ВС РК - Постановление от 01.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/756 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 1 қараша 6001-23-00-6ап/756 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Е.Д.Өміралиев болып, талап қоюшы Қ[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Қ[...], Ж[...], Т[...], Қ[...], Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласы әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Шымкент қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 12 шілдедегі №627 қаулысының орындалуын жаңғырту, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды толық рәсімдеуін міндеттеу, кадастрлық №[...] жалпы ауданы 0,2209 га жер учаскесінің жерге орналастыру жобасын жарамсыз деп тану, жер учаскесіне меншік құқығын беретін актілерді жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымдарына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, бірінші сатылы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Басқа талап қоюшылар және мүдделі тұлғалар сотқа келген жоқ, ал жауапкерлер Шымкент қаласы әкімі және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі, мүдделі тұлға С[...] олардың өкілі істі мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сотқа қатысушылардың келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Қ[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда Шымкент қаласы «Нұртас» мөлтек ауданында талап қоюшылар Қ[...] кадастр №[...] алаңы 0,1000 га жер телімі және Ж[...] кадастр №[...] алаңы 0,1000 га және кадастр №[...] алаңы 0,1000 га жер телімдері бар.

2021 жылы 29 сәуірде С[...] сату-сатып алу келісім шарты негізінде К[...] кадастр №[...] (№[...]) алаңы 0,2209 га жер телімін сатып алған. Бұл жер теліміне жерге орналастыру жобасы 2015 жылы 29 маусымда бекітілген.

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талаптармен 2022 жылдың 6 қазанында сотқа жүгінген.

ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйым салынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.

Әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайтын талап қоюшылар әкімшілік актіні даулауға берілген бұл мерзімді дәлелді себептерсіз өткізіп алғаны сотта анықталған.

Сонымен қатар, сот алқасы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2012 жығы 12 қазандағы шешімімен талап қоюшы К[...] жауапкерлер Қ[...] және басқаларға қабаттасқан жер учаскелерін қалпына келтіріп, салынған құрылыстарды бұзуды міндеттеу туралы талап арызы қанағаттандырылғанын да назарға алады.

ӘРПК-нің 136-бабы 8-тармағына сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ж. Ермагамбетова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.