№6003-25-00-2к/1232
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, А.К.Есдаулетов,
талап қоюшы Б[...] және оның өкілі Ш[...], жауапкердің өкілі М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Б[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бұйрықтардың күшін жойып, лажсыз бос жүрген уақытына еңбекақы мен тұрғын үй төлемдерін өндіру және ауыстыру туралы бұйрық шығаруды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімі мен Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап, АНЫҚТАДЫ:
Б[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Шымкент гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 144-бабына сәйкес, әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және
Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-нің (әрі қарай - Департамент) 2021 жылғы 11 қаңтардағы №7-жқ бұйрығымен Б[...] Меркі ауданы бойынша шекара басқармасы күзет тобының атқышы лауазымында әскери қызметін атқарған.
Департаменттің 2024 жылғы 23 шілдедегі №643-жқ бұйрығымен Б[...] «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 26-бабы 2- тармағының 3) тармақшасы негізінде (медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған, әскери қызметтік міндеттерін атқару кезінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну немесе масаң күйде болу фактісі анықталған) әскери қызметтен теріс себептермен босатылған.
Сондай-ақ 2024 жылғы 24 шілдедегі №151 бұйрықпен талап қоюшы Департаменттің тізімінен және үлестің барлық түрінен алынған.
Еңбек кодексінің, Заңның, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Қ[...], басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру» Қағиданың (бұдан әрі - Қағида) және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы №ҚРДСМ-203/2020 бұйрықпен бекітілген «Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактісін және масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізу» қағидаларының талаптарын соттар дұрыс басшылыққа алып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Қазақстан Республикасы Қ[...], басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығының 12тармағына сәйкес әскери қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ жалпы әскери жарғылардың талаптарын қатаң сақтауға міндетті. 2024 жылғы 1 шілдеде Меркі ауданы бойынша шекара басқармасымен жеке құрамын түгелдігін тексеру барысында Б[...] қызметке кешігіп және алкогольдік масаң күйде келгендігі анықталған.
Қағиданың 168-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Меркі аудандық ауруханасының 2024 жылғы 1 шілдедегі №129 психикалық белсенді зат пайдалану және мас болу фактісін анықтау бойынша өткізілген куәландыру
қорытындысымен талап қоюшы әскери қызметке жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде келгендігі анықталған.
Бұған қоса 2024 жылғы 15 шілдеде өткізілген қызметтік тексерудің қорытындысына сәйкес Б[...] қызметтік уақыт регламентін бұзу және алкогольдік масаң күйде жұмысқа келу дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі қатарында әрі қарай әскери қызметін жалғастыру туралы сұрақты қарастыру ұсынылған.
Аталған медициналық куәландыру және қызметтік тексеру қорытындылары негізінде талап қоюшы даулы бұйрықпен теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
«Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактісін және масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізу» қағидаларының 15, 16 - тармақтарына сәйкес Б[...] зертханалық зерттеудің нәтижесімен танысып, өзінің қолын қойған, яғни оның нәтижелерімен келісіп, қайта медициналық куәландыру өткізу туралы жазбаша отініш келтірмеген. Аталған медициналық куәландыру 2024 жылғы 3 қазанға дейін жарамды арнайы тексеруден өткен «АlcostopА» құралымен және «Психобелсенді заттарды тұтыну және мастық күй фактісін медициналық куәландыруді жүргізу» циқылында біліктілігін арттырған медбике С[...] жүргізілген.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы өкілінің апелляциялық алқаға психикалық белсенді зат пайдалану және мас болу фактісін анықтау бойынша қаламмен жазылып ұсынған қорытындының нұсқасын дұрыс негізге алмаған, себебі апелляциялық алқада күә ретінде сұралған медбике С[...] аталған қорытындыны бермегендігін, оны қолымен жазбағанын және аталған нұсқа ақпараттық жүйеге тіркелмегенін айтып, жоққа шығарған.
Сонымен қатар, соттар талап қоюшының Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің директоры шығарған 2024 жылғы 1 шілдедегі №535 жқ бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасы ҰҚҚ Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасының бастығының қарамағына ауыстыру туралы бұйрықты шығаруды міндеттеу туралы талабын дұрыс қанағаттандырудан бас тартқан, себебі Қағиданың 70-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен талап қоюшы істері мен лауазымын тапсырмауына байланысты ауыстыру жүргізілмеген.
Анықталған мән-жайларға байланысты соттар іс құжаттарын толығымен зерттеп, әскери құрылым басшылығымен талап қоюшыны әскери қызметтен шығару тәртібі бұзылмаған деп, заңды әрі негізді талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген,
кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ АУЛЫ ЕТТІ:
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Н.Ормаханов
Судьялар А.Рамазанова А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.