Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2202 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 20 қараша №6003-25-00-2к/2202 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Н.О.Косанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Р.А.Исполова,

прокурор О.Пернеевтың, талап қоюшы өкілі Қ.Б.Молдагалиевтың, жауапкер өкілі Т.Т.Абжанованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер «Техноком Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану, қарсы талап бойынша талап қоюшы Серіктестік қарсы талап бойынша жауапкер Кәсіпорынға шартты бұзуды заңсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Серіктестіктің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпорын аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Серіктестік қарсы талабында шарт заңсыз бұзылғанын көрсеткен.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және одан мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген, қарсы талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту, қарсы талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386-баптарын, қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы»

Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 31 желтоқсанда тараптар арасында жалпы сомасы 244 091 904 теңге құрайтын тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы №138 шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, оған сәйкес Серіктестік 2025 жылғы 30 қаңтарға дейін 2 лот бойынша: 1) реагенттер жинағы, биологиялық материалдан ДНҚ бөлуге арналған, 6-түрлі-түсті мультиплексті 24 локусты ішкі өлшем стандартымен талдау жиынтығы; 2) реагенттер жинағы, биологиялық материалдан ДНҚ бөлуге арналған, STR локустары Y хромосомасын күшейту жинағын жеткізуге міндеттенген және реактивтердің жарамдылық мерзімі жеткізу кезінде реактивтің жалпы жарамдылық мерзімінің кемінде 70% болуы тиіс.

Алайда, Серіктестік Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сай келмейтін тауарларды жеткізген. Атап көрсеткенде, 2025 жылғы 31 қаңтардағы 8 ұқсас сәйкессіздік актілеріне сәйкес: 1 лот бойынша - Investigator 26plex QS Kit (100) техникалық ерекшелігінде «Шығарылған жылы» бөлімінде 2024 жыл көрсетілгеніне қарамастан жеткізілген тауардың шығарылған күні 2023 жыл болған; 2 лот бойынша - ішкі өлшемдік стандарт (матрицалық стандарт), үлгі Matrix Standard ВТ6 (50), көлемі 50 мл екені көрсетілгеніне қарамастан жеткізілген өнімнің көлемі 50 мкл болған.

Сонымен қатар, Серіктестік тауарды Германия мемлекетінен әкелуі тиіс болса (өндірушінің мекен-жайы Qiagen StraBe 1, 40724 Hilden, Germany (Кьяген штрассе 1, 40724, Хильден, Германия), онымен әкелінген тауардың өндірушісі Қытай Халық Республикасында орналасқан QIAGEN (Shenzhen) Co., Ltd., 2F-6F, No. 18, JinHui Rd., PingShan District, SheZhen, CHINA болған. Сол себепті Кәсіпорын тарапынан Серіктестікке тауарлар бойынша анықталған ескертулерді жою туралы хабарламалар жолданған, бірақ соңғысы ескертулерді түзетпеуіне және техникалық сипаттамаға толық сәйкес келетін тауарды жеткізбеуіне байланысты Кәсіпорын Шартты бір жақты бұзатыны туралы хабарлама жолдаған.

Серіктестікпен сотқа ұсынылған өндірушінің 2025 жылғы ақпандағы хатында реагенттер жинағының тек ғана бірінші компоненті 2023 жылғы 21 ақпанда шығарылған деп көрсетілген, тиісінше бірінші компенентінің жарамдылық мерзімі ерте аяқталатыны және тауардың жарамдылық мерзімі реагенттер жинағының барлық құрамдас бөліктерге қатысты екені сөзсіз. Одан бөлек, өндіруші өзінің 2025 жылғы 11 ақпандағы хатында Matrix Standard ВТ6 (50) өнімі тек ғана 50 мкл көлемінде шығарылатынын көрсеткен,

ал техникалық ерекшелікке сай 2-і лот бойынша сұратылған осы өнімнің көлемі 50 мл болуы тиіс. 2025 жылғы сәуірдегі хатында өндіруші Серіктестік жеткізген тауарды техникалық ерекшелікке сай келетін жарамдылық мерзімі бар тауарға ауыстыратынын немесе қайта шығарып беретінін көрсетпеген, тек ғана реагенттер жиынтығының шығарылу күні 2024 жылғы 18 қазан деп уәждеген және бұған дәлелдемелер келтірмеген. Сотта Шарт талаптарына сай Серіктестік ашық конкурсқа қатысып, қандай тауар әкелінуге жататын білгені, нақты тауарларды белгіленген мерзімде жеткізуге өз келісімін білдіріп, шартқа қол қойғаны, бірақ талап етілген тауарды жеткізбегені анықталған.

Бұл жағдайда соттар Серіктестіктің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы), Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшеліктерде көрсетілген тауарды жеткізе алмайтындай мәнжай туындаса Серіктестік ол туралы Кәсіпорынға хабарлауы тиіс болған (АКтің 349-бабының 1-тармағы).

Істің мұндай тұрғысында, Серіктестік Шарт бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындамаған, жеткізілген тауар техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмеген, жеткізуші тарапынан бұзушылықтарды жоюға тиісті шаралар қабылданбаған, сол себепті талап қою қанағаттандырылуға, қарсы талап қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Техноком Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Косанов Судьялар Н.Жумагулова Р.Исполова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.