6кг-15-21
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 8 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Д. Рахметулин, судьялар М.Т.Балкен, А.М.Нурбеков, прокурор Т[...], əкімшілік жауапқа тартылған тұлға «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері К[...] жəне [...],
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің өкілдері Ж[...], Ш[...], К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 278-бабының 1- бөлігі бойынша «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты,
Қызылорда қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығымен келіп түскен, əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің (бұдан əрі – Департамент) 2020 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан əрі – ЖШС) ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігімен 44 063 537 теңге əкімшілік айыппұл салынған.
Қызылорда қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен Департаменттінің қаулысы өзгертілген, айыппұл мөлшері азайтылған. Барлығы 39 118 290 теңге айыппұл салынып, шағым ішінара қанағаттандырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылықта Қызылорда қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының жəне Қызылорда облыстық сотының қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын негіздер бойынша күштері жойылуға жатады деп, əкімшілік істі жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді көрсетілген. Алқа, наразылықты қолдаған прокурордың, ЖШС-тің өкілдерінің, наразылыққа қарсы болған Департаменттің өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп,наразылықтың уəждерін талқылап, сот қаулыларының күші жойылуға жатады деп есептейді.
Іс құжаттарына сəйкес Департаментінің жүргізілген тексеру нəтижесінде ЖШС-нің салық есептіліктерінде салық төлемдерін кемітіп көрсеткені анықталған. Ол бойынша хабарлама шығарылып, корпоративтік табыс салығы – 47 210 522 теңге, қосылған құн салығы – 62 059 577 теңге, қоршаған ортаға эмиссия үшін – 34 463 теңге, көлік құралдарына төленетін салығы бойынша 36 132 теңге есептелінген. Осыған орай, салық төлемдерін кемітіп көрсетуіне байланысты ЖШС-нің əрекеті ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігімен сараланып, əкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылған.
Департаменттің қаулысына сəйкес ЖШС электронды шотфактуралар тізілімі бойынша нақты 2019 жылғы 3 тоқсанында есепке жатқызылуға тиісті айналым сомасы 324 007 597 теңге, ҚҚС сомасы 38 880 912 теңге 2019 жылғы 2 тоқсанында есепке жатқызылғаны үшін, аталған сома 50% мөлшері 19 440 456 теңге (38 880 912 : 2 = 19 440 456) айыппұл ретінде жалпы салынған айыппұл сомасы бастапқы 44 063 537 теңгенің ішіне енгізілген. Сот қаулысымен 39 118 290 теңгеге дейін сомасы төмендетілген.
Алайда, Департаменттің 2020 жылғы 9 маусымдағы салықтық тексеру туралы актісі рəсімделгенге дейін, 2020 жылғы 18 ақпандағы 01.04.2019-30.06.2019 жылдың аралығында камералдық бақылау нəтижесімен 31 020 558 теңге анықталған.
Сол себептен, 2020 жылғы 18 ақпанда камералдық бақылау нəтижелерімен Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы анықталған бұзушылықтарды жою туралы ЖШС-ға хабарлама берген. Сол хабарлама бойынша 31 020 558 теңге бюджетке төлеу қажет еді. Бұзушылықтарды жоюға «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (бұдан əрі – Салық кодексі) 96-бабының 2-тармағына сəйкес отыз жұмыс күні уақыт белгіленген.
Сонымен қоса салық органының хабарламасында салық органы мен оның лауазымды тұлғаларының заңды талаптары орындалмаған жағдайда, ӘҚБтК-не сəйкес əкімшілік жазалар қолданылатыны ескертілген.
Бірақ соттар Кызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жоғарыда көрсеткен хабарламасының күші бар-жоғы анықтамаған жəне қандай себептермен ЖШС-гі анықталған салық сомасын белгіленген мерзімде төлей алмағаның тексермеген.
Себебі, Салық кодексінің 211-бабының 3-бөлігіне сəйкес қосымша жəне (немесе) хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілікті ұсынған кезде салық төлеушi (салық агентi) немесе салық органы камералдық бақылау нəтижелерi бойынша анықтаған салықтардың, төлемдердiң сомасы бюджетке енгiзiлуге жатады, əлеуметтік төлемдердiң сомасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа салық төлеушiнi (салық агентiн) тартпай, Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес төлеуге жатады.
Аталған норманың мəні бойынша егер де салық төлеуші камералдық бақылау нəтижелерiмен анықталған салықтардың, төлемдердiң сомасын бюджетке енгiзсе, онда ол жауаптылықтан құтылады.
Бұл мəн-жайларды жергілікті соттар назарға алмаған.
Өз кезегінде, Департаменттің тексеруі 2020 жылғы 9 маусымда аяқталғаннан кейін, ЖШС-гі қосылған құн салығы бойынша 300.00 нысанды қосымша салықтық есептілігін отыз жұмыс күні ішінде, яғни 2020 жылғы 29 маусымда тапсырған.
Салық органы ҚҚС бойынша салық есепті 38 880 912 теңгеге қабылдаған. Аталған соманың төлем мерзімі 2019 жылғы 25 қараша деп көрсетілген.
Істе салық тексерістің нəтижесі бойынша Департаменттің анықтаған бұзушылықтарды жою туралы ЖШС-ке берген хабарламасы тіркелмеген.
Соттар бір тексеріс мерзімге түскен (салық тексеріс жəне камералдық бақылау) көрсетілген екі салық төлеу сомаларының бір біріне қайшы болғаның себептерін, неге тексеріс бітпей камералдық бақылау жөнінде хабарламаны Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы шығарғаның зерттемей, анықтамаған. Сондай-ақ, салықтық тексеру нəтижелері бойынша белгіленген салық сомасы өтелді ме, жоқ па белгісіз. Өз кезегінде, ЖШС-нің түсініктемесіне сəйкес аталған сомадағы есеп айырысулар шын мəнінде 2019 жылғы 2-тоқсанда жасалған. Ол жөнінде электронды шот-фактурада «дата совершения оборота» деген нұсқада көрсетілген. Бірақ салық органдары аталған электронды шот-фактурада «дата выписки» деген жердегі мерзімде 2019 жылғы 3- тоқсандағы мерзім көрсетілуіне байланысты, бұл ҚҚС сомасын 2019 жылғы 3-тоқсанына енгізілгенің көрсеткен.
Департаменттің облыс прокуратурасына берген хатына сəйкес ЖШС 2019 жылдың 3 тоқсанына қосымша 300.00 нысандағы №331029062020N00199 салық декларациясын 2020 жылғы 29 маусымда тапсыру арқылы 38 880 912 теңге ҚҚС сомасын есепке жатқызған.
Сондықтан, алқа қаулылардың күшін жойып, істі қайта қарауға сотқа жіберуді дұрыс деп есептейді, себебі ӘҚБтК-нің 783-бабына сəйкес əкімшілік құқықтық бұзушылық жөніндегі іс бойынша барлық дəлелдемелерді сот толық, жан-жақты, объективті тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті мамандарды тартып, заңға сəйкес қаулысын қабылдау қажет.
Мұндай жағдайда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын негіздер бойынша жергілікті соттардың қабылданған қаулыларының күші жойылуға жатады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармағын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігі бойынша «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты əкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Қызылорда қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулыларының күшін жойып, іс қайта қаралуына бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Рахметулин
Судьялар
М.Балкен
А.Нурбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.