Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 29.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/1417 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 29 сәуір №6003-26-00-2к/1417 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Есдаулетов,

талап қоюшы өкілі У[...], жауапкер өкілдері К[...] және С[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауды және бүлінген жер учаскесін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қоюымен қабылданған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы қаулысына жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - қоғам) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - серіктестік) Атырау облысы, [...] орналасқан «Джаман Индер» кен орнындағы карьердің барлық учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Серіктестік кассациялық шағымында соттар шарттың мерзімі аяқталғанына, әкімнің қаулысымен кен орнын қалпына келтіру міндеті талап қоюшыға жүктелгеніне, шарт маңызсыз екеніне, жауапкер жерді қазып бүлдірмегені, тек топырақты сатып алғанына тиісті құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 272, 273-баптарына сәйкес мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс. Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 54-бабының 1-бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы өзіне берілген жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюға міндетті.

2009 жылғы 4 тамызда «Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» (бұдан әрі - басқарма) мемлекеттік мекемесі мен қоғам арасында құрылысқа арналған топырақты игеру жұмыстарын жүргізу туралы №209/2009 келісім (контракт) (бұдан әрі – №209/2009 келісім) жасалған.

2016 жылғы 7 сәуірде басқарма мен қоғам арасында Индер ауданы, «Индер-II» кен орнының «Оңтүстік» учаскесінде құм-қиыршық тас қоспасын және құмды өндіруге арналған 15 жыл мерзімге келісімшарт жасалған.

2022 жылғы 3 мамырда қоғам мен серіктестік арасында Атырау облысы, [...] орналасқан «Джаман Индер» кен орнындағы шикі затты сатып алу-сату туралы №25 шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Шарттың 8.1. тармағына сәйкес, осы шарт қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және 1 жыл ішінде, ал шарттың 2.3. тармағының 2.3.9. тармақшасында көзделген міндеттемелер өзіне алынған міндеттемелер толық орындалғанға дейін қолданылады (әрекет етеді).

Шарттың №2 қосымшаға сәйкес, шарттың бағасы 13 320 000 теңге, шикі заттың атауы – «Сазды жыныстар (глинистые породы)», жалпы көлемі 66 600 м³.

Шарттың 2.3.10-тармағына сәйкес, карьердің барлық бөлінген учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауды және қалпына келтіруді жүргізу бойынша міндеттемелерді орындау «К[...]» ЖШСне жүктелген.

Басқарма өзінің 2022 жылғы 4 мамырдағы №30-н бұйрығымен (бұдан әрі - бұйрық) қоғамның жер қойнауын өндіру құқығын формальді түрде иемденген, жер қойнауын өндіру құқығын басқаға уәкілетті органның заңмен көзделген рұқсатынсыз берген, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға қолдау білдіру міндеттерін орындамай, бюджет кірісіне тиісті қаражатты аудармаған деген негізбен көрсетілген келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен бұзған. Осылайша жоғарыда көрсетілген №209/2009 қелісім мерзімінен бұрын тоқтатылған.

2023 жылғы 25 сәуірдегі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап қоюшы жауапкерге келісім шарттардың қолдануын біржақты тәртіппен бұзу туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

2023 жылғы 4 шілдедегі Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен көрсетілген шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Қоғам талап қоюды «К[...]» ЖШС-нің кен орнын пайдаланғаннан кейін жер телімін қалпына келтірмегенімен негіздеген.

Тараптардың арасында жасалған шарттың 2.3.10-тармағына сай жауапкер каръердің барлық бөлінген учаскелерінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындауға және қалпына келтіруді жүргізуге міндеттенген, яғни жауапкер қазба жұмыстарын тек бүлінген жерді қалпына келтіру жобасын дайындаған соң ғана жүргізуге құқылы болған. Алайда, жауапкер жерлерді қалпына келтіру жобасын дайындау және қалпына келтіруді жүргізу міндеттерін орындамаған. Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықтаған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді. Жауапкердің шарттың мерзімі аяқталғандықтан міндеттемелер орындалуға тиіс емес деген уәжін сот негізсіз деп санайды. Себебі, Кодекстің 54-бабы 4-тармағына және шарттың 6.4-тармағына сәйкес тараптар шарт бұзылған кезде орындалмаған міндеттемелерді орындау жауапкершілігінен босатылмайды.

Сондай-ақ, шартқа сәйкес жауапкер жұмыс жасағанын жоққа шығармаған. Жер қойнауын өндіру құқығын серіктестікке уәкілетті органның заңмен көзделген рұқсатынсыз бергені және басқа себептерге байланысты басқарма мен қоғам арасындағы шарт бұзылғаны серіктестіктің қоғам алдындағы шартта көзделген міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.

Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья А.Токсанбаев Судьялар М.Ибрагимова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.