Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/841 (Гражданское)

6003-25-00-2к/841

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Д.Д.Махметова, Н.Б.Ормаханов,

талап қоюшы С.М.Шияповтың, оның өкілі А.Ж.Узганбаевтың, жауапкер өкілі Б.Раимовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Саят Маратұлы Шияповтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі» мемлекеттік мекемесіне соманы өндіру және іс-әрекет жасауды міндеттеу туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы С.М.Шияпов сотқа жүгініп, онда жауапкер «Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі» мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі - Мекеме) орташа жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты, 2020-2024 жылдар аралығындағы айырмасы 10 697 800 теңгені өндіріп, денсаулығының зақымдауына байланысты төленетін зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде 2020-2024 жылдар аралығына ұлғайтып төлетуге және төлемді жыл сайын ұлғайтуға міндеттеуді сұраған.

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2022-2024 жылдар аралығындағы инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде 338 234 теңге және өкілдің көмегіне жүмсалған 480 000 теңге шығыны өндірілген. Мекемеге аталған төлемдерді жыл сайын ұлғайтып төлеу міндеті жүктелген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымымен сот шешімінің күші жойылып іс өндірістен тоқтатылған.

Талап қоюшы аталған сот ұйғарымымен келіспей, оның күшін жойып, апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшының және оның өкілінің шағымды қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің сот актісін күшінде қалдыру туралы түсінігін тындап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берген. Себебі АПК-нің 239, 277-баптарын басшылыққа алып, сот шешімінде көрсетілген сомалар индекстеуге жататындықтан, талап қоюшының талабы жалпы талап қою тәртібімен қаралуға жатпайды деп істі өндірістен тоқтатқан. Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымымен төмендегі негіздермен келіспейді.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 31тармағында индекстеу, ақшалай міндеттемені орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту кезеңін қоспағанда, Ұлттық Банктің сот шешiмi орындалатын күнгi базалық мөлшерлемесінің негiзінде шешiм заңды күшiне енген күнінен бастап борышкердің ақшалай мiндеттеменi нақты орындаған күнге дейiнгi кезеңге есептеледi делінген.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 943-бабын, яғни зиянды өндіру туралы тәртіпті басшылыққа алып, талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешуге міндетті.

Ал АПК-нің 239-бабы даусыз жағдайларда, яғни сот өндіріп қойған сомманы уақытылы орындамағанда қолданылатын ерекше іс жүргізумен реттеледі.

Демек, тараптар арасында нақты сомаларды өндіру жөнінде дау туындауына байланысты талап қою мәні бойынша қаралуға жатады.

Ақтау гарнизоны әскери сотының 2019 жылғы 20 маусымдағы шешімімен ай сайынғы төлемдер С.М.Шияповтың зейнет жасына жеткенге дейін өндірілген. Қазіргі таңда ол зейнет жасына жетпеген, демек сот шешімі толығымен орындалмаған. Аталған төлемдер борышкермен уақытылы ай сайын төленуіне байланысты, жауапкер тарапынан ешқандай берешек жоқ. Талап етілген сома бұрын өндірілген зияннан бөлек инфляцияға байланысты қосымша талап болып табылады.

Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымының күші жойылуға, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

Іс құжаттарынан анықталғандай талап қоюшы С.М.Шияпов 2009 жылы 24 сәуірде әскери қызметке шақырылған.

Талап қоюшы әскери қызметін өткеру кезінде алынған жарақатына сәйкес қайта куәландыру мерзімінсіз бірінші топ мүгедек болып танылған.

Ақтау гарнизоны әскери сотының 2019 жылғы 20 маусымдағы шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2019 жылдың 10 ақпанынан бастап, ай сайын денсаулығының зақымдануына байланысты

жоғалған табысы 106 975, 50 теңгеден, зейнет жасына жеткенге дейін, моральдық залал 2 500 000 теңге өндірілген.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкердің кінәсі мен аталған мән жайлар АПК-нің 76-бабына сай қайта дәлелдеуді қажет етпейді.

Сот шешімімен бекітілген сома осы күнге дейін төленіп, мөлшері ұлғаймағандықтан аталған талап қою бірінші сатыдағы сотпен ішінара дұрыс қанағаттандырылған.

Сот шешімінде 283, 943-баптары дұрыс басшылыққа алынып, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 25 сәуірдегі түсіндірме хаты мен сот отырысына қатыстырылған мамандардың түсініктемелері назарға алынып, талап қоюшының денсаулығының зақымдануына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылатындықтан АК-нің 187- бабының 3-тармақшасы қолданылып, тек 2022-2024 жылдар аралығына 338 234 теңге негізді өндірілген.

Жауапкердің талап қоюдың мерзімі өтіп кеткен және өкілдің көмегіне жұмсалған шығын АПК-нің 113-бабына қайшы өндірілген деген уәждері негізсіз. Себебі бірінші сатыдағы сот АК-нің 187- бабының 3-тармақшасы негізінде тек соңғы үш жылға төленетін зиянды өтеу сомаларды және талап қоюшының мүліктік, сондай-ақ мүліктік емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қоюлары бойынша, сот адалдық, әділдік пен парасаттылық өлшемдерін басшылыққа алып, өкілдің көмегіне жұмсалған 480 000 теңге сот шығының дұрыс өндірген.

Талап қоюшының өзіне төленетін сомалардың айырмасы орташа жалақысының мөлшерімен өндірілмеді деген уәжі негізсіз, себебі АК-нің 943бабына сай төленетiн зиянды өтеу сомалар талап қоюшының орташа жалақысының мөлшерімен емес, инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде төленуге жатады.

Сот шешімнің бұл жөніндегі тұжырымы заңды әрі негізді.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымының күші жойылсын.

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г.Джаппарова Д.Махметова

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.