6001-21-00-3Г/5862
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 15 қараша Нұр - Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж. Мырзаке талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министірлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдән әрі - Департамент) жауапкер «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына (бұдән әрі - Қоғам):
«Қызылорда өндірістік филиалының тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне тарифті және тарифтік сметаны 20202025 жылдарға ұзақ мерзімді кезеңге бекіту туралы» 2019 жылғы 22 қарашадағы №44-НҚ бұйрығын (бұдан әрі - Бұйрық) мәжбүрлеп орындату туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымына Департаменттің келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымымен талап арыз қабылдаудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Департамент өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процесстік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушылардың пікірінше іс бойынша жол берілген.
Жергілікті соттар, талап қою арызды қабылдаудан бас тарту туралы тұжырымын тарифті бекіту туралы Бұйрық мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі уәкілетті органның ден қою шараларына жатпайтынымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымдарын өтінішхат иесі келесі негіздермен заңсыз деп есептейді.
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2005 жылғы 24 қаңтардағы №16-НҚ бұйрығымен Қоғам табиғи монополия субъектілерінің Мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне Қазақстан Республикасы тұтынушылары үшін тарату құбыржолдары арқылы газды тасымалдау және магистралды құбыржолдары арқылы газды тасымалдау қызметтерін көрсету бойынша енгізілген. Қоғамның Қызылорда өндірістік филиалы оқшауланған бөлімшесі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министірлігі Табиғи монополияларды реттеу Комитеттің (бұдан әрі - Комитет) 2019 жылғы 11 қыркүйектегі №17-НҚ бұйрығына сәйкес, Департаментке Қоғамның тауарлық газды газ таратушы және магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру функциясы берілген.
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 10), 12) тармақшаларына сәйкес , уәкiлеттi орган осы Заңда көзделген жағдайларда тарифті, тарифтік сметаны бекітеді және өзі бекіткен тарифтік сметаға өзгерістер енгізеді.
Заңның 15-бабының 18-тармағында көзделген тариф, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бекітілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Заңның 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында қарастырылған табиғи монополия субъектісі, осы Заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға міндетті.
Департаменттің Бұйрығымен АҚ-ның тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне тарифті 2020-2025 жылдарға мың текше метрге ҚҚС-сыз 5941,35теңге мөлшерінде ұзақ мерзімді кезеңге бекітілді (2020 жылғы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген). Алайда, Қоғаммен Департаменттің Бұйрығының күшін жою жөнінде сотқа талап беріліп, заңды күшіне енген 2020 жылғы 6 ақпандағы Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Бұйрық күшінде қалдырылған.
Филиалдың газды бөлшек саудада өткізу қызметіне шекті бағасы Комитетпен келісіледі.
Департаментпен газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын анықтау барысында жұмыста қолдану үшін Комитетке сот шешімдері жолданып, Комитеттің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы Қызылорда облысы тұтынушылары үшін қолданыстағы шекті бағаны төмендету туралы дәлелді қорытындысымен газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы төмендетіліп келісілген, оның ішінде тұрғындар үшін мың текше метрге қосымша құн салығымен 20 902,93 теңгеден 17 351,52 теңгеге дейін немесе 17 пайызға төмендетілген.
Сондай-ақ, Заңның 26-бабы 2-тармағының 17) тармақшасында көрсетілген, табиғи монополия субъектісі, жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей уәкілетті органға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді, өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есепті ұсынуға міндетті.
Субъекті бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті 2021 жылғы 28 сәуіріде ұсынып, оған сәйкес субъекті 2020 жылы 452018,64 мың текше метрге қызмет көлемін көрсете отырып, 9083,51 теңге мөлшерінде орташа тариф қолданылған немесе бекітілген тарифтен асу 3142,16 теңгені құраған.
Қоғаммен Бұйрықпен бекітілген тарифтің мөлшері қолданылмаған.
Осыған байланысты субъектімен артық алынған кіріс сомасы 2020 жыл бойынша 1 420 314 889,86 теңге (452018,64*(9083,51-5941,35) немесе ҚҚСмен 1 590 752 676,65 теңгені құрап отыр.
Бұл ретте Қоғаммен, Бұйрықтың орындалуы туралы ақпаратты Департаментке ұсыну жөнінде 2021 жылғы 8 маусымдағы №03-22/798 хаты жолданып, Қоғамның 2021 жылғы 11 маусымдағы №351-3511-893 хатымен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу бағасы 2021 жылғы 1 шілдеде өзгеретіні жоспараланып отырғаны көрсетілген.
Қарастырылып отырған жағдайда, жауапкер Департаменттің Бұйрығын орындамай, Заңның талаптарын және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуда.
Ұйғарымда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 9-бабының 1-тармағында азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк: құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттердің жолын кесу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндiрiп алу; дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергi келтіргені үшiн мемлекеттiк басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiрiп алу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асыратыны көзделген.
Заңның 31-бабының 2-тармағына сәйкес Табиғи монополия субъектiсi Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманы орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган сотқа табиғи монополия субъектiсiн нұсқамада көрсетiлген әрекеттердi жасауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен жүгінеді.
Жоғарыда көрсетілгендей тарифті бекіту туралы бұйрық мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі уәкілетті органның ден қою шараларына жатпайды.
Сонымен қатар, Заңда сот тәртібімен мәжбүрлеп орындатуға тек қана бұзушылықты жою туралы нұсқама жататыны көрсетілген.
Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері сот отырысында тексерілуге жатады.
АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,
судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымын, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 тамыздағы ұйғарымын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.
Судья Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.