ВС РК - Постановление от 05.05.2022 по делу 6001-22-00-3гп/142 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/142

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 5 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріповтің,

судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, Ш.С.Иманиязованың,

талап қоюшы М[...],

талап қоюшының өкілдері М[...], В[...],

жауапкердің өкілі К[...],

аудармашы М[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы М[...] жауапкер «S[...]» басқарушы компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру, жұмыстан шеттеткені үшін ақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

М[...] Серіктестіктің (жұмыс беруші) 2020 жылғы 02 шілдедегі № 553 бұйрығының күшін жою, жүргізуші-кассир қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 750 000 теңге, 2020 жылдың 4 маусымынан шілде айына дейін жұмыстан шеттеткені үшін 150 000 теңге жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Еңбекші аудандық сотының 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған.

М[...] өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, Шымкент қалалық сотының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысының күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілдерінің өтінішхатты қолдаған пікірлерін, Серіктестік өкілінің қарсылығын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестіктің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 195 бұйрығы негізінде М[...] жүргізуші-кассир қызметіне жұмысқа қабылданған.

Онымен еңбек және толық жеке материалдық жауапкершілік туралы № 195 шарттары жасалып, қызметтік міндеттерін атқару үшін тиісті акт негізінде маркасы «ANKAI HFF6850G» мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автобус берілген.

2020 жылғы 27 мамырда Серіктестік қызметкері Т[...] басшылықтың атына берген шағымында М[...] лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтынын, көлік құралын санитарлықэпидемиологиялық талаптарға сай пайдаланбайтынын көрсеткен. Аталған мәселе 2020 жылғы 4 маусымда Серіктестік директоры орынбасарлары мен колонна басшыларының қатысуларымен өткізілген жиналыста қаралып, М[...] басқа колоннаға ауыстыру жөнінде шешім қабылданған.

Осыған байланысты, Серіктестіктің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 478 бұйрығымен М[...] қызметтік міндеттерін әрі қарай атқару үшін № 1 колоннаның № 182 бағытынан № 3 колоннаның № 139 бағытына ауыстырылған.

Бұл бұйрықпен М[...] танысудан, 2020 жылғы 13 маусымда жұмысқа шығудан бас тартқан, ол жөнінде тиісті акт жасалған.

Колонна бастығы К[...] 2020 жылғы 16 маусымдағы баянатында М[...] өзін басқа колоннаға ауыстырмауды сұрағанын, оның еңбек тәртібін бірнеше рет бұзғанын атап өткен.

Серіктестіктің 2020 жылғы 2 шілдедегі № 553 бұйрығымен М[...] № 4 колоннаның № 152 бағытына жүргізуші-кассир қызметіне ауыстырылған. Аталған бұйрықпен ол уақытылы таныстырылған.

М[...] функционалдық міндеттерін басқа колоннаға ауыстырылғанын жұмыстан шеттету деп санап, жұмыс берушінің 2020 жылғы 11 маусымдағы № 478 және 2020 жылғы 02 шілдедегі № 553 бұйрықтарын заңсыз деп танып, өзінің пайдасына тиесілі жалақысын өндіруді сұраған.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 19 тамызда Серіктестіктің қызметкерлері Т[...] мен Р[...] мекеме басшылығына М[...] бекітілген «ANKAI HFF6850G» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] көлік құралының тіркеу туралы куәлігінің жоғалғаны туралы мәлімдеген.

Аталған факт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, құжаттың жоғалуы М[...] кінәсінен орын алғаны анықталған.

2020 жылғы 26 тамызда Серіктестіктің тәртіптік комиссиясымен

М[...] еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылданған.

М[...] қызметтік автокөліктің техникалық құжаттарын жоғалту негізі бойынша өзімен еңбек қатынастары тоқтатылғанымен келіспей, Серіктестіктің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 724 бұйрығын заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттар, М[...] өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, автобус пен басқа да құндылықтарға ұқыпты қарамай, ісәрекеттерімен автокөліктің техникалық құжатын жоғалтуы жұмыс беруші үшін оған деген сенімінің жоғалтуына жеткілікті негіз екенін, сонымен қатар талап қоюшы басқа колоннаға ауыстырылғаннан кейін өз еркімен жұмысқа шықпағанын көрсетіп, онымен еңбек шартын бұзу туралы даулы бұйрықтың заңға сәйкес қабылданғаны жөнінде тұжырымға келген. Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сай жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса бұзылуы мүмкін. Көрсетілген норманың мазмұнында, жұмыскер өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын кінәлі әрекеттер жасаса немесе оның әрекетсіздігі және бұл әрекеттер немесе әрекетсіздігі жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартының бұзылуы көзделген.

2020 жылғы 26 тамыздағы Серіктестіктің тәртіптік комиссиясының шешімімен М[...] жұмыстан босату туралы шешім қабылданып, 2020 жылғы 27 тамыздағы № 724 бұйрығымен онымен еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкерге сенімнің жоғалуына байланысты тоқтатылған.

Алайда, М[...] қызметтік автокөліктің техникалық құжатын жоғалтуы салдарынан өзінің немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын кінәлі әрекеттер болып табылмайды, себебі ол өзінің қызметтік жағдайын жұмыс берушінің мүдделеріне қайшы өз мүддесі немесе үшінші тұлғаның мүддесі үшін пайдаланбаған.

Сондықтан, М[...] қызметтік автокөліктің техникалық құжатын жоғалту әрекеті жұмыс берушінің оған деген сенімнің жоғалуына негіз болмайды.

Сонымен бірге, тараптардың арасында 2020 жылғы маусымда туындаған еңбек дауы бойынша М[...] сотқа бірнеше рет жүгінгені, алайда келісім комиссиясының шешімі болмауына байланысты талап қою арыздары қараусыз қалдырылғаны, комиссияны құру туралы арызы бойынша шешім тек 2020 жылғы 28 желтоқсанда қабылданғаны Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен ескерілмей, анықталмаған.

Істің бұл тұрғысында, алқа М[...] еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде тоқтатылуға жатпайды деп санайды.

Бұдан басқа, жергілікті соттардың тұжырымдары талап қоюшының қызметтік міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны жөнінде, атап айтқанда даулы бұйрықты қабылдауға негіз болып танылмаған басқа да мән-жайларды қамтиды.

Еңбек кодексінің 1-бабының 76-тармағына сәйкес, тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.

М[...] өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, автобус пен басқа да құндылықтарға ұқыпты қарамай, іс-әрекеттерімен автокөліктің техникалық құжатын жоғалтуын алқа онымен жіберілген тәртіптік теріс қылық деп санайды.

Өз кезегінде, жұмыс беруші талап қоюшыға Еңбек кодексінің 64-бабының талаптарына сәйкес, тәртіптік жаза қолдануға құқылы еді.

Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың осы істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Осыған орай, осы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша М[...] жауапкер «S[...]» басқарушы компания» ЖШС-ке жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қою арызы қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдануға жатады.

Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленеді.

Алайда, бірінші сатыдағы сот, дау еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтынына және мәлімделген талаптардың бірі бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіріп алу болып табылатынына қарамастан, талап қоюшының орташа жалақысы туралы мәліметтерді талап етпеген.

Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 413-бабы 1-бөлігінде көзделген шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеру туралы талабын орындамастан толық көлемде бірінші сатыдағы сот тұжырымдарының дұрыстығымен және апелляциялық шағым дәлелдерін тиісті зерттеусіз дәрменсіздігі туралы жалпы қорытындымен ғана шектелген.

Материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының жоғарыда аталған бұзушылықтарын кассациялық сатыдағы сот жоя алмайды, өйткені істің нақты мән-жайларын анықтау талап етіледі. Жоғарғы Сотының сот алқасына процессуалдық заң нормаларымен мұндай өкілеттіктер берілмеген.

Осыған байланысты талап арыздың бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы, жұмыстан шеттеткені үшін ақы өндіру туралы бөлігінде іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі қайта қараған кезде, сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, тараптардың уәждерін жан-жақты тексеріп, іс бойынша жиналған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5),8) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Еңбекші аудандық сотының 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімінің, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысының күші жойылсын. «S[...]» басқарушы компания» ЖШС-нің 2020 жылғы 27 тамыздағы №724 санды М[...] жұмыстан босату туралы бұйрығын заңсыз деп танып күшін жойып, талап қоюшы М[...] бұрынғы «S[...]» басқарушы компания» ЖШС-нің жүргізуші-кассир қызметіне қайта орналастыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы М[...] жауапкер «S[...]» басқарушы компания» ЖШС-нен бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін еңбек ақысын 2020 жылғы 04 маусымнан шілде айына дейін жұмыстан шеттеткені үшін 150 000 теңге жалақы өндіру туралы талап арызының бөлігі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа судьялар құрамында қайта қарауға жіберілсін.

М[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.Шәріпов

Судьялар

М.Бектұрғанов

Ш.Иманиязова

Көшірмесі дұрыс Судья

М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.