Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/2538 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2538

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 15 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова,

талап қоюшының өкілдері М.Н. Мухашеваның, Ә.Б.Досәлиевтің, жауапкер С.С. Ниязовтың, өкілі Ж.К. Молдахановтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Сапархан Сапаралиевич Ниязовты жеке сот орындаушысы лицензиясынан айыру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі жауапкердің өкілі Ж.К. Молдахановтың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының

2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. С.С.Ниязов Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаментімен жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген 2015 жылғы 12 наурыздағы №1766 мемлекеттік лицензиясынан айырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер мен оның өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілдерін тындап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Жауапкер С.С.Ниязов 2015 жылғы 12 наурыздағы берілген № 1766 лицензия негізінде жеке сот орындаушысы (бұдан әрі- ЖСО) қызметін атқарған.

Іс құжаттарына сәйкес Түркістан облысының Әділет департаментінің (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 15 қаңтардағы бұйрығы негізінде жүргізілген жоспарлы бақылау нәтижесі бойынша ЖСО С.С. Ниязовтың өндірісіндегі атқарушылық істердің ішінде мемлекет пайдасына өндіру санатындағы 126 атқарушылық іс құжаттарынан және әлеуметтік маңызы бар санаты бойынша атқарушылық іс құжаттарынан мәжбүрлеп орындату жөнінде қолданыстағы заңнама талаптарына сай уақтылы әрі тиісті атқарушылық шаралары қолданылмағаны анықталған.

Жоспарлы бақылау нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, онымен жауапкер таныстырылған, жауапкер бақылау нәтижелерін жоққа шығарған жоқ. Керісінше талап қоюшыға берген түсініктемесінде мәжбүрлеп орындату шараларын қолданбағанын растап, алдағы уақытта кемшіліктерді жоюға міндеттелген.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2-бабына сай, осы Заңға сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.

Заңның 144-бабының 2-тармағының 1), 4)-тармақшаларына сай Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру атқарушылық әрекеттер жасау кезінде, оның ішінде мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзған;

бір ай ішінде осы Заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік

маңызы бар санаты бойынша атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайларда уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.

ЖСО С.С. Ниязов Заңның 32-бабының 1-тармағының, 37бабының 4-тармағының, 66-бабының 1-тармағының талаптарын бірнеше рет бұзғаны анықталған. Соның салдарынан мемлекет пайдасына және әлеуметтік маңызы бар алимент өндіру санатындағы атқару құжаттары уақтылы орындалмай, мемлекет және жеке тұлғалардың мүддесіне нұқсан келген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жоспарлы тексеру жүргізу қорытындысында көрсетілген әлеуметтік маңызы бар атқарушылық істер бойынша жауапкер бірнеше айлар және жылдар бойы міндетті мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамағанын ескеріп, жауапкерді лицензиясынан айыруға негіз бар деген тұжырымға келген.

Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымымен толық келіседі.

Заңның 39-бабының 1-тармағы бойынша мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.

Бақылау қорытындысында көрсетілген бірнеше атқару өндірістері бойынша Заңның 39-бабына сәйкес мерзім бұзылғаны іс материалдарымен бекіген. Бұл жағдай жауапкердің бірінші сатыдағы сотқа жолдаған құжаттарынан анықталған.

Алимент өндіру туралы атқарушылық істер бойынша өндіріп алушылардың атқару құжаттарын кері қайтару туралы арыздары тексеру аяқталғаннан кейін жазылғаны іс материалдарынан анықталған. Бұл жағдай жауапкердің бір ай ішінде атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамағанының дәлелі.

Анықталған мән-жайлар ЖСО С.С. Ниязовтың атқарушылық істерің белгіленген мерзімде орындау жөніндегі міндетін тиісінше орындамағанын, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде заңда көзделген барлық қажетті атқарушылық әрекеттерді жасамағанын растайды.

Кассациялық сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып жауапкердің кассациялық шағымында көрсеткен уәждерін негізсіз деп есептейді.

Іс бойынша мән-жайлар толық көлемінде анықталған, оларға бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс құқықтық баға берілген, құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Т. Кадырова

Судьялар А.З. Каирбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.