КСАД РК - Постановление от 12.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/102 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 тамыз 6003-25-00-4к/102 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.М.Нұралиев

cудьялар – Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы Маржан Қалжанқызы Төребектің жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Марат Тахирович Бекжановқа қатысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысына дау айту талабы бойынша қозғалған әкімшілік ісімен,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға Бақдәулет Төребекұлы Төребектің берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы М.Қ.Төребек жауапкер жеке сот орындаушысы М.Т.Бекжановтың атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысына дау айту талабы бойынша әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімімен бұл талап қою қанағаттандырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, мүделлі тұлғаның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Мүдделі тұлға өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК – нің 169 – бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 қыркүйектегі сот бұйрығымен өндіріп алушы М.Төребектің пайдасына борышкер Б.Төребектен ай сайын, оның айлық табысының және өзге де кірісінің үштен бір бөлігі кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағу үшін, олар кәмелетке толғанға дейін алимент есебінде өндірілген.

Осы сот бұйрығы негізінде ЖСО М.Бекжанов 2021 жылғы 21 қыркүйекте №254/21-43-2128 атқарушылық өндірісті қозғаған, ал сол жылғы 28 қыркүйекте М.Қ.Төребек өндіріп алудан бас тартатындығы туралы арыз жазған.

Бұл арыздың негізінде жеке сот орындаушы М.Т.Бекжановтың 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған (бұдан әрі – даулы қаулы).

М.Қ.Төребек жеке сот орындаушының атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысымен келіспей әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандыра отырып, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 176-бабында көзделген сот тәртібімен алимент төлеу міндеттерін тоқтату туралы нормаға жүгінген. Онда ата-ананың өндірілген алименттен бас тартуы көзделмеген.

Кодекстің 72-бабында көзделген ата-ана құқықтары баланың мүдделеріне қайшы жүзеге асырылмауға тиіс. Баланың мүдделерін қамтамасыз ету оның ата-аналары жасайтын негізгі қамқорлықтың нысанасы болып табылады.

Дауланып отырған әрекет кәмелетке толмаған балалардың мүдделеріне қайшы болып танылады.

Кодекстің 66-бабының 1-тармағына сәйкес баланың өзi ата-аналарынан және отбасының басқа да мүшелерiнен осы Кодекстің 5-бөлімінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде күтіп-бағу қаражатын алуға құқығы бар.

Кодекстің 138-бабының 1-тармағына бойынша ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған

балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.

Аталған нормаларды басшылыққа ала отырып, төменгі сатыдағы соттар М.Қ.Төребектің кәмелетке толмаған балалар үшін өндірілген алименттен бас тартуы заңнама талаптарына сай келмейді деген дұрыс тұжырымға келген.

Бастысы, басшылыққа кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделері алынуы тиіс, яғни жоғары көрсетілген заң нормаларындағы бала өсіру барысында ата-анасына жүктелген міндеттер орындалуы қажет.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның талап қоюшының тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қазандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы осы іс бойынша қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Бақдәулет Төребекұлы Төребектің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.