КСАД РК - Постановление от 11.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/388 (Административное)

ҚАУЛЫ № 6003-26-00-4к/388

11 маусым 2026 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,

ашық сот отырысында Ш[...] (бұдан әрі - талап қоюшы) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - жауапкер) тұрғын үй төлемдерін төлеуге міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қозғалған әкімшілік ісін,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 09 маусымдағы шешіміне, Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 04 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаппен жүгінген. Оның пікірінше, тұрғын үй төлемдері 2007 жылғы 13 ақпаннан 2015 жылғы 22 шілдеге дейінгі аралыққа да төленуі тиіс, себебі, әскери қызметін өтеу барысында ол қызметтік пәтермен қамтамасыз етілмеген.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 09 маусымдағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сот алқасының сол жылғы 04 қыркүйектегі қаулысымен аталған талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Төменгі сатыдағы сот актілерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іс бойынша кассациялық шағым берген талап қоюшының өкілі сот отырысын қашықтықта өткізуді сұраса, жауапкердің өкілі істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған. Мұндай жағдайда кассациялық сот істі тараптарсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды, себебі сот отырысы олардың тікелей қатысуымен тек офлайн тәртіпте болатындығы туралы алдын ала хабарланған болатын және бұл тәртіпті қазіргі кезде өзгертуге еш негіз жоқ, ал іске жауапкердің қатыспауы істі толық, объективті әрі жан жақты қарауға кедергі емес. Оның үстіне, соттың бұл тұжырымы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді.

Туындаған даудың мән-жайын зерттеп, шағымның және оған қарсы пікірдің уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК-ның 5 бабы бесінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен, олар Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.

Сотта анықталғанындай, талап қоюшы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «2037» әскери бөлімінде 2007 жылғы 13 ақпаннан 2015 жылғы 22 шілдеге дейін қызмет атқарып, осы бөлім командирінің бұйрығымен Қарулы күштерден запасқа шыққан, әрі жеке құрам мен қамтамасыз етудің барлық түрінен шығарылған. Кейіннен, арада тек төрт айдан астам уақыт өткеннен соң, ол Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 2015 жылғы 09 желтоқсандағы №215 бұйрығына сәйкес, сол басқарманың құпия емес іс жүргізу бөлімшесіне, бастық лауазымына тағайындалып, осы орайда онымен 5 жыл күнтізбелік мерзімге әскери қызмет өткеруге қатысты арнайы келісімшарт жасалған. Бірақ, әскери қызметке жарамсыз деп тану туралы қорытындының негізінде 2025 жылғы 25 ақпандағы №5 бұйрықпен денсаулық жағдайына байланысты осы қызметтен де босатылған.

Ескеретін жағдай, талап қоюшы өзінің соңғы атқарған қызмет орны бойынша, 2025 жылғы 11 наурыздағы №55 бұйрыққа сәйкес 10 109 052 теңге біржолғы тұрғын үй төлемдерін алған.

Осы аталған деректерді бағалай келе, әрі олардың қолданыстағы заң нормаларына сәйкестігін саралаған жергілікті соттар, талап қоюшының атқарған әскери қызметтерінің арасында үздіксіз мерзім - үш ай өтіп кеткендігі туралы тұжырымға келген, яғни, мұнда кезекпен атқарылған екі әскери қызметтің арасында үзіліс жоқ деп бағалауға болмайды.

Оның үстіне, тұрғын үй төлемдерін әскери қызметкерлердің пайдасына жүзеге асыруды көздейтін арнайы Заңның ережелері 2018 жылғы 01 қаңтардан бастап жүзеге асырыла бастаған, яғни, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының қажетті нормалары, тараптар арасында құқықтық қарым-қатынас пайда болған кезеңде (2007-15 жылдары) күшінде

болмаған, сондықтан да бұл ережелер бұрын туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

Тағы бір ескеретін жәйт, осы Заңның 101-2 бабының 5 тармағы бойынша әскери қызметкерлер әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, қарулы күштерге басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға қызметке кірген күннен бастап 01 қаңтар 2018 жылға дейін ғана тұрғын үй төлемдерін ала алады.

Мұндай жағдайда, талап қоюшы өзінің бұрын әскери қызмет атқарған орны бойынша, 2007-2015 жылдар аралығына тұрғын үй төлемдерін алуға құқылы емес болған.

Жалпы, талап қоюшының әскери қызметкер мәртебесін, ол аяқталғанға дейінгі кезеңде шектеуге немесе оған қатысты заңдылықтың бұзылуына жауапкер тарапынан жол берілмеген, ол әкімшілік қалауды жүзеге асыру барысында қолданыстағы заңдылықтың шеңберінен шықпаған, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын қамтамасыз ете білген.

Төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан оларды қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

Іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабы 4 бөлігіне сәйкес келеді, әрі олар әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.

Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды деп тауып, сол себепті оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз анықталмады деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымының уәждері бұрын да төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Оның «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 2-тармағының талаптары оның іс-әрекеттеріне қолданылуға тиіс емес деген уәжімен келісуге болмайды, әскери қызметтің үзілісіздігі туралы түсінік тек азаматтың зейнетақысына ғана қатысты қолданылмайды, сондықтан да жергілікті соттар оған талап қоюды қанағаттандырудан бас тартарда оң сілтеме келтірген. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер бұл шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады.

Осы орайда, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз күшінде, ал талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 09 маусымдағы шешімі, Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 04 қыркүйектегі қаулысы – күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.