6001-22-00-3гп/280
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 27 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ш.С.Иманиязова,
судьялар С.А.Абдрахманов, З.Б.Кейкибасова,
талап қоюшының өкілі А[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «БИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) жауапкерлер М[...], М[...], ««ЮМ[...]»» ЖШС-ге, үшінші тұлға К[...] сатып алу-сату шартын, шартты жасауға берілген келісімді, есептен шығару бұйрығын, сенімхатты, жазбаша мәмілені жарамсыз деп тану, көліктің мемлекеттік тіркеуін қалпына келтіру, жүк көлігін беру міндетін жүктеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысына «БИК[...]» ЖШС-нің өкілі келтірген өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
«БИК[...]» ЖШС жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2021 жылғы 24 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
2019 жылғы 18 қарашада «БИК[...]» ЖШС мен М[...] арасында жасалған, 2020 жылғы 23 қаңтарда М[...] мен А[...] арасындағы маркасы Howa ZX 4257 S3241v, 2006 жылы шығарылған жазбаша нысанда жасалан жүк көлігін (бұдан әрі – даулы жүк көлік), 2020 жылғы 3 ақпанда А[...] пен «ЮМ[...]» ЖШС арасындағы даулы жүк көлігін сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.
««ЮМ[...]»» ЖШС-нің лауазымды тұлғасына даулы жүк көлігін «БИК[...]» ЖШС-ге беру міндеті жүктелген.
Талаптың М[...] даулы жүк көлігін «БИК[...]» ЖШС-ге беру туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
М[...] мен М[...] «БИК[...]» ЖШС-нің пайдасына жалпы 282 972 теңге сот шығыны үлестiк тәртібімен өндірілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының
2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен аудандық соттың шешімінің күші
жойылып, талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшының өкілі А[...] өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкерлер және үшінші тұлға К[...] кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған, алайда сот отырысына қатыспады, бейнеконференцбайланысы арқылы қосылмады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
Сот алқасы талап қоюшының өкілі өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сай, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2018 жылғы 21 қыркүйектегі көлік құралының куәлігіне сай даулы жүк көлігі «БИК[...]» ЖШС-нің атында тіркеуде тұрған.
2019 жылғы 18 қарашадан бастап «БИК[...]» ЖШС-нің жалғыз құралтайшысы және бірінші басшысы К[...] болған.
2019 жылғы 18 қарашадағы «БИК[...]» ЖШС мен М[...] арасында жасалған сатып алу-сату шарты негізінде даулы жүк көлігі соңғының иелігіне өткен.
2020 жылғы 23 қаңтардағы және 3 ақпандағы сатып алу-сату шарттары бойынша даулы жүк көлігі А[...], кейін «ЮМ[...]» ЖШСнің иелігіне өткен.
«БИК[...]» ЖШС даулы жүк көлігі өзінің меншігінен белгісіз жағдайда шығып кеткенін көрсетіп, Шымкент қалалық полиция Департаментінің Еңбекші аудандық полициясына арызданған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жазу мен қолтаңбаның сот сараптамасы тағайындалған.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы» РМҚК-нің филиалы Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институты сарапшысының 2020 жылғы 3 наурыздағы қорытындысына сәйкес 2019 жылғы 18 қарашадағы автокөлікті есептен шығару бұйрығында, серіктестіктің жалғыз қатысушысының мәміле жасауға берген келісімінде, сенімхатта және көлікті сатып алу-сату шартында К[...] атынан жасалған қолтаңбалар онымен емес, басқа тұлғамен орындалғаны анықталған.
Ал жауапкерлер жағы ұсынған 2020 жылғы 21 қыркүйектегі маман Б[...] қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген құжаттардағы қолтаңбалар К[...] тиесілі екені көрсетілген.
Сотта сұралған Сот сараптамалары институтының сарапшысы М[...] 2020 жылғы 3 наурыздағы № 736 сараптама қорытындысы заң талаптарына сай, тиісті үлгілер алынып жасалғанын мәлімделген.
Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ-ның анықтаушысы полиция капитаны Б[...] әрекеттері заң талаптарына сай еместігі және аталған сараптама қорытындысының заң талаптары бұзылып алынғаны туралы жазбаша дәлелдемелер жауапкерлер тарапынан сотқа ұсынылмаған.
Осыған байланысты, бірінші сатыдағы сот талап қоюшы «БИК[...]» ЖШС-нің талабы ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген. Ал маман Б[...] жасаған 2020 жылғы 21 қыркүйектегі №399 қорытындысын негізге алуға жатпайды деп көрсеткен, себебі ол қорытындыны жасау кезінде К[...] өзінен тиісті қолдарының, жазуларының ерікті үлгілерін алмай, өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, зерттеу жүргізу үшін материалдардың жетіспейтіне қарамастан, заңсыз зерттеу жүргізіп, қолданылуға жатпайтын қорытынды жасаған.
Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайды жоққа шығарып, маман Б[...] қорытындысын негізге алып, шешім шығарған.
Апелляциялық сатыдағы соттың бұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
АПК-нің 65-бабына сәйкес егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, сот оны жарамды деп таниды. Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандай, апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша тұжырымын маман Б[...] қорытындысымен негіздеген.
Алайда, бұл қорытынды жарамды дәлел ретінде таныла алмайды.
Бірінші сатыдағы сотта жауапкер М[...] қайталама сараптама тағайындау туралы өтініш түсірген.
Алайда, судьяның 2021 жылғы 23 маусымдағы ұйғарымымен бұл өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған.
Судья өтінішті қанағаттандырудан бас тартып отыра, сарапшы М[...] және маман Б[...] қорытындыларына құқықтық тұрғыдан баға берген.
АПК-нің 225-бабына сай сот тек шешім шығару кезінде дәлелдемелерді бағалайды.
Бұл жағдайда іс құжаттарындағы сарапшы М[...] қорытындысының көшірмесі, сондай-ақ маман Б[...] қорытындысы бір-біріне қайшы келуін ескере отырып, сот іс бойынша іс жүргізу
заңнамасының талаптарын сақтай отырып, сот жазу мен қолтаңбаны сотсараптамалық зерттеу тағайындау туралы мәселені шешуге тиіс болған.
Істің бұл тұрғысында сот алқасы өтінішхатты негізді және ішінара қанағаттандырылуға жатады деп санайды, себебі, жоғарыда баяндалған мәнжайлар дау айтылған сот актісінің күшін жоюға және істі қайта қарауға жолдау үшін негіздер болып табылады.
Істі жаңадан қараған кезде, сот жіберілген кемшіліктерді жойып, сараптама тағайындау арқылы істің мән-жайын, тараптардың уәждерін жанжақты тексеріп, анықталған мән-жайларға қарай және ұсынған басқа дәлелдемелерге тиісті баға беріп, заңды және әділ шешім қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысының күші жойылып, азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
«БИК[...]» ЖШС-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Ш.С.Иманиязова Судьялар С.А.Абдрахманов
З.Б.Кейкибасова
Көшірмесі дұрыс Судья З.Б.Кейкибасова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.