ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3011 (Административное)

6001-24-00-6ап/3011

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «Журналистік тергеп-тексеру агенттігі» қоғамдық бірлестігінің жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қызметкерлеріне төленген еңбекақы төлемдеріне қатысты тексеру жүргізбеу, тыңдау жүргізбеу жөніндегі әрекетсіздіктерін заңсыз деп тану, тыңдау жүргізіп, хаттама жасауға, тексеру туралы бұйрық шығаруға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Журналистік тергеп-тексеру агенттігі» қоғамдық бірлестігі сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы 2024 жылғы 6 шілдеде «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Комитет) арызбен жүгініп, «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының есебінен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза табысының кемінде 7%-ын аударатынына байланысты, тексеру комиссиясын тағайындауды, ведомстволық топ құрып, қоғамдық өкілі ретінде «Журналисттік зертеуллер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Бишуиновті қосуды сұраған. Талап қоюшының аталған арызына 2024 жылғы 6 шілдеде Комитет жауап берген. Жауапта мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері болып: мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сонымен бірге бюджет қаражатын алушылар табылатыны, өтініште көрсетілген мәселелер Комитетттің құзыретіне кірмейтінін көрсеткен.

Талап қоюшы «Журналистік тергеп-тексеру агенттігі» қоғамдық бірлестігі осы жауаппен келіспей сотқа жүгінген.

Астана қаласынының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымымен талап қою ӘРПК-нің 138бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығына байланысты кері қайтарылған. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігінің негізінде жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:

  • әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

  • әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Осы ретте әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған белгілі бір міндеттерді жүктейтін, сондай-ақ өзге де жолмен оның жағдайын нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) даудың нысанасы болып табылады.

Әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың мұндай әрекеттері сот бақылауына жатады.

Талап қоюшы жауап пен түсіндірмелерді беру жөнінде даулап отырған іс-әрекеттер талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Жіберілген жолданымдар мен алынған даулы жауаптардан жолданымдарды қарау рәсімі сақталғаны, оларға тиісті жауаптар берілгені, нәтижесінде әкімшілік рәсімнің аяқталғаны байқалады.

Қоса берілген және дауланып отырған жауаптарда қойылған сұрақтардың олардың құзыретіне кірмейтіні көрсетілген.

Мұндай әрекеттер (жауаптар) әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот бақылауына жатпайды. Осы хаттар түсіндірме (хабарлама) сипатқа ие.

Олар талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды

және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталмайды.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдарымен сот алқасы келіседі.

АПК-нің 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 тамыздағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.