ВС РК - Постановление от 10.04.2025 по делу 6001-25-00-6ап/36 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 10 сәуір 6001-25-00-6ап/36 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Н.Б. Маликовтың,

жауапкердің өкілі А.М. Рақымның,

мүдделі тұлғалар Н.Ж. Мирзагалиева мен С.А. Калиевтің өкілі О.Х.Батырбековтің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Қызылорда облыстық онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Кәсіпорын) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Ішкі аудит департаменті) анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарауға берілген 2024 жылғы 20 ақпандағы №05-13/639 нұсқаманы заңсыз деп тану, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысы мен жеке ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Департаменттің 2024 жылғы 20 ақпандағы №05-13/639 анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша Департаментке қатысты «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) төрағасының назарына жеткізу үшін жеке ұйғарым қабылданған.

Ішкі аудит департаменті кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен және жеке ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлғалар Комитет, «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма), «Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті. Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы Департамент өкілінің кассациялық шағымдарды қолдаған, Кәсіпорын мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық шағымдарға қарсы болған пікірлерін, прокурордың апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері күші жойылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Ішкі аудит департаменті Кәсіпорында 2023 жылғы 6 желтоқсан мен 29 желтоқсан аралығында жоспардан тыс сәйкестік аудитін жүргізген.

Аудитпен қамтылған кезең: 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 31 қазан аралығы.

Аудит нәтижесі бойынша 2024 жылғы 10 қаңтарда №88 аудиторлық есеп (бұдан әрі – Аудиторлық есеп) жасалып, 2024 жылғы 20 ақпанда Кәсіпорынға тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы №0513/639 нұсқама (бұдан әрі –Нұсқама) берген. Нұсқамада барлығы 94 380,5 мың теңге сомасында бұзушылықтар анықталғаны, оның ішінде 30 132,7 мың теңге қалпына келтіруге жататын бұзушылықтар, ал рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 64 247,8 мың теңге екені көрсетілген.

Нұсқамамен келіспеген Кәсіпорын жоғарыдағы талаппен сотқа жүгінген. Талап қою негіздемесі ретінде көрсетілген бұзушылықтардың орын алмағанын, бұрын Сыртқы мемлекеттік аудит органы - Тексеру комиссиясының 2020-2022 жылдарға берген қорытындысымен бұзушылықтар анықталмағанын. Аудит жүргізу тәртібі бұзылғаны, бұзушылықты анықтау заңға сәйкес жүргізілмегені, Кәсіпорын тарапынан ұсынылған дәлелдер негізсіз ескерілмегені жөнінде уәждер келтірген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен Кәсіпорынның талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда Нұсқама жауапкердің өкілеттіліктеріне, сондай-ақ ӘРПК-нің 79-бабымен әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сай келетіні. Еңбекке ақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын дербес айқындайды деген уәждердің негізсіздігі жайлы тұжырым жасаған.

Бұрын тексерілген кезеңнің заңсыз қайта тексерілгені жөніндегі уәждермен де келіспей, тексеру негіздері бөлек екенін, соңғы тексеру жүргізуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент арқылы түскен арыз негіз болғанын көрсеткен.

Бұл тұжырымдармен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдағанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

Әкімшілік рәсімдер ӘРПК-де баяндалған және салалық заңнамада бекітілген қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады. Қағидаттардың бұзылуы олардың сипатына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келеді.

Ішкі аудит Департаменті тарапынан ӘРПК-нің 7,13 - баптарына көзделген заңдылық, сенім құқығын қорғау қағидаттары бұзылған деген апелляциялық саты сотының қорытындысы істегі құжаттарға негізделген.

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру тәртібі, оның ішінде аудиторлық іс-шара жүргізу тәртібі «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі –Заң) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы №392 бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органның ішкі мемлекеттік және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі – №392 Қағида) реттеледі. Заңның 19-бабында, сонымен қатар №392 Қағиданың 48-тармағында басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін тану тәртібі реттелген.

Онда, егер мемлекеттік аудит объектісінде ведомство және оның аумақтық бөлімшелерінің аудиторлық іс-шарасымен мақсаты, нысанасы және аудиторлық іс-шарамен қамтылатын кезең бойынша сәйкес келетін басқа мемлекеттік аудит органының мемлекеттік аудит жүргізу фактісі анықталса, онда мемлекеттік аудитор мемлекеттік аудит нәтижелерін тану рәсімін Заңның 19-бабының талаптарына және мемлекеттік аудит нәтижелерін тану жөнінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы» 2016 жылғы 31 наурыздағы №5-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарына сәйкес жүзеге асыратыны көрсетілген.

Бұл нормативтік қаулыда мемлекеттік аудит нәтижелерін тану кезінде басқа мемлекеттік аудит органдары жүргізген мемлекеттік аудит материалдары негізге алына отырып, мемлекеттік аудит көлемі қысқартылады,мемлекеттік аудит нәтижелерін тану туралы шешім мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу нәтижелері туралы және (немесе) аудиторлық есеп туралы ақпаратта көрсетілетіні жазылған. Ал мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау кезінде танылмаған жағдайларда осы Рәсімдік стандартқа қосымшаға сәйкес нысан бойынша сараптамалық қорытынды жасалатыны,аудиторлық іс-шараға жауапты құрылымдық бөлімше мемлекеттік аудит объектісін мемлекеттік аудит нәтижелерін танымағаны туралы хабардар ететіні, сондай-ақ тиісті ақпаратты Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға белгіленген тәртіппен енгізетіні көрсетілген.

Ішкі аудит жүргізілген кезеңнің бір бөлігі (2021-2022 жылдар) бұған дейін Сыртқы мемлекеттік аудит органы - Тексеру комиссиясының 2023 жылғы 29 мамырдағы аудиторлық есебінде қамтылып, кәсіпорын қызметкерлеріне айлықақы, өтемақы мен сыйақы төлеу бойынша бұзушылық анықталмағанын көрсеткен.

Жоғарыда көрсетілгендей, мұндай жағдайда жауапкер мемлекеттік аудит нәтижелерін таныған болса, тану туралы шешім қабылдап, бұрынғы тексеру материалдарын негізге алып, аудит көлемін қысқартуы тиіс болған. Ал, егер бұрынғы тексеру нәтижелерін танымаған жағдайда, тиісті нысан бойынша сараптамалық қорытынды жасап, тиісті ақпаратты Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға белгіленген тәртіппен енгізуі тиіс болған. Сараптамалық қорытынды мемлекеттік аудит материалдарына қоса тіркеледі және Аудит нәтижелері туралы ақпараттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл талаптарды Ішкі аудит Департаменті сақтамай, Заң мен Қағида талаптарын бұзған.

Аталған заң бұзушылық дауланып отырған Нұсқаманы толық көлемде заңсыз деп тануға дербес негіз болады.

ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 1 ақпандағы №113 бұйрығымен бекітілген сәйкестік аудитіне қатысты рәсімдік Стандарт талаптарының бұзылғандығы, аудиторлық есеп пен Нұсқаманың жоғарыдағы талаптарға сай келмейтіні, олардың негізсіздігі жөніндегі, басқа да негіздемелері апелляциялық сот алқасының сот актісінде егжей-тегжейлі көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

Мүделлі тұлға С.А.Калиевтің кассациялық саты сотына қатысу үшін өкілдің көмегіне жұмсаған шығыстары 350 000 теңгені өндіріп алу туралы өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады. Өтінішхаттағы уәждер оған қоса берілген құжаттармен расталады. АПК-нің 108-бабының 7) тармақшасына сәйкес іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары жатады.

Осы кодекстің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысы мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен мүдделі тұлға Султан Акимжанович Калиевтің пайдасына 350 000 (үш жүз елу мың) теңге өкілдің көмегіне төлеген сот шығыстары өндірілсін.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.