ВС РК - Постановление от 19.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/638 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 қараша 6001-24-00-6ап/638 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшының өкілі А.Ж.Ашированың, жауапкердің өкілі К.Т.Нуртилеуовтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Сарымсакова Айна Аблаевнаның жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі қарай - Басқарма) 2023 жылғы 27 маусымдағы Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары басшыларын арасындағы ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасына оның ішінде комиссия хаттамасындағы 1-тармақшасында көрсетілген тізімдегі 1-ші және 2-ші бөлігіндегі шешімінде Сарымсакова Айна Аблаевна «А.А.Макаренко» атындағы №41 мектеп-лицей директоры лауазымынан Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебі директоры лауазымдық орнына ауыстыруды (ротациялау) заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысына талап қоюшы А.А.Сарымсакованың келтірген кассациялық шағымы келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.А.Сарымсакова жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» ММ-не 2023 жылғы 27 маусымдағы Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары басшыларын арасындағы ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасына оның ішінде комиссия хаттамасындағы 1-тармақшасында көрсетілген тізімдегі 1-ші және 2-ші бөлігіндегі шешімінде Сарымсакова Айна Аблаевна «А.А.Макаренко» атындағы №41 мектеп-лицей директоры лауазымынан Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебі директоры лауазымдық орнына ауыстыруды (ротациялау) заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысымен күшінде қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшы А.А.Сарымсакованың кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін және жауапкер өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда А.А.Сарымсакова Шымкент қаласы білім басқармасының 2012 жылғы 27 маусымдағы №395-К бұйрығымен Шымкент қаласының «А.А.Макаренко» атындағы №41 мектеплицей директоры болып тағайындалған.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңы (бұдан әрі - Заң) 44-бабының 3-тармағына сәйкес, лауазымға тағайындау және лауазымынан босату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын қоспағанда, білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

Заңның 44-бабының 5-1 тармағына сай, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу мерзімдері мен шарттары мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларында айқындалады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі, қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына (бұдан әрі – Қағида) сәйкес білім беру ұйымында 7 (жеті) жыл жалпы өтілі бар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жүргізілді. А.А.Сарымсакова ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімі қалыптастырылғанға дейін 10 (он) жылдан аса Шымкент қаласының «А.А.Макаренко» атындағы №41 мектеп-лицейде басшылық лауазымда қызмет атқарып отырған.

Талап қоюшы осы мән-жайларды негізге ала отырып, хаттама заң нормаларын өрескел түрде бұза қабылданғанын атап, талап қоюшыға тиісті бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Төменгі сатыдағы соттар қағида талаптарына сәйкес қалыптастырылған тізім негізінде ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасымен ротациялауға жататын 17 бірінші басшының тізімінде, талап қоюшы А.А.Сарымсакованың атқаратын лауазымындағы еңбек өтілі 10 (он) жылдан аса уақыт болғандықтан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген бірінші басшылардың тиімділік көрсеткіштері «Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы №50 бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымының түріне қарай қолданып, талап қоюшы А.А.Сарымсакованы Шымкент қаласының білім басқармасының «№28 жалпы орта білім беретін мектебі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры лауазымына ротациялауға ұсынылған.

Әкімшілік органның А.А.Сарымсакованы Шымкент қаласының білім басқармасының «№28 жалпы орта білім беретін мектебі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры лауазымына ротациялау туралы шешімі заңды және негізді деген тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Соттардың бұл тұжырымын заңды және негізді деп санауға болмайды, себебі сот актілерінде баяндалған түйіндер істің мән-жайларына сәйкес келмейді.

Атап айтқанда, «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі комиссияның шешіміне сәйкес, 2022 жылдың 8 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №38 «Н.Оңдасынов» атындағы мектепгимназиясының директоры лауазымдық орнынан №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) жүргізілгендігі және 2022 жылдың 8 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №23 «З.Космодемьянская» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымдық орнынан №41 «А.Макаренко» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) жүргізілетіндігі жөнінде 8 шілде 2022 жылы шығыс №10-05-43/4835 және №10-09-43/4833 жөнінде хабарлама жолданған.

Осы хабарлама негізінде, жауапкер тарапы Білім және ғылым министрі 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 Бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын дұрыс сақтамай, тиісті түрде орындамауына байланысты, жоғарыда көрсетілген екі мекеме, яғни №38 және №23 мектеп басшылары әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.

Аталған әкімшілік талап арыз шеңберінде талапты қамтамасыз ету мақсатында 1 тамыз 2022 жылы №5294-22-00-4/910 санды ұйғарым негізінде, 8 тамыз 2022 жылдан бастап білім басқармасына қарасты №38 «Н.Оңдасынов» атындағы мектеп-гимназиясының директоры лауазымдық орнынан №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры ауыстыру (ротациялау) жүргізуді және 8 тамыз 2022 жылдан бастап білім басқармасына қарасты №23 «З.Космодемьянская» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымдық орнынан №41 «А.Макаренко» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) жүргізуді, осы әкімшілік іс қаралып біткенге дейін тоқтатылсын деген тоқтам салынған.

Одан әрі, 2022 жылғы 26 қазан №5294-22-00-4/910 санды ісі бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап қоюшылар Тойлыбаева Жанар Джураевна және Жусупова Айман Султанбековнаның әкімшілік талабы қанағаттандырылып: Шымкент қаласының білім басқармасының 2022 жылғы 10 маусымындағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ротациялауды жүргізу тәртібі туралы» №364 санды бұйрығының 2022 жылдың ІІ жарты жылдығында ротациялауға жататын мекеме басшылардың тізімі І-қосымшаға сәйкес бекітілсін деген, Тойлыбаева Жанар Джураевна мен Жусупова Айман Султанбековнаға тиісті бөлігі заңсыз деп танылсын және күші жойылған. 07 шілде 2022 жылғы Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшыларын ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде 2022 жылдың 08 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №38 «Н.Оңдасынов» атындағы мектеп-гимназиясының директоры лауазымдық орнынан №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау), 2022 жылдың 8 тамызынан бастап білім басқармасына қарасты №23 «З.Космодемьянская» атындағы мектеплицейінің директоры лауазымдық орнынан №41 «А.Макаренко» атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымына ауыстыру (ротациялау) жөнінде шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылсын деген сот шешімі шығарылған.

Аталған сот шешімімен жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі келіспей апелляциялық шағым келтірді.

1 наурыз 2023 жылғы Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының №4а/30 санды қаулысына сай, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қазанындағы шешімі өзгеріссіз қалдырылды .

Соңынан аталған қаулымен жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі келіспей, оған кассациялық тәртіппен шағым келтірді. Жоғарыдағы аталған сот актілері күшіне енбей, кассациялық тәртіпте қаралып жатқанын біле тұра, жауапкер тарапы заң нормаларын өрескел түрде бұзып, осы төрт мекеме бойынша тоқтам салу туралы күшіне енген 1 тамыз 2022 жылғы №5294-22-00-4/910 санды ұйғарымы бола тұра, «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі №1 ж/қ санды 5 қаңтар 2023 жылғы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауы жүргізу қағидаларын бекіту туралы», Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы», 2022 жылдың 12 желтоқсандағы №492 Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі бұйрығының 21-тармағына және Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 111-бабының 1-тармағына сәйкес, ротация комиссиясының шешімі шыққанға дейін төмендегі білім беру ұйымдарының бірінші басшылары сол мекемеге барлық қаржылық құжаттарына бірінші қол қою құқығының міндетін атқару және басшының функцияларын жүктеу туралы талап қоюшыға қатысты бұйрық қабылдаған.

Кассациялық тәртіппен қаралып бітпеген сот актілерінің бар болуын ескермей , 27 маусым 2023 жылғы Шымкент қаласының мемлекеттік орта білім беру ұйымдары басшылары арасындағы ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасына оның ішінде комиссия хаттамасындағы 1- тармақшасында көрсетілген тізімдегі 1-ші және 2-ші бөлігіндегі А.А Сарымсакова. А.А.Макаренко атындағы №41 лицей мектебі директор лауазымнан Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебі директоры лауазымдық орнына ауыстыру (ротациялау) туралы шешімді заңсыз қабылдаған.

Дауланып отырған шешім негізінде А. А. Сарымсакова А.А.Макаренко атындағы №41 лицей мектебі директор лауазымынан Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебі директоры лауазымдық орнына ауыстыру (ротациялау) жүргізу болатын. Алайда, Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта білім беретін мектебі директоры 2023 жылы тамыз айында өз еркімен жұмыстан босатылған.

Яғни, басшысы жоқ мекемемен жауапкер тарапы талап қоюшы А.А.Сарымсакованы заңсыз ротациялауға міндеттеген.

Кассациялық қарау барысында талап қоюшының өкілі кәзіргі таңда Г.Д.Юсупова 2024 жылдың 5 қыркүйегінен бастап конкурс негізінде 28 орта мектептің директоры лауазымына тағайындалғанын түсіндірді.

Жоғарыда аталған фактілер соттардың істегі дәлелдемелерді бұрмалап, біржақты шешім қабылдағанын білдіреді.

Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықталғанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда заң бұзушылық жіберілгенін, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығаруға жеткілікті негіздер бар деп санайды. Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.

Осы іс бойынша талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы А.А.Сарымсакованың келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж.Ермағамбетова

Судьялар

Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.