КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1912 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-4к/1912 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

талап қоюшы Н.А. Сулейдің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нартай Аллабергенұлы Сулейдің жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Алматы аудандық пайдалану бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты (бұдан әрі – Мекеме) тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп есептеп, жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Мекеменің 2024 жылғы 22 қарашадағы № 33 әкімшілік актісінің күші жойылып, жауапкерге 2024 жылғы 11 қарашадан бастап талап қоюшыға тұрғын үй төлемдерін төлеу арқылы жол берілген бұзушылықтарды жою міндеті жүктелген.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сатыдағы сотының қаулысының күшін жоюды және істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол берген.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «55065 әскери бөлімі» РММ-да медициналық қызметтың бастығы лауазымында әскери қызмет атқарады.

« Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасы» РММ-ның 2024 жылғы 12 қаңтардағы №1 бұйрығымен Алматы өңірлік гарнизонының тұрғын үй комиссиясы құрылып, оның құрамына әртүрлі әскери ұйымдардың өкілдері енгізілген. Дауланып отырған 2024 жылғы 22 қарашадағы №33 хаттамаға сәйкес, аталған №1 бұйрық негізінде құрылған Алматы өңірлік гарнизонының тұрғын үй комиссиясы Н.А. Сулейді тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоюдан бас тартқан.

Есепке қоюдан бас тартуға негіз ретінде талап қоюшының Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылғы 2 желтоқсанда жасалған №716 (2027 жылғы 2 желтоқсанға дейінгі мерзімге) шарт бойынша жалға алынған тұрғын үйдің бар болуы көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, талап қоюшының отбасы құрамында 5 адам бар екенін және оның меншік құқығында тұрғын үйі жоқ екенін көрсетіп, жалға алынған тұрғын үй оның әскери қызметші мәртебесіне ие болмаған кезеңде алынғанын, сондықтан оны есепке қою үшін заңды негіздер бар деп тапқан.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жоя отырып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, іс бойынша жауапкер болып табылатын Мекеме тиісті емес жауапкер деп, даулы мәселелерді шешу оның құзыретіне кірмейді деген тұжырымға келген. Апелляциялық соттың пікірінше, тиісті жауапкер ретінде істің қаралуына қатыстырылмаған Алматы өңірлік гарнизонының тұрғын үй комиссиясы болып табылады.

Кассациялық сот іс материалдарын және мән-жайларын зерттеп, сот отырысына қатысушылардың уәждерін тыңдай келе, төмендегідей қорытындыларға келеді. ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы (бұдан әрі – АК) және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылатындығы ӘРПК-нің 16-бабының бірінші бөлігінде көзделген.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мәнжайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

ӘРПК-нің 29-бабының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес, әкімшілік істі мәні бойынша қарау мен шешу басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, талап қоюшыны шақырады, тиісті емес жауапкерге талап қоюды берудің салдарларын түсіндіреді және талап қоюшының келісуімен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға жол береді. Тиісті емес жауапкер ауыстырылғаннан кейін әкімшілік істі сот отырысында алдын ала тыңдау мен қарау басынан бастап жүргізіледі. Әкімшілік істі қарау мерзімі әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалған күннен бастап есептеледі.

Егер талап қоюшы жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот талап қоюшының келісуінсіз бұл тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарта алады.

ӘРПК-нің 116-бабына сай, талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды. Сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы.

Алайда, төмен тұрған соттар жоғарыда аталған баптардың талаптарын бұзып, әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаттары мен қағидаттарын сақтамаған.

Атап айтқанда, іс материалдарынан талап қоюшының жауапкер ретінде Мекемені көрсеткен. Кейіннен бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жауапкердің тиісті еместігін анықтай отырып, талап қоюшыға жауапкерді ауыстыру құқығын және тиісті емес жауапкерге талап қоюдың салдарын түсіндірмеген, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыру жөнінде шаралар қабылдамаған.

Талап қоюшының жауапкерді ауыстыруға келісімі болмаған жағдайда да, сот оның келісімінсіз тиісті тұлғаны екінші жауапкер ретінде іске қатыстыруға құқылы.

Алайда мұндай әрекеттер төмен тұрған соттармен іс жүзінде соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылмаған, әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаттары мен қағидаттары орындалмаған.

Апелляциялық сатыдағы сот аталған бұзушылықтарды жоймаған, істі қайта қарау барысында ол тек тиісті емес жауапкердің іске тартылғаны фактісін ғана атап өткен. Сот шешімін күшін жою туралы қорытындылар формальды сипатта болып, олардың негізіне соттардың өздері ӘРПК-нің 16 және 29-баптарының талаптарын сақтамау салдарынан жол берген қателіктері себеп болған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексере отырып, АПК-нің 413бабының бірінші бөлігіне сәйкес әрекет еткенімен, 427-баптың төртінші бөлігінде көзделген бұзушылықтарды анықтай тұра, 413-баптың төртінші бөлігінде көзделген шараларды қабылдамаған. Іс апелляциялық сатыдағы сотының іс жүргізуіне мәні бойынша қарау үшін қабылданбаған және бірінші сатыдағы сотының қағидалары бойынша шешілмеген.

Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сотының қаулысының күші жойылуға және іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуге жатады.

Процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты сот актісін күшін жоя отырып, кассациялық сот іс бойынша қабылданған шешімнің мәнін талқылауға кіріспейді.

Істі қайта қарау барысында сот жоғарыда келтірілгендерді ескеріп, істі толық көлемде қарап, тиісті жауапкерді анықтап, тараптардың дәлелдемелерін тексерп, істің мән-жайларын нақтылы анықтап, оларға тиісті заңды баға беріп, дауды қолданылуға тиіс материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес шеші керек. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.