Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5765 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5765

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Е.А.Кадылбековтың, аудармашы Е.Төкештің, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкердің өкілі

А.Ж.Калиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Людмила Васильевна Яцухинаға өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Л.В.Яцухинаға 30 593 074 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы училищный тұйық көшесі, 5 үй, мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі 21-318-031-217, жалпы ауданы 0,0289 га жер учаскесін және онда тұрған жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Өтемақы төленгеннен кейін Л.В.Яцухина Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы училищный тұйық көшесі, 5 үй, мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі 21-318-031-217, жалпы ауданы 0,0289 га жер учаскесін және онда тұрған жылжымайтын мүліктен шығаруға шешім етілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 22 215 282 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 мамырдағы №510-1740, қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, А.Иманов және А.Сембинов көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 0,4808 га жер учаскесі «Тұрақ» объектісін іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Л.В.Яцухина 2006 жылғы 22 ақпандағы өсиет бойынша мұрагерлік куәлігінің негізінде Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Училищный тұйық көшесі, 5 үй мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0577 га, оның ішінде үлесі 0,0289 га кадастрлық нөмірі 21-318-031-217 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.

Алынатын жер учаскесінің шегінде Л.В.Яцухинаға тиесілі жер учаскесі кірген.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 22 215 282 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған. Алайда, жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған 2025 жылғы 11 сәуірдегі №А1 сараптаманың қорытындысымен меншік құқығы тиісті түрде ресімделген және мемлекеттік органда тіркелген Л.В.Яцухинаға тиесілі құрылыстар мен көпжылдық екпелердің нарықтық құны 30 593 074 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда

мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 30 593 074 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.