ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/953 (Административное)

6001-24-00-6ап/953

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Кузенбаева Жанат Кузенбаевнаның жауапкер мемлекеттік сот орындаушы Абдуллаев Ерлан Кобейсинулына 27 желтоқсан 2023 жылғы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулысының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ақтау қаласының әкімішілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен талап қоюшы Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 319-бабымен кінәлі деп танылып, заңсыз тұрғызылған Ақтау қаласы, «Шығыс-2» шағын ауданындағы кадастрлық белгісі №13-200-034-2615 санды жер учаскесінде салынған коммерциялық нысанның құрылысының көрші жер теліміне өтіп кеткен барлығы 18,76 шаршы метрін мәжбүрлеп бұзу, 103 500 теңге әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылған.

Сот орындаушы Ғ.Е.Нармуханбетовтың 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Мемлекеттік сот орындаушы Е.К.Абдуллаев 2023 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді өз өндірісіне қабылдаған.

Талап қоюшы Ақтау қалалық №2 сотына осы іске қатысты азаматтық тәртіппен талап арызбен жүгінуіне байланысты, сотпен атқарушылық іс жүргізу материалдарын жолдау туралы сұраныс түскен.

Жауапкер 27 желтоқсан 2023 жылы атқарушылық іс жүргізу құжаттарын Ақтау қаласының №2 сотына жолдап, сол күнмен дауланып отырған қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.

Заңның 42-бабының 13-тармағына сай, сот орындаушы сотпен атқарушылық іс құжаттарын сұратқан жағдайда, іс өндірісі тоқтатылатыны көрсетілген.

Осылайша, аталған заң нормасы императивті және атқарушылық іс құжаттар сотпен сұратылған жағдайда, сот орындаушы іс өндірісін тоқтатуға міндетті.

Сәйкесінше, аталған шешімді қайта қарауға негіздер жоқ.

Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев

Судьялар

Е.Д.Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.