ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 желтоқсан №6003-25-00-2к/2962 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,
прокурор О.С.Пернеевтің қатысуымен, бейнеконференц байланысы арқылы
талап қоюшы Астана қаласы әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Басқарма) жауапкерлер Жибек Кудайбергеновна Аскароваға, Гульдана Нуровна Джетмековаға, Нуриден Габдулнасырович Аскаровқа, Габиден Габдулносирович Аскаровқа өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және ақшалай өтемақы төленгеннен кейін жауапкерлерді кәмелетке толмаған баламен бірге үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер Ж.К. Аскарованың пайдасына 66 464 611 теңге өндіріліп, ақшалай өтемақы төленгеннен кейін отбасы мүшелерімен жер учаскесіндегі үйден мәжбүрлеп шығарылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны 60 070 281 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.
Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген талап қоюшы өкілі мен жауапкерлер кассациялық соттың отырысына келмеді және байлынысқа шықпады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 450-бабының 2-бөлігіне сай, істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті
түрде хабардар етілген кассациялық шағым берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан кассациялық сот азаматтық істі тараптардың қатысуынсыз қарады.
Іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-тің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 84бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (ары қарай - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда
мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңының 67-бабының 2, 3 -тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С. Сейфуллин көшесінен Ә. Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне терілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкер Ж.К.Аскарованың меншік құқығындағы Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 49,49/1 үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-324-029-413, жалпы ауданы 0,0477 га, жер учаскесі (бұдан әрі - Объект) мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
2024 жылғы 13 тамызда жер учаскесінің меншік иесіне меншік құқығындағы жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жататыны туралы хабарлама табыс етілген.
2024 жылғы 26 тамызда «Независимая оценочная компания «Дом оценки» жауапкершігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі-ЖШС) жасаған мүлікті бағалау туралы №0336/24-ASTANA есебіне сәйкес Объектінің нарықтық құны 60 070 281 теңгені құраған.
Жауапкер Объектіні мемлекет мұқтажына алуға қарсы болмағанымен ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 14 қаңтардағы №С.15411.24 сот құрылыс-тауар сараптамасының қорытындысына сәйкес зерттеу жүргізу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны 66 200 496 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде онда тұрған жылжымайтын мүлік объектісі мен жер
учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 66 200 496 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.