Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1571 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 21 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің, аудармашы С.М.Кенесовтың,

талап қоюшы өкілі Н.В.Отчиктің, жауапкер Ю.Н.Пэдурецтің, оның өкілі О.И.Сермягинаның қатысуларымен,

бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Юрий Николаевич Пэдурецке өтемақы төлеу мен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі тараптардың Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкерге 26 276 566 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төленіп, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы Биші қайың тұйық көшесі, 25А үй, мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі 21-318-029-766, жалпы ауданы 0,0956 жер учаскесін және онда тұрған жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Өтемақы төленгеннен кейін жауапкер Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың тұйық көшесі, 25А үй, мекенжайында орналасқан кадастрлық №21-318-029-766, жалпы ауданы 0,0956 жер учаскесінен және онда орналасқан жылжымайтын мүліктен шығаруға шешім етілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот шешімінде негізге алынған сот сараптамасымен келіспейтіндігін көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, төленетін өтемақыны 20 204 753 теңгеге дейін азайтуды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін тек жалпы көлемі 0,0063 га болатын жер учаскесі оның иелігінен мәжбүрлеп алынуы

қажет екенін, соған байланысты тиісінше өтемақы 2 214 821 теңге мөлшерінде төленуге жататынын көрсетіп, сот актілерін өзгертуді сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін және прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 510-2763, 2024 жылғы 19 ақпандағы № 510-440 қаулыларына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың көшесі, Шара Жиенқұлова көшесінен Асан қайғы көшесіне дейін жалпы алаңы 1,5387 га жер учаскесі "Көше" объектісін іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жататыны анықталған.

Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің шекараларына жауапкер Ю.Н.Пэдурецке 2007 жылғы 20 ақпандағы Астана қаласы, «Алматы» ауданы бойынша мүлкті жария ету комиссиясының шешімі, 2008 жылғы 24 шілдедегі Астана қаласы, Алматы ауданы сотының шешімі негізінде меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Биші қайың тұйық көшесі, №25А үй, кадастрлық нөмірі 21-324-029-766 жер учаскесі және ол жерде орналасқан жылжымайтын мүлік (бұдан әрі - Объект) енеді.

Талап қоюшы мемлекет мұқтажы үшін алынатын Объект үшін «Дом Оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) 2024 жылғы 29 мамырдағы №0231/24-ASTANA мүлікті бағалау есебімен анықталған 20 204 753 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны жауапкер Ю.Н.Пэдурецкеге ұсынған.

Жауапкер бұл өтемақы мөлшерімен келіспеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабы, 2-тармағы, 5)-тармақшасына сәйкес, жер учаскесiн алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығару жағдайын қоспағанда мүлiктi меншiк иесiнен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабында жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны

өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылатыны қарастырылған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 67бабы 2-тармағында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны көзделген.

«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің сот сарапшысының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №С.150-12.24 санды қорытындысымен Объектінің нарықтық құны 26 276 566 теңгені құрайтыны анықталған.

Бірінші сатыдағы соттың шешімі қабылданғаннан кейін жауапкер өз бастамасымен «Infinity» OSD ЖШС-не Объектіні бағалауды тапсырған.

«Infinity» OSD ЖШС-нің 2025 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша бағалау туралы есебімен Объектінің нарықтық құны 39 610 000 теңгені құраған.

Жауапкер апелляциялық шағымында сот шешімін өзгертіп, өтемақыны 39 610 000 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған болатын.

Апелляциялық сот жауапкердің бұл бағалау туралы есебі сот шешімі шығарылғаннан соң ұсынылғандықтан, оны дәлелдеме ретінде дұрыс қабылдамаған.

Жергілікті соттар «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің сот сарапшысының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №С.150-12.24 санды қорытындысын негізге ала отырып оны іске қатысты, жарамды дәлелдеме деп тапқан. Өйткені, бұл қорытынды жауапкердің мүлкінің және ондағы көпжылдық екпелердің нарықтық құны қамтыған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Сот сараптамасында жауапкердің үйін қарау кезінде оның пайдаланылмай тұрғаны, үй мен оған тіркеле соғылған құрылыс зақымдау белгілерімен сыни сипатта болғаны ескерілген. Сонымен қатар, сот ұйғарымымен сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Объектінің нарықтық құны ретінде 26 276 566 теңге өтемақы өндіру туралы тұжырымы дұрыс.

Апелляциялық сотта жауапкердің оның учаскесінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін құжаттар жасалмаған деген уәжін қоюшы өкілі жоққа шығарған.

Талап қоюшы өкілінің сотқа ұсынған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысында "Нұр-Сұлтан қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту Басқармасы" мемлекеттік мекемесіне үш жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, "Байқоңыр" аудан Биші Қайын көшесі, Шара Жиенқұлова көшесінен Асан қайғы көшесіне дейінгі учаскедегі "Көше" жобалық жұмыстары мекенжайы бойынша орналасқан ауданы 1,5387 га жер учаскесінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілгені қарастырылған.

Сондай-ақ, талап қоюшы өкілі ұсынған жер учаскелерін бөлу схемасында жауапкердің жер учаскесінің бір бөлігі жобалық көшенің шекарасына түсетіні анықталған және бұл жер учаскесі бөлінбейтін болғандықтан, бүкіл учаске алып қоюға жататыны қосымша түсіндірілген.

Тараптардың кассациялық шағымдарында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымдарда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Тараптардың іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Тараптардың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.