6001-23-00-3гп/74
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші Н.К.Шәріпов, судьялар М.Т.Балкен, А.С.Савинова, талап қоюшы А[...], талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілі Н[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Маңғыстау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әpi - Департамент) бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақыны, материалдық шығынды және моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшы А[...] жауапкер Департаментке жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімімен А[...] талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
А[...] өзінің өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсеткен және істі қарау барысында соттар материалдық құқық нормаларын бұзған деп есептейді. Сондықтан кассациялық өтінішхатта аталған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұрайды.
Жоғарғы Сот алқасы А[...] өтінішхатта көрсеткен уәждерін, Департаменттің өкілі Н[...] өтінішхатқа қарсы пікірлерін тыңдап, іс-құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, осы іс бойынша азаматтық сот алқасының қаулысының күші жойылуға, азаматтық іс төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сотқа қайтадан қарау үшін жолдауға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға
әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай заң бұзушылықтар орын алған.
Іс бойынша анықталғандай, А[...] Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметін атқарған.
2021 жылғы 21 желтоқсандағы талап қоюшыны жұмыстан шығару туралы № 708 даулы бұйрықты қабылдауға А[...] сол жылдың 19 қарашасында жұмыста болмау фактісі негіз болған. А[...] сағат 8:00-ден бастап жұмыста болмауы себепті сағат 18:30-да Мұнайлы ауданының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары С[...], кадр саясаты жөніндегі орынбасары И[...] және инспектор Н[...] қатысуымен акт жасақталған.
Аталған факт бойынша 2021 жылғы 20 желтоқсанда қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, қорытындысы бойынша А[...] Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі - Әдеп кодексі) 5-тармағының 11) тармақшасын бұза отырып, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғанына байланысты оны ішкі істер органдарынан шығару мәселесін тәртіптік комиссиясының отырысында қарау ұсынылған.
А[...] жұмыстан босатуға қызметтік тергеп-тексерудің құжаттары және жасақталған акт негіз болған.
Азаматтық істі қарау барысында жергілікті соттар талап қоюшының жұмысқа келмеуінің дәлелді себептері бар екендігі жөніндегі уәждеріне күмән келтірген. Себебі куә Д[...] берген түсініктемесінде арызданушының 2021 жылдың 19 қарашасында демалыс алғанын білмегенін көрсеткен. Сондай-ақ соттар А[...] сол күні демалыс берілгені туралы жұмыс беруші актісінің жоқ екендігі жөніндегі ақпаратты басшылыққа алған.
Арызданушы кассациялық өтінішхатта соттардың оның 2021 жылғы 16-17 қарашада қызметтік міндеттерін атқарған фактісін, полиция бөлімінде тиісті жұмыс тәртібінің жоқ екендігін, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашқан уақытында бұйрық шығарылғанын ескермегені жөніндегі уәждерін көрсеткен.
Жоғарғы Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамай, сот отырыстарында талқыланған жайттарға нақты құқықтық баға бермей, негізсіз сот актілерін қабылдауға жол берген деп санайды.
Өйткені жергілікті соттармен дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар жайттар анықталмаған, яғни сотқа куәгер болып тартылған бөлім бастығының орынбасары Д[...] берген түсініктемелері бірбіріне қарама-қайшы келеді. Ол өзінің сотқа берген түсініктемесінде 2021 жылдың 16-17 қарашасында талап қоюшының қылмыс ашумен байланысты іс-шараларға қатысып, тәулік бойы жұмыста болғанына байланысты қасындағы жұмыстағы серіктесі екеуіне демалыс күндерін өзара шешуге ұсыныс білдіргенін көрсеткен. Алайда қызметтік тергеу барысында оның талап қоюшының түнімен жұмыста болуына байланысты жұмысқа кешігіп келуіне рұқсат еткені туралы түсініктеме берген. Ал Маңғыстау облысының полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Б[...] берген түсініктемесінде оның А[...] 2021 жылдың 17-18 қарашасында Мұнайлы ауданында тәулік бойы болғанына байланысты оған келесі күні демалысқа жіберу туралы шешім қабылдағанын және өзінің еңбекке жарамсыздық парағының алуына байланысты басшыларға ескертпегенін көрсеткен.
Істің құжаттарындағы 2021 жылғы 16 қарашадағы тіркелген қылмыстар мен оқиғалар туралы ақпараттың көшірмесіне сай осы күні полиция қызметкерлерімен, сонымен қатар А[...] де құқық бұзушылық анықталған. Соттармен аталған мәліметтер тексерілмеген, дәлелдерге баға берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабының 1-бөлігіне сай осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1), 18), 20) және 23) тармақшаларында, 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскеримедициналық (медициналық) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 09 қазандағы № 828 бұйрығының (бұдан әрі - ІІМ-нің № 828 бұйрығы) 11-тармағына сай қызмет өткеретін жері немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медицина (медицина) бөлімшелері немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не болмаса арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, медициналық ұйымдарда (мекемелерде) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде көрсетілетіндігі көзделген. Жергілікті соттар А[...] «Я[...]» ЖШС-нің медициналық ұйымына жүгініп, сонда медициналық көмек алуға қандай себептер болғанын және сол емханада еңбекке жарамсыздық парағын ашу әрекеттеріне жоғарыда аталған ІІМ-нің № 828 бұйрығында көрсетілген қандай негіздер болғанын анықтамаған.
Сонымен қатар істі қарау барысында ұсынылған талап қоюшының жұмыстан шығарылған кезде 2021 жылдың 20 желтоқсанынан бастап 2022 жылдың 1 қаңтар аралығында ашылған №8517493 еңбекке жарамсыздық парағының көшірмесіне бірінші сатыдағы сотпен тиісті түрде баға берілмеген, куәландырылмаған және белгіленген тәртіпке сәйкес тіркеуден өткені не өтпегені толық зерделенбеген.
Талап қоюдың моральдық зиянды өндіру бөлігі бойынша қосымшада толықтай дәлелдер келтірілмеген. Өйткені талап қоюшы нақты өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылғанын растайтын дәлелдемелерді келтіруге міндетті.
Азаматтық іс материалдарында істің мән-жайларымен анықталған құжаттардың түпнұсқалары немесе тиісті түрде куәландырылған көшірмелерімен қамтылмаған.
АПК-нің 68-бабының бесінші бөлігіне сәйкес мән-жайлар, егер оларды растауға құжаттардың көшірмелері ғана ұсынылса, түпнұсқасын ұсыну қажеттігі заң талаптарынан туындаса, анықталды деп есептелмейді. АПК-нің 224-бабында көрсетілгендей сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
АПК-нің 413-бабының бірінші бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді (АПК-нің 413бабының 2- бөлігі).
Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың осы істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, істі апелляциялық сот алқасына жаңадан қарауға жолдау туралы тұжырымға келеді.
Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдау қажет деген тұжырымға келеді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысының күші жойылсын. Азаматтық іс Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберілсін.
Арызданушының өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.К. Шәріпов
Судьялар
А.С. Савинова
М.Т. Балкен
Көшірмесі дұрыс
Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.