ВС РК - Постановление от 17.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2042 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 17 ақпан 6001-22-00-6ап/2042 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып, жауапкер Түркістан қаласының әкімдігінің өкілі – С[...], мүдделі тұлға – Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкімдігіне, Түркістан қаласының әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлғалар Б[...], Түркістан қаласының әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастры бөліміне әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, бұзу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымына мүдделі тұлға Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 маусымдағы ұйғарымымен талап қою арызы кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа қарау үшін жіберілген.

Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сот алқасының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат жолданған.

Талап қоюшы Б[...] сотқа келген жоқ, ал оның өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшы өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер Түркістан қаласының әкімдігінің өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Түркістан қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 3 ақпандағы №585 қаулысымен (бұдан әрі-№585 қаулы) Түркістан қаласы, [...] телімі мекенжайындағы жер учаскесі Б[...] жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген, алайда қаулыда ол адамның әкесінің аты көрсетілмеген.

2021 жылғы 5 наурыздағы Түркістан қаласының әкімдігінің №443 қаулысы (бұдан әрі-№443 қаулы) негізінде мүдделі тұлға Б[...] Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...], көлемі 0,1000 га даулы жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы берілген. Ол жөнінде 2021 жылғы 7 сәуірдегі №382 жалға беру туралы келісім-шарт жасалған.

Талап қоюшы Б[...] №585 қаулысымен жер учаскесі өзіне берілгенін көрсетіп, аталған №443 қаулыны заңсыз деп танып, бұзуды сұраған.

Бірінші сатылы сот талап қоюшыға №443 қаулы туралы 2021 жылғы қараша айында белгілі болған, алайда сотқа талап қоюмен төрт айдан кейін 2022 жылдың 27 сәуірінде жүгінген, яғни талап қоюдың бір айлық мерзімі өтіп кеткен деген негіздермен талапты кері қайтарған.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатылы соттың тұжырымен келіспей, талап қоюшының сотқа талап қою мерзімін қалпына келтіру керек деп есептегені істің мән-жайларына сәйкес келеді.

АПК-нің 451-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Талап қоюшының пікірінше әкім өзіне бұрын берілген жер учаскесін басқа тұлғаға бергенін даулап отыр. Яғни, ол әкімшілік рәсімге қатысушы адам болып танылуы қажет еді. Сондықтан ол өзіне қатысты қабылданған әкімшілік актісіне ӘРПК-тің 136-бабының бірінші бөлігінде көзделген мерзімде дау айтуға құқылы.

ӘРПК-тің 136-бабының бөлігіне сай дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Дауланып отырған әкімнің қаулысы талап қоюшыға табысталмаған немесе ол туралы назарына жеткізілмеген. Яғни талап қоюшының дауланған бұл актіні бір ай ішінде даулауға мүмкіншілігі болмаған.

Істің бұл тұрғысында талап қою арызы негізінен қаралып шешілуі тиіс деген апелляциялық саты сотының тұжырымы негізінен дұрыс болып табылады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өміралиев

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.