Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/696 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/696 ҚАУЛЫ

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың,

талап қоюшының өкілі Х.Р.Тойчибаевтің, жауапкер Д.А.Ерметовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің жауапкер Дилмурат Арзиметович Ерметовқа мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Сайрам ауданы әкімі сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер Д.А.Ерметовқа тиесілі жеке меншік иелігіндегі кадастрлық №19-295-078-2425, алаңы 0,18 га жер учаскесі мен тұрғын үй құрылысы мемлекет мұқтажы үшін нарықтық құны 30 857 130 теңгеге сатып алынып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Д.А.Ерметов кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің және тұрғын үйдің нарықтық құны дұрыс анықталмағанын, оның отбасылық жағдайы, көп балалы жалғыз басты әке екендігі, онымен бірге мүгедек баласы тұратыны ескерілмегенін, төменгі сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі бірінші сатыдағы соттың қайта қарауына жолдауды сұраған.

Жауапкердің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің шағымға қарсылығын, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп

соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.

АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабының 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Іс құжаттарына қарағанда, Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі №417 қаулысына және оған тіркелген қосымшаға сәйкес, жауапкер Д.А.Ерметовтың жеке меншігіндегі Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылы, Мухиддинов көшесі №88 мекен-жайда орналасқан үй құрылысы, кадастрлық №19-295-078-2425, көлемі 0,18 га жер учаскесімен қуаттылығы 1000 КВТ электр станциясын салу жобасына сәйкес газ құбырының құрылысын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін алынуға жатады.

Қаулы жергілікті «Мәртөбе» газетіне 2024 жылғы 20 қыркүйекте №36 (6433) санында жарияланған.

Д.А.Ерметовқа жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынатыны туралы 2024 жылғы 23 қыркүйектегі №2852 хабарлама қолма-қол тапсырылған.

«Tengri Consult» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №672/2024 мүлікті бағалау қорытындысы бойынша жер учаскесі мен тұрғын үйдің нарықтық бағасы 30 192 522 теңгеге бағаланған.

Жауапкер сатып алынатын жер учаскесіне берілетін ақшалай өтемақының мөлшері туралы келісімге қол жеткізілмеуіне байланысты жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Бірінші сатыдағы сотпен тағайындалған Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институтының 2025 жылғы 6 мамырдағы №841 қорытындысына сәйкес, жауапкерге тиесілі жер учаскесі мен ондағы тұрғын үйдің нарықтық құны 30 857 130 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің, онда тұрған жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 30 857 130 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Сайрам ауданындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Соттар жауапкердің шағымда көрсеткен қиын отбасылық жағдайы туралы уәждері жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға кедергі болмайтынын дұрыс назарға алған.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.