Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2172 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/2172 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 шілде Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, А.К.Есдаулетов болып,

талап қоюшы У[...] қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы У[...] жауапкер «Techno Service» жеке кәсіпкеріне орындалған жұмыстың кемшіліктері салдарынан келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

У[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда «Techno Service» жеке кәсіпкерінен орындалған жұмыстың кемшіліктері салдарынан келтірілген 12 000 теңге материалдық шығын мен 5 000 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Талап қою, 2025 жылғы 4 ақпанда «Techno Service» жеке кәсіпкері мен М[...] арасында жасалған № 2 шарты негізінде орнатылған бейнебақылаудың ұялы телефонына қондырылған қосымшасының істен шығуына негізделген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың талап қоюдың негізсіздігі және жауапкердің аталған қосымшаны талап қоюшының ұялы телефонына орнатып беруге міндетті болмағаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Кассациялық шағымда, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, жауапкердің ауызша келісім бойынша қосымшаны орнатып беруге міндеттелгендіктен талап қоюды қанағаттандыру сұралған.

Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкердің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігіне кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшының түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Тараптар арасында даудың туындауына себеп болған істің мән-жайлары дауланып отырған сот актілерінде баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайтадан көрсетуді қажет етпейді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 393бабының 1-тармағының талабы бойынша тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.

Шарттың мәнi туралы ережелер, заңдарда елеулi деп танылған немесе шарттардың осы түрi үшiн қажеттi ережелер, сондай-ақ бiр тараптың мәлiмдеуi бойынша келiсiмге қол жеткiзуге тиiстi барлық ережелер елеулi ережелер болып табылады.

АК-тің 271-бабына сәйкес мiндеттемелер осы Кодекстiң 7-бабында көрсетiлген шарттан, зиян келтiруден немесе өзге де негiздерден пайда болады.

Тараптар арасында шарт жасалмаған, сәйкесінше шарт бойынша олардың арасында азаматтық-құқықтық қатынас туындамаған.

Талап қоюшымен талаптарының негізі ретінде ұсынылған 2025 жылғы 4 ақпанда жасалған №2 шартында тапсырыс беруші болып М[...] көрсетілген. Оның өзінде оған соңғымен қол қойылмаған. Шарттың мәні бойынша «Techno Service» жеке кәсіпкері бейнебақылауды У[...] №18 емес М[...] №[...] пәтеріне орнатуға міндеттелген, шартта бейнебақылаудың қосымшасын ұялы телефонға қосып беру жұмысы көзделмеген.

Қондырылған бейнебақылау құрылғысы істен шықпаған, оның жұмысына, сапасына қатысты дау туындамаған.

Келген материалдық шығынның дәлелі ретінде ұсынылған 2025 жылғы 21 қаңтардағы №669562932884023506 төлем түбіртегімен 12 000 теңге қаражаты жауапкер «Techno Service» жеке кәсіпкерінің емес «Дианара М.» есімді тұлғаның есеп шотына аударылған. Онда төлем мақсаты көрсетілмеген.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңында тұтынушының келтірілген моральдық зиянды өтеуді талап ету құқығы көзделген.

АК-тің 951-бабының 2-тармағы бойынша моральдық зиянды зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.

Сотта істі қарауда жауапкердің моральдық зиянды өтеттіру үшін кінәсі анықталмаған.

У[...] АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес жауапкердің даулы қызметті көрсетуге міндетті болғаны, бұл қызметтің көрсетілмеуінен өзіне мүлiктiк және мүлiктiк емес зиянның келтірілгені өз дәлелін таппағандықтан, талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер болмаған.

Осыған орай, сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздер болмағандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 қазандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Г.Джаппарова

Судьялар А.Айкенова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.