КСАД РК - Постановление от 30.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/489 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 30 сәуір 6003-26-00-4к/489 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы М.М. Досумбековтың, жауапкердің өкілі А.Б. Қаршимановтың қатысуларымен,

талап қоюшы Молдатай Молдакашевич Досумбековтың жауапкер «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2015 жылғы 19 тамыздағы хаттамасын даулап, тұрғын үй кезегін алға жылжытуға міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымына, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыдағы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымымен талап қою, сотқа жүгінуге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алуына орай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының 2- бөлігінің 15) тармақшасы негізінде кері қайтарылған.

Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және кассациялық шағымды қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшының кассациялық шағымның уәждерін қолдаған пікірін, жауапкердін шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Іс құжаттарынан белгілі болғандай, М.М. Досумбеков 2015 жылы жауапкерге 2000 жылғы 14 наурыздан бастап «мемлекеттік қызметші» санаты бойынша кезекті қалпына келтіру туралы өтінішпен жүгінген. Өтініш Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Тұрғын үй комисссиясының отырысында 2015 жылғы 19 тамызда қаралып, ол уақыт аралығында бюджеттік ұйымдарда қызмет атқармағаны ескеріле отырып, кезекті қалпына келтіруден бас тартылды. Қазіргі уақытта, М.М. Досумбеков тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 2020 жылғы 9 желтоқсаннан бастап, «жасына қарай зейнеткер» санаты бойынша тұр.

Төменгі сатыдағы соттар талап қоюды қайтара отырып, өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге негіз жоқ деген тұжырымға келе отырып, осы дау бойынша 10 жылдан астам уақыт өткенін ескеріп, сот мерзімді қалпына келтір алмайды деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот бұл қорытындыны заңнама талаптарына және істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді деген тұжырымға келіп, онымен келесі себептер бойынша келіседі.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілетіндігі қарастырылған.

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер сот мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екендігі көзделген.

Кассациялық сот, бұл жағдайда АПК-нің 126-бабында көзделген негіздердің болмағанын, оларды растайтын өзге де дәлелді себептер мен құжаттардың жоқтығын, талап қоюшы заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алуға себеп болған өзге де дәлелдер немесе себептер сотқа ұсынылмағанын назарға алды.

Керісінше, дауланып отырған 2015 жылғы 19 тамыздағы хаттама туралы талап қоюшыға 2020 жылдан белгілі болған.

ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігінде талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылатындығы көзделген.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, егер сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қайтару туралы ұйғарымдарын заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған. Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсеткен уәждері кезінде төменгі соттармен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы және апелляциялық сот ұйғарымдарының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қарашадағы ұйғарымы, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев Л. Кудекова

Судьялар

Ш.Манжуева 5

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.