Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 ақпан №6003-25-00-2к/4842 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілдері Г.К.Оразованың және М.И.Коккозовтың, жауапкер өкілдері А.К.Махмутованың және М.С.Акишеваның, үшінші тұлға өкілі А.Ж.Тәңібергеннің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Самғай біл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Cеріктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Министрлік) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі № 179 бұйрығының 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 389 бұйрығының күшін жою жөніндегі нормаларын заңсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Серіктестіктің Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 маусымдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Серіктестік сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны бұйрық заңсыз шығарылғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7- бабының 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне жатады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымымен осы талаптар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайтындықтан талап қою қайтарылған, сол себепті Серіктестік сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібімен жүгінген.
Анықталғаны, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі - ҚР БҒМ) 2019 жылғы 17 мамырдағы №217 бұйрығының 1- қосымшаға сәйкес «Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тізбесі» бекітілген (бұдан әрі - №217 Бұйрық).
Тізбеге Серіктестік баспасының 5-9 сыныптарға арналған жалпы 5 оқу құралдары (2015 жылғы «Salem 7 Practice book, Teacher’s book», «Salem 8 Practice book, Teacher’s book» авторлары Б.Канапина, А.Кондыбаева, Д.Анашева, А.Борамбаева, А.Базылжанова; 5-11 сыныптарға арналған - 2017 жылғы «Физика. Қайталауға арналған оқу құралы» авторы Д.Жүнісбеков; 5-11 сыныптарға арналған 2017 жылғы «Основы медицинской практики в школе». Пособие для врачей и медицинских сестер» авторы Моренко М.) енгізілген.
ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығымен (бұдан әрі - №216 Бұйрық) «Орта білім беру ұйымдарына арналған жекелеген пәндер бойынша оқулықтар мен базалық оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тізбесі» бекітілген.
ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі №389 бұйрығымен №217 және
№216 бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
№216 бұйрығына «Самғай біл» ЖШС баспасына қатысты бөлігінде:
1-4 сыныптарға арналған тізбесіне 2020 жылғы «Оқушылардың психологиялық жұмыс дәптepі №1, 2.» 1-4 сыныптарға арналған, авторлары Б.Әмірова, С.Жантикеев, Д.Жансерикова, Р.Молдабаева, Г.Бейсенбекова, М.Оразаев;
«Қазақ тілінде оқытатын мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік құралдар мен әдебиеттер» тізбесіне 1-4, 5-8, 9-11 сыныптарға арналған 2020 жылғы «Мектеп психологінің жұмыс кітабы №1, 2. Бастауыш мектеп», «Мектеп психологінің педагогтермен жұмыс дәптepі. Бастауыш мектеп», «Мектеп психологінің ата-аналармен жумысы. Бастауыш мектеп», «Мектеп психологінің жұмыс кітабы №1,2. 5-8 сынып», «Оқушылардың психологиялық жұмыс дәптepі. 5-8 сынып», «Мектеп психологінің жұмыс кітабы. 9-11 сынып», «Оқушылардың психологиялық жұмыс дәптepі. 9-11 сынып»,
авторлары Б.Әмірова, С.Жантикеев, Д.Жансерикова, Р.Молдабаева, Г.Бейсенбекова, М.Оразаев оқу-әдістемелік құралдар енгізілген.
ҚР БҒМ-нің 2021 жылғы 23 сәуірдегі №179 бұйрығымен №216 Бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тізбесі осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілген.
Аталған бұйрықпен бекітілген оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тізбесі осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылған.
№179 Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес, 2019 жылғы 17 мамырдағы № 217 және 2020 жылғы 8 қыркүйектегі №389 бұйрықтардың күші жойылды деп танылған.
Себебі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 8 қаңтардағы №410-VI Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі - ҚРЗ) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктері өзгеріп, орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту; республикалық және жергілікті бюджеттер бекітілгенге дейін орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін, оның ішінде электрондық нысанда бекіту функциялары берілген.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №69-ө өкімімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесі бекітілген. Тізбеге сәйкес ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 22 мамырдағы № 216 бұйрығына өзгерістер енгізу көзделген.
Осыған орай Министрлікпен «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізбесі (ҚР БҒМ 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығы)» мен «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларына (ҚР БҒМ 2012 жылғы 24 шілдедегі №344 бұйрығы)» тиісті өзгерістер мен толықтыру енгізу жұмыстары жүргізілген.
№216 бұйрығының атауы тиісінше өзгертіліп, оның атауынан «құралдар мен қосымша әдебиеттер» бөлігі алынып тасталған.
Демек, №179 Бұйрықтың 2-қосымшасымен 2020 жылғы 8 қыркүйектегі №389 бұйрықтың күші жойылуына қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негіз болған, яғни уәкілетті органның құзыреті өзгеруіне байланысты, өз кезегінде Министрлік даулы бұйрықты өзінің құзыреті шеңберінде және заң талаптарын орындау мақсатында шығарған.
Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 сәуірдегі қаулысы күшінде, жауапкер «TY-NYR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.