ВС РК - Постановление от 25.10.2019 по делу 6001-20-00-6кп/11 (Об административном правонарушении)

6кп-11-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 16 cәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева, судьялар М. Балкен, Ж. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры К[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Н[...] және оның қорғаушы адвокаты А[...] (2019 жылғы 25 қазандағы қорғау туралы хабарлама) қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Н[...] (NASIROVA MOKHIGUL) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысымен Н[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірін, А[...] түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді. ӘҚБтК-нің 840-бабының 4-тармағы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына, жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.

Іс материалдарына сәйкес Қырғыз Республикасының азаматшасы Н[...] 2019 жылғы 22 қыркүйекке дейінгі мерзімге тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, үш тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған

қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот Н[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша Н[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

Сонымен қатар, туу туралы куәліктер бойынша Н[...] екі баласы Н[...], 25 қаңтар 2016 жылы, Н[...], 26 ақпан 2018 жылы Қазақстан Республикасының Шымкент қаласында туған. Сондай-ақ, Шымкент қаласы оқу мекемесінің берген анықтамасына сәйкес Н[...] бір баласы Р[...] жалпы орта мектепке барады.

Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

Сонымен бірге, сотпен тағайындаған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз атааналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген.

Н[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.

Сондықтан алқа Н[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Н[...] (NASIROVA MOKHIGUL) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

Н[...] (NASIROVA MOKHIGUL) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 26 513 (жиырма алты мың бес жүз он үш) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар Ж. Ермағамбетова

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.