№6001-24-00-6ап/2342 №6001-24-00-6ап/2342 (2) №6001-24-00-6ап/2342 (3) №6001-24-00-6ап/2342 (4) №6001-24-00-6ап/2342 (5)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 28 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,
талап қоюшының өкілдері Е.А.Алпысбаевтың, Е.С.Төлегеннің,
жауапкерлердің өкілдері И.Жақсыгельдинованың, А.Ж.Смагулованың, А.Т.Кабдылкадировтың, А.Қ.Азимбектің,
мүдделі тұлғалардың өкілдері Д.К.Жакипованың, Г.Т.Жиенбаеваның, Б.К.Оспановтың қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Корпорация «Силур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Алматы облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Алматы облысы бойынша Департаменті), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Қостанай облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма), «Бәйдібек ауданы әкімдігінің «Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне электронды депозитарийдағы өнім берушілердің өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесі бөлігінде қабылданатынын растау жөніндегі шешімдерді, мемлекеттік сатып алудың қорытынды хаттамаларын заңсыз деп танып күшін жою, әлеуеттік өнім берушілерді шеттете отырып мемлекеттік сатып алудың қорытынды хаттамасын қайта қарауды міндеттеу, келісім шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысына, 2024 жылғы 10 шілдедегі ұйғарымына жауапкерлер Алматы облысы бойынша Департаментінің, Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің, мүдделі тұлғалар «Ремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Торлан Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Алматы облысы бойынша Департаментінің «Ремстрой» ЖШС-нің «Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Иркөл елді мекенінде тұрғын үй учаскелерінің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желісін салу» туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде қабылданған растау жөніндегі №3571830 санды 2023 жылғы 28 ақпандағы шешімі заңсыз деп танылып күші жойылған;
Алматы облысы бойынша Департаментінің «Ремстрой» ЖШС-нің «Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Дүр Оңғар елді мекенінде тұрғын үй учаскелерінің шекарасына дейін су құбырын тарту жеткізу желісін салу» туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде қабылданған растау жөніндегі №3571821 санды 2023 жылғы 28 ақпандағы шешімі заңсыз деп танылып күші жойылған;
Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің «Торлан - Құрылыс» ЖШС-нің «Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тайманұлы көшесі бұрышынан 3-Коксай көшесімен Кржижановский көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектірінің құрылысы»» туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде қабылданған растау жөніндегі №3371370 санды 2022 жылғы 25 наурыздағы шешімі заңсыз деп танылып күші жойылған;
Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілген «Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, «Ақбастау» елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру» конкурсы бойынша мемлекеттік сатып алудың 2024 жылғы 27 наурыздағы №11247259-КРБС2 санды қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып күші жойылған;
Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілген «Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, «Алғабас» елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету» конкурсы бойынша мемлекеттік сатып алудың 2024 жылғы 28 наурыздағы №11250182-КРБС2 санды қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып күші жойылған;
Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілген «Түркістан облысы, Келес ауданы, Жүзімдік ауылдық округі, «Оңтүстік» елді мекенінде сумен жабдықтау құрылысы» конкурсы бойынша мемлекеттік сатып алудың 2024 жылғы 16 сәуірдегі №11281827-КРБС2 санды қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылып күші жойылған;
Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілген 2024 жылғы 28 наурыздағы №11250182-КРБС2 санды, 2024 жылғы 16 сәуірдегі №11281827-КРБС2 санды, 2024 жылғы 27 наурыздағы №11247259КРБС2 санды қорытынды хаттамалары күші жойылғандықтан осыдан туындайтын барлық заңды салдарлар туралы шешім қабылданып, «Ремстрой» ЖШС-гі мен «Бәйдібек ауданы әкімдігінің «Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің арасында түзілген 2024 жылғы 25 сәуірдегі №240013 санды келісім-шарт жарамсыз деп танылған; Мемлекеттік сатып алу басқармасы мемлекеттік сатып алудың қорытынды хаттамаларын қайта қарау жұмысын ұйымдастыруға міндеттелген.
Қалған бөлігінде талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Осы соттың 2024 жығы 4 маусымдағы жеке ұйғарымымен «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы» басшысы және қызметкерлері тарапынан мекемеде сақтауда тұрған сәйкестік туралы декларациядағы мәліметтерді бұрмалауға жол берулері бойынша «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне және «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшылығына хабарланған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2024 жылғы 10 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот шешімі дереу орындауға жолданған.
Арызданушылар кассациялық шағымдарда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысымен дереу орындауға жолдау туралы ұйғарымның күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады. Сот алқасы кассациялық шағымдар бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге жергілікті соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Басқармамен мемлекеттік сатып алу веб – порталында рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен су құбыры желісінің құрылысы бойынша 3 конкурс өткізілген.
Осы 3 конкурс бойынша - 2024 жылғы 27 наурызда №11247259-КРБС2, 2024 жылғы 28 наурызда №11250182-КРБС2, 2024 жылғы 16 сәуірде №11281827-КРБС2 жасақталған қорытындылар туралы хаттамалар бойынша мемлекеттік сатып алу веб-порталымен «Ремстрой» ЖШС жеңімпаз деп, екінші орын алған әлеуетті өнім беруші деп «Торлан Құрылыс» ЖШС танылған, талап қоюшы 9% шартты жеңілдік мөлшерімен үшінші орын алған.
Талап қоюшының тарапынан Басқармаға жеңімпаз атанған «Ремстрой» ЖШС-нің конкурсқа қатысуға өтінімдерінде қамтылған 2016-2021 жылдар аралығындағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарды тексеру бойынша арыз түскен.
Басқармамен «Ремстрой» ЖШС-нің конкурсқа қатысуға өтінімдерінде қамтылған жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттары бойынша анық не анық емес ақпарат ұсынғандығын анықтау мақсатында тапсырыс беруші болып табылатын «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнына 2024 жылдың 9 сәуірінде сұраныс хат жолданған.
«Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының 2024 жылғы 12 сәуірде Басқармаға берген ақпаратында Иіркөл су құбыры құрылысы және Дүр Оңғар су құбыры құрылысы нысандарын қабылдау актілерінде және сәйкестік туралы декларацияларында қосалқы мердігер ретінде «Ремстрой» ЖШС-гі тартылғаны туралы ақпараттың жоқ екені және сәйкестік туралы декларацияларына сәйкес объектілердің құрылысына қосалқы мердігерлік ұйымдар тартылмағаны көрсетілген.
Бірақ, Алматы облысы бойынша Департаментінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №3571830 шешімімен «Ремстрой» ЖШС-нің Иіркөл су құбыры құрылысы жұмыс тәжірибесі бөлігінде, Алматы облысы бойынша Департаментінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №3571821 шешімімен Дүр Оңғар су құбыры құрылысы туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде қабылданғаны расталған.
Тапсырыс беруші «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-гі мен мердігер «Торлан Құрылыс» ЖШС-гі арасындағы келісім шарт бойынша бас мердігер «Торлан Құрылыс» ЖШС-мен келесі жұмыстар атқарылған: «Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Уалиханов көшесіндегі диаметрі 200 мм кәріз желісін салу», «Шымкент қаласы, Кржижановский көшесінен Жангельдин көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектрінің құрылысы», «Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 3-Коксай көшесі мен Тайманұлы көшесінің қиылысынан Кржижановский көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектрінің құрылысы» нысандарының жұмыстары аяқталып, меншік иесінің объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісі жасақталған.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің 2022 жылғы 25 наурыздағы №3371370 шешімімен «Торлан Құрылыс» ЖШС-нің 2015 жылғы 30 қыркүйектегі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тайманұлы көшесі бұрышынан 3-Коксай көшесімен Кржижановский көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектрінің құрылысы» туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде; Ақтөбе облысы бойынша Департаментінің 2022 жылғы 13 шілдедегі №3368952 шешімімен «Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Шоқан Уалиханов көшесіндегі диаметрі 200 мм кәріз желісін салу» туралы жұмыс тәжірибесі бөлігінде, Қостанай облысы бойынша Департаментінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №3368891 шешімімен «Шымкент қаласы, Кржижановский көшесінен Жангельдин көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектрінің құрылысы» туралы жұмыс тәжірибелері бөлігінде қабылданғаны расталған.
Талап қоюшы талап қою арызында «Ремстрой» ЖШС-нің конкурсқа қатысуға берген өтініміндегі 2017 жылғы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттары бойынша анық емес ақпарат ұсынғандығын көрсеткен.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, келесі тұжырымдарға келген.
Электронды депозитаридегі сәйкестік туралы декларацияда Иіркөл су және Дүр Оңғар су құбылары құрылысында «Ремстрой» ЖШС-гі қосымша мердігерлер ретінде тартылғаны көрсетілген.
Даулы Иіркөл және Дүр Оңғар су құбыры құрылыстары нысанының аяқталған құрылысты қабылдау актісіне тапсырыс беруші «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны, ал бас мердігер «Акмешіт-Мелиоратор» ЖШС-гі, техникалық қадағалаушы және авторлық қадағалаушы мекемелері қол қойған, ал бұл құжат қол қойғандардың арасында «Ремстрой» ЖШС-гі көрсетілмеген. Тапсырыс беруші мен мердігер – «Акмешіт-Мелиоратор» ЖШС-гі қол қойған объектіні қабылдау актісінде қосалқы мердігер ретінде «Ремстрой» ЖШС-гі көрсетілмеген, яғни «Ремстрой» ЖШС-гі бұл жұмыстарды жүргізбегенін көрсеткен.
Яғни, «Ремстрой» ЖШС-гі 2017 жылы қосалқы мердігер ретінде жұмыс атқармаған.
Сондықтан, Алматы облысы бойынша Департаментінің шешімдері заңсыз екендігі туралы тұжырым негізді болып саналады.
Сонымен қатар, «Торлан Құрылыс» ЖШС-нің 2015 жылғы 30 қыркүйектегі «Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тайманұлы көшесі бұрышынан 3-Коксай көшесімен Кржижановский көшесіне дейінгі №2 кәріз коллектірінің құрылысы» бойынша жасақталған «Меншік иесінің объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісі» нысанға сәйкес жасақталмаған, өйткені аталған қабылдау актісінде техникалық қадағалау, авторлық қадағалау мекемелерінің қолы жоқ.
Себебі аталған Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне тапсырыс беруші, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау, мердігер (бас мердігер) тексеріп, қол қоюы шарт екені көрсетілген. Бұл жағдайда, соттар Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментінің шешімін заңсыз деп танып, күші жойылуға жататыны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған.
Мұндай жағдайда, соттар жоғарыда көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі туралы енгізілген мәліметтердің күші жойылғандықтан, конкурстың жеңімпазы «Ремстрой» ЖШС-гі мен екінші орындағы «Торлан Құрылыс» ЖШС-нің шартты жеңілдік мөлшерлері кемітілетіндіктен, мемлекеттік сатып алудың қорытындылар туралы хаттамалары заңсыз екендігі негізді.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімін жүргізу үшін конкурсқа қатысушылардың тең мүмкіндіктері керек және әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік болуы керек, осыған орай жауапкерлер тарапынан мөлшерлестік қағидасы сақталмай қабылданған шешімдер заңды бола алмайды.
Бұл жағдайда соттар рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен өткізілген даулы конкурстары бойынша мемлекеттік сатып алудың қорытынды хаттамаларын заңсыз деп танып күшін жою жөнінде дұрыс шешім қабылдаған деп сот алқасы санайды.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы Басқарманың сот шешімін дереу орындауға жолдау туралы арызын қанағаттандырып, бірінші сатыдағы шешімін дереу орындауға жолдап, сот актісін дереу орындауға жіберу әкімшілік процеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін бұзбайды деп дұрыс көрсеткен.
Кассациялық шағымдар өздерінің мазмұндары мен мәндері пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысы, 2024 жылғы 10 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Арызданушылардың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.