ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 тамыз 6001-24-00-6ап/476 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшының өкілі М.К. Менисбаевтың,
мүдделі тұлға «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі С.С.Дабаровтың,
мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың, оның өкілдері С.У . Мусабеков пен Е.А. Ерсұлтанның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айнаш Карабаевна Сатиеваның жауапкер Жетісай қаласының әкіміне іс-әрекетін заңсыз деп тану, 2022 жылғы 25 тамыздағы №196 шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың және Түркістан облысы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы жеке ұйғарымына талап қоюшы А.К. Сатиеваның кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Жетісай қаласы әкімінің (бұдан әрі – Әкім) іс-әрекеті заңсыз деп танылған.
Жетісай қаласы әкімінің 2022 жылы 25 тамыздағы №196 санды шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша Жетісай қаласы әкіміне қатысты жеке ұйғарым қабылданған.
Мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы А.К. Сатиева кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының жеке ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.
Жауапкер Әкімнің өкілі Ш.Ш. Ажикабылов сотқа мас күйінде келуіне байланысты бақылау-өткізу пунктінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратына кіргізілмеген. Түскі уақыттан соң сот мәжілісі жалғасқанда қайта келіп, өзінің мас күйінен айыққанын айтып, өзі медициналық куәландырудан өткені жайлы акті ұсынды.
2024 жылғы 15 қазандағы сағат 14-37-де өткізілген медициналық куәландырудың №10274 санды актісіне сай, Ш.Ш. Ажикабылов ауырлық дәрежесі жеңіл мас күйінде болған. Сондықтан оны іске қатыстырудан бас тартылды.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың және оның өкілдерінің, талап қоюшы өкілінінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған, бірақ жеке ұйғарым негізсіз қабылданған.
Істің мән-жайлары сот актілерінде егжей-тегжейлі баяндалған, ол жөнінде тараптардың арасында талас туындамаған.
Қаралып отырған даудың себептері 2009 жылғы 27 мамырда қайтыс болған мұра қалдырушы - А.Б. Серикбаевтың мүлкіне оның балалары мен зайыбы А.К. Сатиеваның мұрагерлік құқықтарынан туындаған.
Бұрын 2009 жылғы 28 желтоқсандағы мұралық мүліктерді бөлу туралы өзара келісім бойынша А.К. Сатиева өзі үшін және кәмелетке толмаған ұлдары С. Әбдіғаппар және Б. Әбдіғаппар үшін заңды өкілі - анасы ретінде ісәрекет етуші, Л.Ә. Әбдіғаппар, Ж.Ә. Әбдіғаппардың қамқоршысы А.К. Сатиеваның және Мақтаарал ауданы білім бөлімінің өкілі Г. Калжанованың қатысуларында мұралық мүліктер келесі тәртіпте бөлінген: Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі бойында орналасқан нөмірсіз қонақ үй, асхана, бастырмалар, қойма және әжетхана салуға арналған кадастрлық №19303-006-178, алаңы 1,5000 га жер учаскесінің 3/7 бөлігі А. Сатиеваның иелігіне, 1/7 бөлігі С. Әбдіғаппардың, 1/7 бөлігі Б. Әбдіғаппардың, 1/7 бөлігі Ж. Әбдіғаппардың иелігіне өткен. Мұраға құқық туралы куәліктер мен мұралық мүліктерді бөлу туралы келісім Мақтаарал аудандық Әділет басқармасында 2009 жылы 31 желтоқсанда тіркеуден өтіп, аталған мүлікке мұрагерлердің меншік құқықтары пайда болған.
Әкімнің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешімімен А.К. Сатиеваға Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі бойында орналасқан пайдаланудағы қонақ үй, асхана, бастырмалар, қойма және әжетхана, жалпы ауданы 15 000,0 шаршы метр бөлінетін жер учаскесіне сатып алу арқылы жеке меншік құқығы беріліп, меншік құқығының сатып алу бағасы 9 090 000 теңге болып белгіленген.
Жер қатынастары бөлімі мен А.К. Сатиева арасында 2013 жылы 1 қарашада №106 Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі №747 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-303-006-178 көлемі 1,5000 га жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалған.
2013 жылы 11 қазандағы №316 шешім және 2013 жылы 1 қарашадағы №106 сатып алу-сату келісім шарты Мақтаарал ауданының Әділет басқармасында 2013 жылы 20 қарашада тіркелген, аталған жер учаскесіне А.К. Сатиеваның меншік құқығы пайда болған.
Әкімнің 2016 жылы 5 қазандағы №251 шешімімен кадастрлық №19303-006-178 жер учаскесіне меншік құқық беретін актісімен жалпы ауданы 15 000,0 ш.м. қонақ үй, асхана, бастырмалар, қойма және әжетхана салу үшін берілген жер учаскесінің толығымен нысаналы пайдалану мақсаты «қонақ үй, асхана, бастырмалар, қоймалар, жеңіл үлгідегі сауда шатырларын және жалға беру орындарын орналастыру үшін» деп өзгертіп берілген. Аталған шешім Жетісай аудандық Әділет басқармасында 2016 жылғы 12 қазанда тіркеуден өткен.
Ж.Ә. Әбдіғаппардың өтінішіне сәйкес, Әкімнің 2022 жылы 25 тамыздағы №196 шешімімен Жетісай қаласы әкімінің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешімі «Сатиева Айнаш Карабаевнаға, Әбдіғаппар Бисұлтан Әбдіғаппарұлына, Әбдіғаппар Жанат Әбдіғаппарқызына, Әбдіғаппар Сұлтанға ортақ меншік құқығымен бекітіліп берілсін» деген сөздермен толықтырылған.
Бұл толықтырумен келіспеген А.К. Сатиева Әкімнің 2022 жылы
25 тамыздағы №196 шешімін даулап сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Бұрын Ж.Ә. Әбдіғаппар мұрагерлік үлесін даулап жауапкерлер А.К. Сатиеваға, С. Әбдіғаппар мен Б. Әбдіғаппардың заңды өкілі А.К. Сатиеваға, Әкімге, Мақтарал аудандық жер кадастр бөліміне, Мақтарал ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне, Мақтарал аудандық Әділет басқармасына, мүдделі тұлға жеке нотариус Г. Алимхановаға:
мұрадан өзіне тиесілі үлесті мүліктей бөлу;
Жетісай қаласы, Қазыбек би көшесі №15 жер учаскесінде орналасқан ғимараттардан 1/7 үлесін ақшалай саунаға жатыстырып, саунаның жалпы құны үлесінен асып кеткен жағдайда, ақшаны жауапкерден өндіру;
Жетісай қаласы әкімінің 2013 жылғы 11 қазандағы №316 шешімін;
2013 жылғы 1 қарашадағы №106 1,500 га жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартын;
1,500 га жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актіні, олардың Әділет басқармасындағы тіркеулерін жарамсыз деп тану туралы Мақтаарал аудандық сотына талап арызбен жүгінген.
Сол дау бойынша қабылданған Мақтаарал аудандық сотының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы қабылданған шешімі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2017 жылғы 17 қаңтардағы заңды күшіне енген қаулысымен өзгертіліп:
Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округі, Жаңа құрылыс көшесі, №1 учаскесінде орналасқан шаруа қожалығын жүргізуге арналған кадастрлық №19-288-022-476, көлемі 3,39 га жер учаскесінен талапкер Ж.Ә. Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,4843 га жер учаскесі бөліп беруге;
Ж.Ә. Әбдіғаппарға тиесілі 0,4843 га жер учаскесінің орналасқан аумағы Мақтаарал аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру бөлімшесінің маманы жасаған 2017 жылғы 11 қаңтардағы №2-17-18-14/09 актідегі №1 нұсқасы, көршілес шаруашылығы жағына шекаралас «А» нүктеден 4,9 метр «Б» нүктеге дейін, «Б» нүктеден 996,81 метр «В» нүктеге дейін, «В» нүктеден 4,9 метр «Г» нүктеге дейін белгілеуге;
Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Қазыбек би көшесі, №15 мекенжайда орналасқан кадастрлық №19-303-010-091, көлемі 1,4256 га жер учаскесінен талап қоюшы Ж.Ә. Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,2036 га жер учаскесінің үлесі жауапкер А.К. Сатиевадан талап қоюшы Ж.Ә. Әбдіғаппардың пайдасына 5 821 657 теңге өндіруге;
Мақтаарал ауданы, Жетісай-Мақталы жол бойында орналасқан нөмірсіз кадастрлық №19-303-002-096, көлемі 3,000 га жер учаскесінен талап қоюшы Ж.Ә. Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,4285 га жер учаскесі бөліп беруге;
Ж.Ә.Әбдіғаппарға тиесілі 0,4285 га жер учаскесінің орналасқан жері мамандар жасаған 2017 жылғы 11 қаңтардағы №2-17-18-14/09 актідегі №2 нұсқадағы Жетісай-Мақталы жолының орта белінен 30 метр қашықтықта орналасқан «А» нүктеден 60 метр «Б» нүктеге дейін, «Б» нүктеден 84,3 метр «В» нүктеге дейін, «В» нүктеден 47,5 метр «Г» нүктеге дейін, «Г» нүктеден 78,0 метр «А» нүктеге дейін белгілеуге;
Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, №9 «а» мекенжайда орналасқан кадастрлық №19-303-006-723, көлемі 0,0137 га жер учаскесінен талап қоюшы Ж.Ә. Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,002014 га жер учаскесі, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі №9 «а» мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-303-006-722, көлемі 0,0015 га жер учаскесінен талап қоюшы Ж.Ә.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,0002142 га жер учаскесі, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі №9 «а» мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-303006-721, көлемі 0,0145 га жер учаскесінен талап қоюшы Ж.Ә. Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,0020714 га жер учаскесі, жалпы үш жер учаскесіндегі Ж.Ә. Әбдіғаппардың қосынды үлесі 0,004232 га телімінің мамандар жасаған 2017 жылғы 11 қаңтардағы №2-17-18-14/09 актідегі №1 нұсқадағы Шәкәрім көшесінің орта белінен 33 метр, Әуезов көшесінің орта белінен 24 метр қашықтықта орналасқан кадастрлық №19-303-006-721 жер учаскесінің «1» нүктеден 6 метр «2» нүктеге дейін, «2» нүктеден 7,1 метр «3» нүктеге дейін, «3» нүктеден 6 метр «4» нүктеге дейін бөліп беруге;
ал Ж.Ә. Әбдіғаппардың Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі, №747 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19-303-006-178 көлемі 1,5000 га жер учаскесінің оған тиесілі 1/7 мұралық үлесін бөлініп беру және Әкімнің 2013 жылғы 11 қазандағы №316 жауапкер А.К. Сатиеваға жалпы ауданы 15 000,0 шаршы метр жер учаскесін сатып алу арқылы жеке меншік құқығын беру туралы шешімін заңсыз деп танып, бұзу туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдыруға ;
Ж.Ә.Әбдіғаппардың жауапкер А.К. Сатиева мен «Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің арасында 2013 жылғы 1 қарашадағы №106 жасалған Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі, №747 мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19303-006-178, көлемі 1,5000 га жер учаскесін сатып алу-сату келісім-шартын, 2013 жылғы 11 маусымдағы осы жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні, оның Әділет басқармасындағы тіркеуінің 6/7 бөлігінде жарамсыз деп тану, №19-303-010-091 жер учаскесін мүліктей нақты бөліп беру туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыруға жаңа шешім қабылданған. Яғни, бұл сот шешімімен аталған мұрагерлердің арасындағы барлық даулар, оның ішінде 1,500 га жер учаскесіне А.К. Сатиеваның жеке меншік құқығын табыстау туралы Әкімнің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешімі, жер учаскесін сатып алу-сату шарты, меншік құқығын тіркелуінің заңдылығына баға беріліп, шешімін тапқан.
ӘРПК-нің 7 және 11-баптарына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік қалауды өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Осы Кодекстің 41-бабының үшінші бөлігінде мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында өздеріне көзделмеген функцияларды жүзеге асыруына тыйым салынатыны қаралған. ӘРПК-нің 155 бабының екінші бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден асқанын-аспағанын және әкімшілік қалауды жүзеге асыру осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келетінін-келмейтінін де тексереді. Жоғарыда аталған азаматтық іс бойынша сот қаулысы күшінде тұрғанда Әкімнің 2022 жылы 25 тамыздағы №196 шешіммен өзінің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешіміне «Сатиева Айнаш Карабаевнаға, Әбдіғаппар Бисұлтан Әбдіғаппарұлына, Әбдіғаппар Жанат Әбдіғаппарқызына, Әбдіғаппар Сұлтанға ортақ меншік құқығымен бекітіліп берілсін» деген сөздермен толықтыруы сот шешімін өзгерту болып табылады.
АПК-нің 21-бабының екінші бөлігіне сай заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Осы Кодекстің 434-бабына сәйкес жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртіппен қайта қарауы мүмкін.
Мұрагерлердің құқығына байланысты талаптарын желеу етіп іс жүзінде сот заңды деп таныған Әкім қаулысына өзгеріс енгізу арқылы әрекет ету мұрагерлік дау бойынша қабылданған сот шешімін қайта қарау болып бағалануға жатады. Мұндай құзірет Әкімге заңмен берілмеген.
ӘРПК-нің 84-бабының бірінші және жетінші бөліктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Заңсыз қолайлы әкімшілік акт осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларда ғана күші жойылуға жататыны көзделген.
Істің бұл тұрғысында соттардың талапты қанағаттандыруы заңға сәйкес қабылданған.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің (шешім мен қаулы) күшін жоюға негіз бола алмайды.
Алайда апелляциялық сот алқасының Әкімнің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешімінің заңдылығын қайта тексеру туралы жеке ұйғарым шығаруы қате болып табылады.
Апелляциялық сот алқасы бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырғанда азаматтық істер қарайтын сот алқасының қаулысымен Әкімнің 2013 жылы 11 қазандағы №316 шешімі заңды деп танылғанын, ол қайта дәлелденбейтіні дәлелденуге жатпайды деп қорытындыға келе тұра, Әкімнің шешімінің заңдылығына қайта баға беру қажет деп өз-өзіне қарама-қайшы тұжырым жасауы негізсіз.
Сондықтан, жеке ұйғарымның күші жойылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) және 8) тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы жеке ұйғарымының күші жойылсын.
Мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Талап қоюшы А.К. Сатиеваның кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.