ВС РК - Постановление от 11.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2596 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 11 мамыр 6001-22-00-6ап/2596 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақан» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Ө[...] (бұдан әрі – «Ақан» ЖК) жауапкерлер «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№278 ақпараттық технология мектеп-лицейі (IT-мектеп-лицей)» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – 278-мектеп), «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – 264-мектеп) 2022 жылғы 15 наурыздағы және 2022 жылғы 1 ақпандағы және 3 наурыздағы конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, конкурсты қайтадан жариялауды және шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қазандағы қаулысына мүдделі тұлғалар «Ақтаева» жеке кәсіпкері (ЖК) мен «ОИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

№278 мектептің 2022 жылғы 15 наурыздағы №6558484-ОК1, №264мектептің 2022 жылғы 1 ақпандағы, 3 наурыздағы №6556008-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен қатар жеке ұйғарымдар қабылданған. Оларға апелляциялық және кассациялық шағымдар келтірілмеген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлағалардың өкілі кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған. Мүдделі тұлға «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі қарсы пікірінде «Ақан» ЖК-нің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Талап қоюшының өкілі өтінішхатында істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған.

Жауапкерлер және мүдделі тұлғалар немесе оладың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №278 және №264 мектептер аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға веб-портал арқылы конкурстар өткізген.

2022 жылғы 1 ақпандағы №6558484-ОК1 және №6556008-ОК1 қорытындылар туралы хаттамаларға сәйкес конкурс жеңімпазы ретінде тиісінше №278 мектеп бойынша «Ақтаева» ЖК, №264 мектеп бойынша «ОИК[...]» ЖШС танылған. «Ақан» ЖК екінші орындарды иеленген.

«Ақан» ЖК-нің шағымы бойынша «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Департамент) мен «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) жұмыс тәжірибелері дұрыс есептелмегенін көрсетіп конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заң талаптарына сәйкестендіруді тапсырған.

Конкурс нәтижелері қайтадан қорытындыланып №264 мектеп бойынша 2022 жылғы 3 наурызда №6556008-ОК1 хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып «ОИК[...]» ЖШС танылған. 2022 жылғы 15 наурыздағы №6558484-ОК1 қорытындылар туралы хаттамамен №278 мектеп бойынша жеңімпаз болып «Ақтаева» ЖК танылған. Талап қоюшының жұмыс тәжірибесіне «0» балл берілген.

Осыған байланысты «Ақан» ЖК жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюларды ішінара қанағаттандырғанда мына мәнжайларды ескерген.

Мектептерде оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету конкурстарын өткізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен» (бұдан әрі – Қағида) көзделген.

Соттар істі қарау барысында даулы конкурстар өткізілгенде аталған Қағиданың талаптарының бұзылғанын анықтаған.

Конкурстық комиссиялар «Ақан» ЖК-нің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігін бағалағанда оның Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 412-бабының 1-тармағында көрсетілген шот-фактура жазып беруге міндетті салық төлеушіге жатпайтынын ескермеген.

Әлеуетті өнім берушілер ұсынған мамандардың біліктілігін бекітуге қатысты да бұзушылықтар орын алғаны анықталған.

Дауланып отырған конкурстар бойынша әлеуетті өнім берушілер диетолог ретінде көрсеткен мамандардың диетология саласында медициналық білімі және біліктілігінің болуын не болмаса диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімінің болуын растайтын тиісті құжаттарын, оның ішінде уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесін ұсынбаған.

Қағиданың 42-тармағында әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамаға сәйкес талап етілетін жекелеген құжаттарды ұсынуы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге және (немесе) мемлекеттік деректер базаларына жүгіну арқылы не веб-порталды пайдалана отырып, электрондық нысанды толтыру арқылы құжаттарды алу жолымен жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Конкурс электронды түрде өткізілетіндіктен, құжаттар да электронды түрде тапсырылып, қорытынды хаттама электронды түрде қалыптастырылуы тиіс. Алайда №264 мектептің 2022 жылғы 3 наурыздағы қорытынды хаттамасы қағаз жүзінде қалыптастырылып, веб-порталға салынбаған. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес аудит объектісін тексеру камералдық бақылау немесе аудиторлық іс-шара нысанында жүргізіледі.

Талап қоюшының арызы негізінде Департамент мемлекеттік сатып алудың өткізілу заңдылығына тексеру жүргізген. Алайда Департаменттің бұл тексеруі камералдық бақылау немесе аудиторлық іс-шара ретінде рәсімделмеген. Тексеру нәтижесімен анықталған бұзушылықтарды Департамент жауапкерлерге заңда көзделмеген хатпен ғана конкурс хаттамаларын заңға сәйкестендіруді тапсырған. Конкурстық комиссиялар Департаменттің хаты негізінде конкурстың қорытынды хаттамаларының күшін жойып, конкурс нәтижелерін қайта қараған. Бұл әрекеттер мемлекеттік сатып алуға қатысты аудит жүргізудің нормаларына қайшы келеді.

Мектеп оқушыларын тамақтандыруды іркіліссіз ұйымдастыру қажеттілігін, сондай-ақ тиісті қаржы жылына бөлінген қаражаттың басым бөлігі игеріліп қойғанын ескере отырып, соттар конкурс қорытындыларының заңсыздығын танумен шектеліп, шарттардың күшін жоймаған. Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғалар «Ақтаева» жеке кәсіпкері мен «ОИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.