда іс жүзінде бұл мүліктің құны 291 658 275 теңгені құрайды, ал іс жүзінде даулы мүлік сауда-саттықтан 313 736 279 теңгеге сатылғаны көрсетілген.
Жекешелендіру объектісінің нарықтық құны - мәміле тараптары бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпаратқа ие бола отырып, есеппен және мәжбүрлеусіз әрекет ететін бәсекелестік жағдайларында, мәміле негізінде жекешелендіру объектісін иеліктен шығаруға болатын есептік ақшалай сома болып саналады.
Жекешелендіру объектілерін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады, ол жекешелендіру объектісінің теңгерімдік құнынан төмен болуы мүмкін.
Институт сарапшысы Т[...] №2316 қорытындысына сәйкес ғимараттың қазіргі құны 438 604 616 теңгені құрайтындығы көрсетілген.
Сондай-ақ институт сарапшысы Б[...] №2382 қорытындысына сай ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарын қайта қалпына келтіру 146 941 361 теңгені құрайтындығы көрсетілген.
Ал соттың даулы мүліктің нарықтық құны 438 604 616 теңге дейтін болсақ, бұл нарықтық құнаталған мүліктік ішкі құрылымдарының бұзылғанын қалпына келтіруге кететін қаржы 146 946 341 теңгені алып тастайтын болса, онда іс жүзінде бұл мүліктің құны 291 658 275 теңгені құрайтындығы негізсіз деп санайды.
Себебі институт сарапшысы Т[...] №2316 қорытындысында ғимараттың нарықтық құны 438 604 616 теңгеге белгіленгені және зерттеу бөлігінде ғимараттың ішкі конструктивті элементтері (ішкі қабырғалары алынып тасталғаны, едендері бұзылып тасталғаны, терезелер бұзылғаны, электр жүйелері, су жүйелері, кәріз жүйелері, жылыту жүйелері, жылыту радиаторлары демонтаждалғаны, ғимараттың бірінші қабатының кіре-беріс жақтан оң қанатының бірінші бөлмесінің төбесінен темір бетон плиталары 4-ші қабатқа дейін демонтаждалып тасталғаны көрсетілген.
Онымен қоса ғимараттың нарықтық құны 438 604 616 теңгеден ішкі құрылымдарының бұзылғанын қалпына келтіруге кететін қаржы 146 946 341 теңгені алып тастау кезінде ешбір заңнамалық актілерге сілтеме жасалмаған.
Сондықтан ғимараттың сатылу бағасы қолданыстағы заңнамалық актілердің талаптарына сай жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылуы қажет еді.
Сондай-ақ салыстырмалы бағалау жүргізу барысында аталған ғимарат орналасқан жерде (Түркістан қаласы, Есімхан алаңы, Я[...] кесенесінің маңы) осы тектес ғимараттар жоқ екеніне мүлдем назар аударылмай, қаланың басқа бөлігінде орналасқан ғимараттардың бағасымен салыстыру жүргізілген.
- Қаулыда бүгінгі таңда Департаментпен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғандығы көрсетілген.
Жоғарыда көрсетілгендей, Департаментпен басталған №205100041000039 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тергеу реттілігімен Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданып, қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкері С[...] қатысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Яғни қаулыда көрсетілген қылмыстық іс тоқтатылғандығы жөнінде ақпарат шындыққа жанаспайды.
- Талап қоюшы өзінің талабын қылмыстық іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындысымен негіздеген, алайда бұл қорытындыны іс бойынша дауды дұрыс шешу үшін қолдануға болмайды, себебі қорытынды даулы мүліктің нарықтық құнын анықтаған мерзімге емес, басқа іс бойынша дұрыс шешім қабылдауға қатысы жоқ мерзімге дайындалғаны көрсетілген.
Алайда сотпен қылмыстық іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындысын осы іс бойынша дауды дұрыс шешу үшін қолдануға жарамайды деген уәждері ешқандай нормативтік құқықтық актілермен расталмайды.
Сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар бойынша сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады.
Істе бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын алмастырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды және сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
Өз кезегінде, сотпен сот сарапшының қорытындыларын негізге алмауына қолданыстағы заңнамалық актілерде шектеулер белгіленбеген және соттармен сот сарапшысының қорытындыларына күмән тудырған жағдайда, өз бастамасы бойынша сот сараптамасын тағайындау уәкілеттігі пайдаланылмаған.
Өтінішхатта көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актісін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 14 қазандағы қаулысына келтірілген өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ж.Қашқынбаева Көшірмесі дұрыс.Судья Ж.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.