6003-25-00-2к/5413
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 13 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі Қ[...], жауапкер К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Түркістан қаласының әкімінің жауапкер К[...] жер учаскесін мемлекет мұқтады үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне берген наразылығы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
К[...] меншігіндегі Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...], алаңы – 0,0492 га жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік үшін 49 675 862 теңге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Апелляциялық тəртіпте іс қайта қаралмаған.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары наразылығында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы соттың өзге құрамында жаңа қарауға жіберуді сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, наразылықтың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру негізі ретінде 2023 жылғы 30 қазандағы медиациялық келісім шартты бекіту туралы ұйғарымда тараптар жылжымайтын мүліктердің нарықтық құнын 2019 жылға анықтауға келіскендіктен, осы уақытқа мүліктің құнын анықтап, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын мүліктің құны сараптаманың 2025 жылғы 6 мамырдағы №1277/Э/25/13 қосымша қорытындысы негізінде, белгіленуге жатады деген тұжырымға келген. Кассациялық сот, бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымын келесі себептермен негізсіз деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда К[...] Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...], алаңы – 0,0492 шаршы метр, жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік тиесілі. Учаскенің нысаналы мақсаты асхана, қолданбалы өнер бұйымдар дүкені жəне автотұрақ салу.
2023 жылғы 18 тамыздағы №298 Түркістан облысы Түркістан қаласының әкімдігінің «мемлекеттік мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысы қабылданған.
2023 жылғы 8 қарашадағы №Т-2023/175 «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай –ЖШС) бағалау есебіне сәйкес, Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер телімінің бағалау құны 41 967 813 теңгеге бағаланған.
Қаулының негізінде К[...] хабарлама жолданған.
2024 жылғы 9 маусымдағы «НА[...]» ЖШС-нің талдамалық анықтамасына сәйкес, жер учаскесінің құны 8 132 760 теңгеге, ғимараттар мен құрылыстардың құны 41 856 222 теңгеге және 13 706 068 теңгеге, барлығы 63 695 050 теңгеге бағаланған.
Бұдан басқа, К[...] екі сауда павильонын негізсіз бұзып тастағанды дей келе, «Түркістан қаласының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне мемлекет мұқтажы үшін алынған ғимаратты бастапқы қалпына келтіру немесе құнын өтеу туралы әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгініп, іс бойынша тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, жылжымайтын мүліктердің нарықтық құнын 2019 жылға анықтауға келіскен және бұл келісім 2023 жылғы 30 қазандағы Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен бекітілген.
Бірінші сатыдағы сот, сараптама тағайындаған кезде, осы ұйғарымды негізге алып, даулы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын 2019 жылға анықтауды ұйғарған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі-жер кодексі) 84бабының 1-тармағына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабының 25-тармақшасына сəйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығару заңда көзделген айрықша жағдайларда оның тең құны өтелуі шартымен жүргізілуі мүмкін.
Заңның 62-1-бабының 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, тең өтемақы деп басқа жер учаскесін (немесе өзге жылжымайтын мүлікті) беру немесе алынатын жер учаскесі мен ондағы мүліктің нарықтық құнын өтеу жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығару туралы заңнаманы қолдануының кейбір мəселелері туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 нормативтік қаулысының 3,4 жəне 8-тармақтарында сотқа жүгінбестен бұрын жергілікті атқарушы орган меншік иесіне құны тең басқа жер учаскесін ұсынуға міндетті екені түсіндірілген. Бұл талаптың сақталуы жазбаша дəлелдемелермен расталуға тиіс, жəне ол талап қоюды сот өндірісіне қабылдаудың міндетті шарты болып табылады. Сот отырысында жер учаскесін мəжбүрлеп иеліктен шығару туралы талапқа дейін меншік иесіне құны тең басқа жер учаскенің ұсынылмағаны анықталса, сот АПК-ның 189-бабына сəйкес осы мəселе шешілгенге дейін істі қарауды кейінге қалдыруға тиіс.
Заңның 67-бабының 1 жəне 2-тармақтарына сəйкес, меншік иесі мемлекеттен сатып алған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны (залалдарды есепке алмағанда) нарықтық құн мөлшерінде айқындалады.
Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Демек, бірінші сатыдағы сот даулы мүліктің нарықтық құнын 2019 жылғы бағалар бойынша айқындауы негізсіз.
Бұдан бөлек, бірінші сатыдағы сот есептерді бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сəйкестігі тұрғысынан тексермеген.
Қаржы министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы №519 бұйрығымен бекітілген «Жылжымайтын мүліктің құнын бағалау» бағалау стандартының 5, 6-тармақтарына, Құрылыс-тауартану сот сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау жөніндегі əдістеменің (бұдан әрі - әдістеме) 7, 37-тармақтарына сəйкес, нарықтық құнды белгiлеу кiрiстiк, шығындық жəне салыстырмалы тəсілдерге топтастырылған бағалау əдiстерiн қолдану арқылы жүргiзiледi.
Бұл жағдайда бағалау есебінде аналогтар бойынша ақпарат көздеріне тек сілтемелер келтірілген, алайда көрсетілген сілтемелердің барлығы қолжетімсіз. Бұл есептеулердің дұрыстығын жəне түзету коэффициенттерінің қолданылуын тексеруге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты түзету коэффициенттерінің дұрыс қолданылғанын немесе қолданылмағанын бағалау мүмкін емес. Сауда нүктелерінің құнын айқындау кезінде сарапшы шығындық əдісті қолданған. Алайда сараптама объектіні нақты зерттеусіз, тек техникалық
паспорт негізінде жүргізілген. Бұл объектінің нақты жағдайын, ақауларын жəне тозуын ескеруге мүмкіндік бермейді.
Осылайша сот, шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысына тиісті құқықтық баға бермеген.
АПК-нің 13-бабының 1-бөлігінде азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.
Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы АПК-нің 15бабының көзделген.
Бірінші сатыдағы сот істі қарағанда аталған материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын сақтамаған. Сонымен қатар, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.
Сондықтан, жергілікті сот тарапынан жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актісі заңды жəне негізді деп тануға болмайды. Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, сот актісінің күші жойылып, іс жаңа қарауға жіберілуге жатады деп есептейді.
Істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, материалдық жəне процестік құқық нормаларын дұрыс қолданып, істің мəнжайын толық, жан-жақты жəне объективті түрде тексеріп, қажетті шаралар қабылдап, қажет болған жағдайда даулы мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында бағалау есебіне сараптама тағайындап, жиналған дəлелдемелерге сəйкес заңды жəне негізді шешім қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 3) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімінің күші жойылсын.
Азаматтық іс Түркістан қаласының ауданаралық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.