ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-4к/1875 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшы Т.Е. Култаевтың, жауапкердің өкілі Е.Р. Жуматаевтың, мүдделі тұлға А.И. Сатымбековтың қатысуларымен,
анық сот отырысында талап қоюшы «Дары природы» өндiрiстiк кооперативінің (бұдан әрі – ӨК) басшысы Толенбай Ералыұлы Култаевтың жауапкерлер Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкіміне, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Сарыағаш қаласының әкіміне, «Сарыағаш аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына (бұдан әрі – Корпорация) қатысты 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімді заңды деп танып, 2024 жылдың 4 наурызындағы №97 шешімді заңсыз деп танып, күшін жою, 2024 жылғы 3 тамыздағы жауап хаты негізінде іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, оны 2024 жылғы 4 наурыздағы №97 шешімнің заңсыздығымен негіздеген.
МАӘС-тің 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында және оған енгізілген толықтыруларда сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімінің өкілінен істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш келіп түскен.
Бірінші және апелляциялық сатыларда іске қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және өткізу форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеді және келмеу себептері жөнінде сотқа хабарламаған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерге баға беріп, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол берген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Е.Б. Алпысбаев 1992 жылғы 24 маусымдағы жекешелендіру туралы шарттың негізінде Космодемьянская көшесіндегі (қазіргі – Дүйсебаев көшесі) №2 үйдің меншік иесі болған.
Кейіннен аталған үй 1994 жылғы 9 сәуірдегі сыйға тарту шартының негізінде Ж. Сенгирбаевқа берілген.
Сарыағаш ауданы әкімінің 1999 жылғы 14 сәуірдегі №89 шешімімен Ж. Сенгирбаевқа жалпы ауданы 1000 шаршы метр, кадастрлық нөмірі 19306-004-099 жер учаскесіне меншік құқығы беріліп, жер учаскесіне акт берілген.
1999 жылғы 9 шілдеде Ж. Сенгирбаев үй мен жер учаскесін Т. Коскараеваның пайдасына меншік құқығын иеліктен шығарған.
Сарыағаш ауданы әкімінің 1999 жылғы 14 сәуірдегі №89 шешімі, жер учаскесіне берілген мемлекеттік акт және 1999 жылғы 9 шілдедегі шарт сот тәртібімен дауланған, алайда Сарыағаш аудандық сотының 2021 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен «Түркістан облысы Жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Аталған сот шешімі аясында әкімнің №89 шешімін қабылдау кезінде құқық бұзушылықтардың болмағаны анықталып, талап қоюшының уәждері расталмаған, ал Т. Коскараева адал алушы ретінде танылған. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы әкімінің 1995 жылғы 18 сәуірдегі №155 санды қаулысына сәйкес, «Дары природы» ӨК-ге жер учаскесі уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен берілген.
Кейіннен «Дары природы» ӨК Т. Қоскараева мен Сарыағаш қаласының әкіміне қарсы сотқа жүгініп, Т.Коскараева тұрғызған қоршауды мәжбүрлеп бұзу туралы талап қойып, өзінің уәждерін жер учаскесін заңсыз иеленген деп негіздеген.
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 27 маусымдағы заңды күшіне енген шешімімен «Дары природы» ӨК-нің талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған шешіммен «Дары природы» ӨК мен Т. Коскараеваға тиесілі жер учаскелерінің қабаттасуының болмауы анықталып, талап қоюшының құқықтары бұзылмағаны белгіленген.
Сарыағаш қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімімен 1999 жылғы 14 сәуірдегі №89 шешіміне өзгерістер енгізіліп, Ж. Сенгирбаевқа берілген жер учаскесінің көлемі 1000 шаршы метрден 600 шаршы метрге дейін азайтылған.
Дауланып отырған 2024 жылғы 4 наурыздағы №97 шешіммен Сарыағаш қаласы әкімінің жоғарыда көрсетілген 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімінің күші жойылған.
Төмен тұрған соттар істі қарау барысында және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешіммен жер учаскесінің көлемін азайтуға негіз болмағанын, сондай-ақ әкімнің мұндай өкілеттігі болмағанын негізге алған, осыған байланысты аталған шешімнің күшін жою заңды деген тұжырымға келген.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 37-бабының 3, 8-тармақтарына сәйкес, әкiм нормативтiк-құқықтық сипаттағы шешiмдер және әкiмшiлiк-басқарушылық, жедел және дербес сипаттағы мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
Қазақстан Республикасының Үкiметi, жоғары тұрған әкiмдік және (немесе) әкiм, әкiмдіктің және (немесе) әкiмнiң өзi, сондай-ақ соттың шешiмi әкiмдік және (немесе) әкiм актiлерi қолданылуын жоюы не толық немесе iшiнара тоқтата тұруы мүмкiн.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, сол бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушыларының) меншік құқығының туындағаны, сондай-ақ аралас жер учаскелері шекарасының бұзылғаны туралы дауды шешкен кезде соттар Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алу керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда тараптардың әрқайсысында жерге құқықтардың туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Соттар атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі немесе оның күшін жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған кезден бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түрінде жер пайдалану құқығына ие болады, сондықтан, құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі мүмкін.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын туралы тұжырымға келеді, төмен тұрған соттардың негізге алған мән-жайлар талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындыларының дұрыстығын көрсетеді.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Т. Коскараева 1999 жылғы 9 шілдеде заңда белгіленген тәртіппен Ж. Сенгирбаевтан тұрғын үй мен жер учаскесін сатып алған.
Бұған дейін Т. Коскараева мен Ж. Сенгирбаевтың аталған құқықтары, соның ішінде жер учаскесінің көлеміне қатысты құқықтары да сот тәртібімен дауланған. Сарыағаш аудандық сотының 2021 жылғы 20 қаңтардағы және 2023 жылғы 27 маусымдағы заңды күшіне енген шешімдерімен Басқарманың және «Дары природы» ӨК-нің талаптары қанағаттандырусыз қалдырылған, 1999 жылғы 14 сәуірдегі №89 әкімнің шешімі мен 1999 жылғы 9 шілдедегі шарттың 1000 шаршы метр жер учаскесін беру бөлігінде заңды деп танылған, бұзушылықтар анықталмаған. Талап қоюшының уәждері расталмаған, ал Т. Коскараева адал сатып алушы ретінде танылған.
Заңды күшіне енген сот шешімі АПК-нің 76-бабының екінші бөлігіне сәйкес преюдициялық мәнге ие, іс үшін маңызы бар мән-жайларды және дәлелдемесіз анықталатын нақты деректерді белгілеу кезінде кез келген сот үшін міндетті болып табылады.
Алайда, анықталған мән-жайларға қарамастан, Сарыағаш қаласының әкімі 2024 жылғы 23 ақпанда №74 шешім қабылдап, бұған дейін Ж. Сенгирбаевқа берілген жер учаскесінің аумағын 1000 шаршы метрден 600 шаршы метрге дейін қысқартқан.
Сонымен қатар, жер учаскесінің аумағын қысқарту негізіне алынған 2023 жылғы 27 маусымдағы сот шешімі мен 2023 жылғы 8 қарашадағы апелляциялық алқаның қаулысында жер учаскесінің аумағын азайту қажеттігі туралы ешқандай қорытынды не нұсқау жоқ. Аталған мәселелер даудың мәні болмаған және даулауға жатпаған. Керісінше, осы сот актілерінде жүргізілген тексеру барысында Т. Коскараева мен «Дары природы» ӨК-не тиесілі жер учаскелерінің қабаттасуы анықталмағаны, соңғысының құқықтары бұзылмағаны көрсетілген.
Сондай-ақ, әкімнің 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімінің негізіне алынған басқа да құжаттар (Корпорацияның хаттары, полицияның ұсынуы, 1992 жылғы 24 маусым мен 13 қазандағы сатып алу-сату шарттары, Т.Е. Култаевтың өтініші) мұндай негіздемелерді қамтымайды және 1000 шаршы метр аумақтағы жер учаскесінің заңсыз берілгенін растамайды.
Осыған байланысты, аудан әкімі заңды негіздермен 2024 жылғы 4 наурыздағы №97 шешімді қабылдап, бұған дейін қабылданған 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімнің күшін негізді түрде жойған.
Қаралып отырған жағдайда 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімді жою үшін жеткілікті құқықтық негіздер болған, жауапкер әкім Заңның 37бабының 8-тармағына сәйкес бұрын қабылданған шешімді жою құқығын заңды түрде пайдаланған. Жеке меншікке берілген жер учаскесінің көлемін өзгертуге жол берілмеуі де Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 2-бабының 1-тармағында бекітілген меншiкке қол сұқпаушылық қағидатынан туындайды.
Мемлекеттік органдардың жеке меншік иесінің меншігін тоқтатуға бағытталған әрекеттері тек заңда көзделген шеңберде және тәртіпте жүзеге асырылады.
Бұл ретте заңда белгіленген рәсімдерді сақтамай, соның ішінде жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою тәртібін бұза отырып, мемлекеттік органның актісімен меншіктен немесе оның бір бөлігінен айыруға жол берілмейді.
Сондықтан әкімнің 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімін қабылдау кезінде Ж. Сенгирбаевқа тиесілі 400 шаршы метр жер учаскесіне меншік құқығын тоқтату және азайту жөнінде өкілеттігі болмаған. Сенгирбаев Ж. өз құқығын іске асырып, жер учаскесіне құқық белгілейтін және құқықты растайтын құжаттарды алған, кейін оны Т.А. Коскараеваға сатқан. Т.А. Коскараева өз кезегінде заңда белгіленген тәртіппен меншік құқығын рәсімдеген. Аталған мән-жайлар бұған дейін соттардың қарауына беріліп, Т.А. Коскараеваның жер учаскесіне қатысты талаптары негізсіз деп танылған.
Осылайша, 2024 жылғы 23 ақпандағы №74 шешімді заңды деп тану және 2024 жылғы 4 наурыздағы №97 шешімді заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызды қанағаттандыруға сотта негіз болмаған. Талап қоюшының келтірген уәждері төмен тұрған соттардың қорытындыларын жоққа шығармайды.
Кассациялық шағымның бұл бөлігі бойынша келтірілген уәждер өз мазмұны, мәні мен мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда айтылған уәждермен бірдей. Бұл уәждер төмен тұрған соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген. Материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, сондықтан кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерін осы бөлігінде күшін жоюға негіз таппайды.
Алайда, кассациялық соттың тұжырымы бойынша, талап қоюшының әкімге қатысты берген талап қоюының 2024 жылғы 3 тамыздағы жауап хаты негізінде іс-әрекетті заңсыз деп тану бөлігі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, төмен тұрған соттардың сот актілерінің күші жоюлуға жатып, талап қоюдың осы бөлігі ӘРПК-нің 138бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде келесі негіздермен қайтарылуға жатады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сай: 4) әкімшілік акт – жарияқұқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім; 5) әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі). Бұл ретте, дау нысанасы болып әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ өзге түрде оның жағдайын нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) табылады.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Қаралып отырған жағдайда жауапкердің 2024 жылғы 13 тамыздағы №360 жауабын беру жөніндегі дауланып отырған әрекеті талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Аталған жауапта жауапкер талап қоюшыға оның бұрын жолдаған өтініші қаралғаны және ол бойынша жауап берілгені жөнінде хабарлаған. Бұл хат өз алдына дербес құжат ретінде әкімшілік актінің өлшемдері мен ұғымына толық көлемде сай келмейді және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім болып табылмайды. Мұндай сипаттағы жауаптар әкімшілік сот ісін жүргізу аясында дербес сот бақылауына жатпайды және хабарлама сипатында болады.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 6), 8) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің 2024 жылғы 13 тамыздағы жауап бойынша ісәрекеттерді заңсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте талап қою қайтарылсын.
Сот актілері қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.