№6001-22-00-6ап/2622
ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ
2023 жылғы 30 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, жауапкерлердің өкілдері Н[...], С[...], мүдделі тұлға «АB2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі Х[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Э[...]» ЖШС-нің жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алу басқармасы), «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Энергетика басқармасы) конкурс қорытындылары туралы хаттамаға дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысы мен жеке ұйғарымына Мемлекеттік сатып алу басқарманың келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Шымкент қаласының «Тұран» шағын ауданында солтүстік шығыс бөлігіндегі инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салу (№1№13 көшелерді жарықтандыру. Бағдаршам объектілерін жайластыру)» бойынша 2022 жылғы 1 маусымдағы №7315848-ОК2 мемлекеттік сатып алу қорытындылар туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «AB2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы 2022 жылғы 23 маусымдағы №115 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2022 жылғы 26 қазандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан орын алған заң бұзушылықтар жөнінде Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 270-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Істің сотта анықталған мән-жайларына сәйкес «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы тарапынан заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған.
«АB2[...]» ЖШС-нің өкілінің сот алқасына тапсырған мемлекеттік сатып алу туралы веб-порталда «құрылыс түрі» бөлімдегі «AB2[...]» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесі бойынша мәліметтерді «Жаңғыртудан» «Реконструкциялауға» түзетілгені туралы уәждер келтірді.
Айтылғанын растау үшін ол «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының 2022 жылғы 5 қазандағы №03-4/7156 хатты ұсынды. Аталған хатта 2022 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор сатып алу заңнамасы департаментінің хаты негізінде мемлекеттік сатып алу туралы веб-порталда «құрылыс түрі» бөлімдегі «AB2[...]» ЖШСнің жұмыс тәжірибесі бойынша мәліметтерді «Жаңғыртудан» «Реконструкциялауға» түзетілгені көрсетілген. Бұл түзету «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (конкурс жарияланған кезде қолданыста болған) 100, 101- тармақтарына қайшы жасалып, заңсыз енгізілген. Сот алқасымен келесі негіздерге байланысты аталған хат назарға алынбады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (конкурс жарияланған кезде қолданыста болған) 100, 101- тармақтарына сәйкес уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері өтінім берілген түзетулер шегінде электрондық депозитарийге енгізілген мәліметтерді түзету туралы әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарайды.
Веб-портал арқылы электрондық депозитарийге енгізілген мәліметтерді түзету туралы әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша әлеуетті өнім берушінің әрбір жұмыс тәжірибесі бөлінісінде мынадай:
әлеуетті өнім берушінің өтінімінде көрсетілген ұсынылатын түзетулер "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларының талаптарына сәйкес келген жағдайда қабылданатын түзетуді растау туралы;
әлеуетті өнім берушінің өтінімінде көрсетілген ұсынылатын түзетулер "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда қабылданатын түзетуді растаудан бас тарту туралы шешімдердің бірі қабылданады.
Яғни, жоғарыда көрсетілген нормаға сай, веб-портал арқылы электрондық депозитарийге енгізілген мәліметтерді түзетудің тәртібі бекітілген.
Алайда, «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен бұл тәртіп сақталмай, 2022 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор сатып алу заңнамасы департаментінің хаты негізінде ғана түзету енгізілген.
Орын алып отырған жағдай «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамында жоғарғы орган тарапынан бақылаудың және талдаудың жоқтығы куәландырады.
Сондықтан сот алқасы жоғарыда анықталған заң бұзушылықтар жөнінде, мұндай бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында шара көру үшін Қазақстан Республикасы Қаржы Министірінің назарына жеткізу қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасы АПК-нің 270-бабының 1-бөлігін басшылыққа алып, сот алқасы
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Әкімшілік істі қарау барысында «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы тарапынан орын алған заң бұзушылықтар жөнінде Қазақстан Республикасы Қаржы Министірінің назарына жеткізілсін. Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына хабарлансын. Жеке ұйғарым жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.