ВС РК - Постановление от 27.08.2020 по делу 6001-20-00-6кп/42 (Об административном правонарушении)

6кп-42-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 27 тамыз Нұр-Сұлтан

қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,

судьялар Ж. Ермағамбетова, М. Балкен,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға П[...],

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен

П[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 207-бабының 8-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің (бұдан әрі - Департамент) 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 494 қаулысымен П[...] ӘҚБтК-нің 207-бабының 8-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 105 250 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынған.

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен аталған уәкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.

Ұсынуды қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға П[...] пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Департаменттің өкілі Б[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай негіздер бар. Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес Департаментің тапсырмасымен 2017 жылғы 14 сәуірде өткізілген «Шаруашылық инвентар жеткізіп беру және орнату» № 1496839-1 электронды мемлекеттік сатып алу конкурсының мемлекеттік сатып алу заңнамаларының талаптарына сәйкестігіне аудит жүргізіліп, 2017 жылғы 23 мамырда № 118 аудиторлық есеп ресімделген.

Департамент аудит барысында анықталған құқықбұзушылық фактісі бойынша ӘҚБтК-нің 207-бабының 8-бөлігімен комиссия мүшесі ретінде П[...] 2017 жылғы 21 шілдеде 27 лот бойынша, барлығы 27 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларды толтырып, 2017 жылғы 6 қыркүйектегі қаулымен әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

ӘҚБтК-нің 62-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қаржы саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатады, бiрақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.

Кассациялық сот инстанциясы шығарылған сот қаулыларын қайта қарау кезінде құқық бұзушының ӘҚБтК-нің 62-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолдану мерзімі өткеннен кейін, яғни құқық бұзушылық анықталған күннен бастап 3 ай 14 күн өткен соң әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны анықтаған.

ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуi кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.

Мұндай мән-жайлар кезінде төмен тұрған сот шығарған сот актісі әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жүргізуді тоқтатумен жойылуға жатады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207-бабының 8-бөлігі бойынша П[...] қатысты қабылданған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 494 және Қызылорда қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 22 қырқүйектегі қаулыларының күші жойылсын.

Әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты іс жүргізу тоқтатылсын.

П[...] зиянды өтеттіру құқығы танылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Ж. Ермағамбетова

Судьялар

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.