ВС РК - Постановление от 01.10.2020 по делу 6001-20-00-6кп/49 (Об административном правонарушении)

6кп-49-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 1 қазан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Рахметулин А.Д., судьялар Әлмағамбетова Г.Ж., Ермағамбетова Ж.Б., прокурор К[...],

уәкілетті органың өкілі – полиция қызметкері М[...], әкімшілік жауапқа тартылған тұлға – Ж[...], қорғаушысы Д[...], жәбірленуші С[...], оның өкілі Ж[...],

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Алматы облысы Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2018 жылғы 12 қарашадағы және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандындырылған сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 147-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талдықорған қаласының Ішкі істер басқармасының 2017 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен Ж[...] ӘҚБтК-нің 147-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 45 380 теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Алматы облысы Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2018 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен іс бойынша уәкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Алматы облысы Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен соттың 2018 жылғы 12 қарашадағы қаулысының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша күші жойылып, кейіннен 2019 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 14 тамыздағы қаулыларымен бірінші сатыдағы соттың аталған ұйғарымның және қаулысының күштері жойылып, бірінші сатыдағы сотының алдынғы қаулысы күшінде қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылар қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, жауапқа тартылған тұлғаның, оның қорғаушысының, прокурордың ұсынуды қолдаған, жәбірленушінің, оның өкілінің, уәкілетті органның өкілінің сот қаулыларды күшінде қалдыруды жөнінде пікірлерін тыңдап, іс материалдарды тексеріп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот актілерінің күшін жоюға жатады деп есептейді. Іс материалдарына сәйкес 2017 жылғы 27 қарашада шаруа қожалығының басшысы С[...] қоршалған нысанға 10 бас ірі қара мал еніп, 26 рулон шөп бүлінген факті бойынша полицияға жүгінген. Ж[...] тиесілі ірі қара мал қоршалған объект аумағында болғаны анықталған.

Уәкілетті органның қаулысымен Ж[...] ұйымдыққұқықтық нысандарына қарамастан, ауыл шаруашылығы ұйымдарының, шаруа немесе фермер қожалықтарының, жеке қосалқы шаруашылықтардың маяларын малдың таптауы, ауыл шаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіру немесе жою не екпелерін зақымдағаны үшін ӘҚБтК-нің 147-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жаза тағайындалған.

Бірінші сатыдағы сот Ж[...] шағымы бойынша уәкілетті органның қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

Бірақ, сот істі қараған кезде ӘҚБтК-нің 781-784 баптарында бекітілген талаптарын толық орындамаған.

ӘҚБтК-нің 147-бабының 1- бөлігі әкімшілік құқық бұзушылықтың формальды құрамы болып табылады.

Осы бап бойынша уәкілетті орган шығарған қаулысында Ж[...] 10 бас сиыры С[...] шаруа қожалығының аумағында қоршалған маясына кіріп 26 рулон шөбін таптап, С[...] 130 000 теңге залал келтіргені жөнінде көрсетілген. Соттар іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық, объективті зерттемеген.

Іс материалдарына тіркелген фотосуреттерде 26 рулон шөп бүлінгені көрінбейді. Бірақ, істі кассациялық тәртіппен қараған кезде, жәбірленуші С[...] жолдаған оқиға жөнінде бейне-жазбаны соттар зерттемеген, кім оны түсіргені, қанша шөптің рулоны бүлінгені, неге сиыр малдарды сол жерде шығармай, әр қарай шөптерді таптауға жол бергені жөнінде анықталмаған.

Сонымен бірге, полиция қызметкері М[...] берген жауаптарында, полиция бөліміне Ж[...] 10 сиыр мал ұрланғаны жөнінде арызбен жүгінгенің көрсеткен. Жергілікті соттарға істі қараған кезде осындай мәліметтерде айтылған.

Оған қарамастан, ӘҚБтК-нің 780-бабына сәйкес осы арыз бойынша сот материалдарды сұратпай, оларды зерттемеген.

Сондықтан, сотқа іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық, объективті зерттеп, заңға сәйкес қаулысың шығаруға қажет.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың қабылданған қаулылары ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен күшін жоюға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 147-бабының 1-бөлігі бойынша Ж[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Алматы облысы Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2018 жылғы 12 қарашадағы және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы қаулыларының күшін жойып, істі жана сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Рахметулин

Г. Әлмағамбетова Ж.Ермағамбетова

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.