ВС РК - Постановление от 06.02.2020 по делу 6001-20-00-6кп/1 (Об административном правонарушении)

КӨШІРМЕСІ

6кп-1-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 06 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Рахметулин,

судьялар Г.Әлмағамбетова, Ж.Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],

әкімшілік жауапқа тартылған С[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 21 тамыздағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен

С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен С[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

С[...] автокөлігін басқару кезінде жол жүрісі қағидаларын бұзып,үш бас жылқыны соғып, материалдық зиян келтірген үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылар соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген. Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі С[...] және прокурордың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулылары бұзуға жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1-тармағы бойынша сот қаулысында жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндері зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын бұзуға негіз болады. Әкімшілік іс бойынша 2019 жылғы 23 маусымда сағат 23:05-те С[...] «Тойота Королла» көлік құралымен И[...] үш бас жылқысын Ақтау-Шетпе-Сайөтес тас жолында қаққаны анықталған. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.

Аталған істі қарау барысында жергілікті соттар С[...] әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің (бұдан әрі – Ереже) 10-бөлімінің 1-тармағын бұзғанын көрсеткен.

Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге Ереженің талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.

Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады деген.

Алайда жол-көлік оқиғасының сызбасына сәйкес көлік пен жылқының соқтығысқан жері С[...] көлік құралының қозғалысы жолағында болған. Жолдың жиегінде қандай да бір «Мал өткізу» немесе басқа да ескерту белгілері қойылмаған. Жылқылар бақылаусыз жолдың жиегінде жүргені анықталған.

«Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №7 нормативтік қаулысының 26тармағына сәйкес, егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мәнжайларға қарай ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді. Жергілікті соттар «Мал өткізу» жол белгісінің болмағанына баға бермеген.

С[...] жылдамдық режимін бұзғанын растайтын дәлелдемелер (маманның/сарапшының қорытындысы және басқа) іс материалында жоқ.

Сондықтан алқа С[...] іс - әрекетінде ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігінің әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп есептейді.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша С[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 21 тамыздағы қаулыларының күші жойылсын.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Рахметулин

Г.Әлмағамбетова

Судьялар

Ж.Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс:

А. Рахметулин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.