Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4863 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4863

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

талап қоюшының өкілі С.Изтилееваның, жауапкер М.Т.Дюсембиннің және оның өкілі Г.С.Умирбековтың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Мекеме) жауапкер Манарбек Тусупжанович Дюсембинге қатысты салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп тану және заңсыз тұрғызылған нысанды жауапкердің қаражаты есебінен бұзуды міндеттеу туралы азаматтық істі жауапкердің Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Алматы қаласы, Алатау ауданы, Алғабас шағын ауданы, Бесінші Белес көшесі, 1/1 үй мекен жайы бойынша М.Т.Дюсембиннің 2021 жылғы 6 қаңтардағы меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау актісі жарамсыз деп танылған.

Алматы қаласы, Алатау ауданы, Алғабас шағын ауданы, Бесінші Белес көшесі, 1/1 үй мекен жайында орналасқан литер "А" көлемі 7,9х7,6 метр, жалпы ауданы 60,04 шаршы метр, литер "Б" көлемі 11х8,5 метр, жалпы ауданы 93,5 шаршы метр заңсыз тұрғызылған нысанды (техникалық қызмет көрсету станциясы) жауапкер М.Т.Дюсембиннің қаражаты есебінен бұзу міндеттелген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер М.Т.Дюсембинді және оның өкілі Г.С.Умирбековты, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі С.Изтилееваны тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жер теліміне жер-кадастрлық іс құжаттарының мәліметтеріне сәйкес, М.Т. Дюсембинге кадастрлық нөмірлері 20-321-069-1075, 20-321-069-1075-1, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Алғабас шағын ауданы, Бесінші Белес көшесі, 1/1 үй, мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлікке құқығы пайда болып, 2007 жылғы 1 тамыздағы №С-87 мұрағаттық анықтаманың негізінде 2017 жылы 26 қазанда тіркелген.

2021 жылғы 6 қаңтардағы Актісі негізінде жоғарыда аталған жер учаскесінде салынған М.Т. Дюсембиннің нысаны пайдалануға қабылданған.

« Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі-Заң) 73бабында объектiлердi пайдалануға қабылдау және беру тәртiбiне қойылатын жалпы талаптары көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот, шешім қабылдаған кезде үшінші тұлға А.А.Мұхаманованың өтініші негізінде Алматы қаласы, Алатау ауданы, Алғабас шағын ауданы, Бесінші белес көшесі, 1/1 үй мекен жайында орналасқан объекті бойынша 2024 жылғы 22 шілдеде тексеру өткізіп, оның нәтижесінде Заңының 17-бабының 1-тармағының 4), 4-1), 5), 6) тармақшаларын бұза отырып, - литер "А" көлемі 7,9х7,6 метр, жалпы ауданы 60,04 шаршы метр, - литер "Б" көлемі 11х8,5 метр, жалпы ауданы 93,5 шаршы метр жоба сараптамасынан өтпеген жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалауларсыз, тұрғын емес үй жайлардың (техникалық қызмет көрсету станциясы) құрылысы жүргізілгені анықталғанын назарға алған. Құрылыстан кейін тұрғын емес үй-жайлар (техникалық қызмет көрсету станциясы) аталған Заңның 73-бабының 7-тармағын бұза отырып, пайдалануға беру актісі негізінде азаматтық айналымға енгізілген.

Анықталған бұзушылықтар бойынша жауапкер М.Т.Дюсембинге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 316-бабының 1-бөлімі, 321, 323-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, ол әкімшілік жуапкершіліке тартылған. 2024 жылғы 14 қарашаға дейінгі мерзімде аталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілген. Алайда, жаупкер тарапынан нұсқама орындамалған. Айтылғандардың негізінде бірінші сатыдағы сот талап қоюды негізді деп тапқан. Апелляциялық сатыдағы сот, жауапкердің уәждерін тексеру мақсатында жер учаскесіне қатысты жер кадастрлық істі зерделеу барысында келесі мәнжайларды анықтаған.

Жер учаскесінің алғашқы иесі ретінде жауапкер М.Т. Дюсембиннің атына рәсімделген және жер учаскесін беру туралы арыз жауапкердің атынан оның өкілі К.С.Садыковпен әрекет еткен.

Жер кадастрлық ісінде 2007 жылғы 1 тамыздағы Қарасай ауданы әкімінің аппараты жанындағы мүлікті жария ету комиссиясының шешімінде Алғабас ауылы, Ақсай мен Абылай хан көшесінің бұрышында орналасқан кафе, ТЖС, бильярд бөлмесі, жалпы көлемі 0,3 га жер телімімен жария етілгені, жария етілген мүлік заңда белгіленген тәртіппен 2007 жылдың 1 қарашасына дейін рәсімделуге жататындығы көрсетілген.

Сонымен қатар, кадастрлық істе Литер А және Литер Б деп көрсетілген нысандарға техникалық паспорттар жасалған. Литер А ғимаратының көлемі 161,2 метр, Литер Б нысанының көлемі 100,5 метр.

Алайда, аталған нысандар комиссияның шешімінде көрсетілген мерзімде рәсімделмеген, яғни жария ету шешімі негізінде жауапкердің атына тіркелмеген.

Талап қоюдағы бұзуға жататын нысандар 2021 жылдың 6 қаңтарында жеке меншік иесінің өз еркімен салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісінің негізінде ғимарат ретінде тіркеліп, азаматтық айналысқа жылжымайтын мүлік күйінде енгізілген.

Жауапкердің бұзуға жататын нысандардың жария ету тәртібі бойынша заңдастырылған деген уәжі шындыққа жанаспайды деген сот алқасының түйінін кассациялық сот келесі негіздермен дұрыс деп есептейді.

Өйткені, Қазақстан Республикасының «Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» 2006 жылғы 5 шiлдедегi Заңының (бұдан әріМүлiктi жария ету Заңы) 11-бабында Қазақстан Республикасының аумағында тұрған, оған құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүліктi жария ету құқығының негіздері нақты көрсетілген.

Мүлiктi жария ету Заңының 4-бабының 2-тармағында мүлiктi жария ету мерзiмi көрсетілген, атап айтқанда, мүлкiн осы Заңның 11- бабына сәйкес жария еткен жария ету субъектiлерi 2007 жылғы 1 қарашаға дейiнгi мерзiмде оған құқықтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмдеуге мiндеттi.

Жауапкер М.Т. Дюсембин Заңның бұл талаптарын орындамаған, істегі мұрағаттық анықтамаға тіркелген Қарасай ауданында орналасқан мүлікке құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің аппараты жанындағы комиссия отырысының 2007 жылғы 1 тамызындағы шешімінде жария етілген мүлік Заңда белгіленген тәртіппен 2007 жылдың 1 қарашасына дейін рәсімделуге жататындығы назар аудармаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі № 696 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан,

құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу ережесiнің» 11-тармағына сәйкес ж ылжымайтын мүлiктi жария ету туралы шешiм шығарылғаннан кейiн Комиссия мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мынадай құжаттарды ресiмдеуi жөнiнде шаралар қабылдайды:

  1. жылжымайтын мүлiк объектiсiне техникалық паспорт;

  2. объектiнi пайдалануға қабылдау актiсi;

  3. жер учаскесiне жеке меншiк құқығына акт.

Объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн ресiмдеу Мүлiктi жария ету Заңына сәйкес жария етiлген жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру және жүргiзу ережесiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

Жауапкер М.Т. Дюсембин объектiнi пайдалануға қабылдау актiсi тек 2021 жылдың 6 қаңтарында рәсімдеген.

Демек, 2021 жылғы 6 қаңтардағы меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау актісі мүлікті жария ету тәртібімен рәсімделмеген.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау актісі жарамсыз деп танылып, жауапкер қаражаты есебінен бұзу міндеттелгені заңды.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер М.Т.Дюсембиннің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.