КСАД РК - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2082 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/2082 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,

жауапкердің өкілі Е. Сагибаевтің қатысуымен ашық сот отырысында, талап қоюшы Жанабай Куанышбекович Демеубаевтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (РММ), «Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (КММ) қойған дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Ж.Демеубаев сотқа берген талабында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 3000 гектар жерді Орман шаруашылығынан өзіне қайтарып беруді, Қубас елді мекеніндегі халықты Ақжарма ауылдық округінің құрамына енгізуді және өзінің 3 гектар жеріне 100 гектар жер учаскесін қосып, Ақжарма ауылдық округіне беруді сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюшының талабы қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұрайды.

Талап қоюшы, жауапкер «Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің өкілі Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждері мен жауапкердің өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сот іс материалын зерделей келе, жергілікті соттардың ұйғарымдарымен талап қоюшы Ж.Демеубаевтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» РММ-не, «Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» ККМ-ге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 3000 гектар жерді Орман шаруашылығынан өзіне қайтарып беруді, Қубас елді мекеніндегі халықты Ақжарма ауылдық округінің құрамына енгізуді және 3 гектар жеріне 100 гектар жер учаскесін қосып, Ақжарма ауылдық округіне беруді сұраған талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сай әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.

Алайда талап қоюшы Ж.Демеубаев аталған талап қоюмен 2025 жылғы 12 мамырда бірінші сатыдағы сотқа екінші рет қайта жүгінген.

Дауланып отырған соттың 2025 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымымен Ж.Демеубаевтың талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасына сай қайтарылған.

Соттың іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы және дәл сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша іс болса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сондықтан, шағым беріліп отырған бірінші сатыдағы сот ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы заңды және негізді шығарылған. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қайтаруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы орын алмаған.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.