КСАД РК - Постановление от 05.03.2026 по делу 6003-25-00-4к/2905 (Административное)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 наурыз № 6003-25-00-4к/2905 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья М.А.Манабаева

судьялар Е.Б.Тулеев, Н.Е. Нуралыева талап қоюшының өкілі С.У.Мыркалыковтың,

мүдделі тұлғаның өкілі Ғ.Т. Молдашевтің қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің «Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер Жамбыл көлік прокуратурасына қаулыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша

Жамбыл облысыныңмамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, істің мән-жайларын толық зерттемегенін, сондай-ақ прокурордың даулы қаулыны шығаруға заңды негіздері болмағанын атап көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 112 және 115-баптарына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер сот отырысына бейнеконференцбайланыс арқылы қатысу туралы өтінішхат берді. Алайда өтінішхат қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені, сот отырысы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында қарауға тағайындалған, бұл туралы процеске қатысушылар алдын ала хабардар етілген. Демек, сот отырысының алдын ала белгіленген форматын өзгертуге негіз жоқ. Жауапкер тиісті түрде хабардар етілген, оның дәлелді себептерсіз келмеуі істі кассациялық сатыдағы сотта қарауға кедергі келтірмейді. Кассациялық сот кассациялық шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілін, мүдделі тұлғаның өкілінің пікірін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, мынадай тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттар мұндай бұзушылықтарға жол берген.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңсыз әкімшілік актілерден, әкімшілік органдардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) қорғау, сондай-ақ жария-құқықтық қатынастар саласында заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету әкімшілік іс жүргізудің міндеттері болып табылады.

Сот жария билік органдарының қызметіне сот бақылауын жүзеге асыра отырып, мемлекеттік органның тек формалды құзыретінің болуын ғана емес, сондай-ақ әкімшілік актіні қабылдауға нақты негіздердің болуын, оны қабылдаудың заңда белгіленген тәртібінің сақталуын және мұндай актінің әкімшілік рәсім қағидаттарына сәйкестігін тексеруге міндетті.

ӘРПК-нің 7-бабына сәйкес әкімшілік органдар және лауазымды адамдар тек өз құзыреті шегінде және заң талаптарына сәйкес әрекет етуге міндетті.

ӘРПК-нің 8-бабы бойынша әкімшілік қызмет әділдік, ақылға қонымдылық және мөлшерлестік өлшемшарттарының негізінде жүзеге асырылуға тиіс. ӘРПК-нің 79-бабына сәйкес әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс.

ӘРПК-нің 129-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделгендей, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің заңдылығын дәлелдеу міндеті актіні қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі.

Іс материалдары бойынша 2024 жылғы 6 қарашада «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автомобиль жолында Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жылжымалы көліктік бақылау бекеті ауданында көліктік бақылау іс-шараларын жүргізгені анықталды. «М-НефтеСервис» ЖШС-нің габаритті емес транзиттік жүктерді тасымалдайтын алты жүк көлігі аталған бекеттен шамамен 100-150 метр қашықтықта тоқтаған.

Тасымалдаушының өкілі Инспекция қызметкерлеріне көлік құралдарының салмағын өлшеу туралы құжаттардың көшірмелерін ұсынған. Іс материалдарымен анықталғандай, ұсынылған құжаттар көлік құралдарының параметрлерін өлшеу туралы актілердің белгіленген нысанына сәйкес келмейді, қатаң есептілік бланкілері емес және міндетті деректемелер көрсетілмеген. Осыған байланысты Инспекция қызметкерлері көліктік бақылаудан өту және көлік құралдары қозғалысын жалғастырған кезде олардың салмағын өлшеу қажеттілігін түсіндірген.

Дегенмен, инспекция қызметкерлері іс жүзінде аталған көлік құралдарын тоқтатпаған, олардың қозғалысына тыйым салу немесе шектеу туралы әкімшілік актілерін шығармаған.

Осыған қарамастан, Жамбыл облысының көлік прокуроры 2024 жылғы 8 қарашада тыйым салу мен шектеулерді енгізу бойынша әрекеттердің күшін жою туралы қаулы шығарған.

Сонымен қатар, аталған қаулының мазмұны бойынша Көліктік бақылау инспекциясы нақты қандай тыйым салу немесе шектеу шараларын қолданғаны және нақты қай әкімшілік актінің күші жойылуға жататыны анық байқалмайды.

Осылайша, прокурордың қаулысында бұзушылықтардың нақты нысанасы көрсетілмеген.

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 37-бабына сәйкес прокуратура органдары мемлекеттік органдардың заңсыз актілерінің күшін жою туралы қаулы шығаруға құқылы. Алайда заңсыз актіні қабылдау немесе заңсыз әрекет жасау фактісі анықталған жағдайда ғана аталған өкілеттіктерді жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі.

Іс материалдарынан көрінгендей, «М-НефтеСервис» ЖШС-нің көлік құралдары көліктік бақылау бекетіне кірмес бұрын өздігінен тоқтаған. Бұл ұсынылған дәлелдемелермен, оның ішінде жылжымалы көліктік бақылау бекетінің қызметтік автокөлігінің камерасынан алынған бейнежазбасымен де расталады.

Көліктік бақылау инспекциясы аталған көлік құралдарының қозғалысына тыйым салатын немесе шектейтін қандай да бір әкімшілік актілерді шығармаған.

Көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес көліктік бақылау органдарының лауазымды адамдарына көлік құралдарын тоқтатуға және көлік құралдарының салмақтық параметрлерін өлшеуді жүзеге асыруды қоса алғанда, тасымалдау туралы заңнама талаптарының сақталуын тексеруге өкілеттіктер берілген.

Қолданыстағы нормативтік реттеу мұндай көлік құралдары бұрын кеден бекеттерінде көліктік бақылаудан өткен жағдайларда көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралдарының салмағын қайта өлшеуге тыйым салуды қамтымайды.

Салмақты өлшеудің халықаралық сертификаты болған жағдайда ғана айрықша жағдай көзделген.

Ал «М-НефтеСервис» ЖШС-да мұндай сертификат жоқ.

Кеден органы ұсынған салмақты өлшеу актілері Көліктік бақылау инспекциясының бекетінде көліктік бақылау жүргізу мүмкіндігін теріске шығармайды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта кеден органдары мен Көліктік бақылау инспекциясының ақпараттық жүйелері біріктірілмеген, соның салдарынан шекарада көліктік бақылаудан өткен көлік құралдары туралы мәліметтер Инспекцияның көлік дерекқорына түспейді.

Осындай жағдайларда Инспекцияның лауазымды тұлғаларында бақылау іс-шараларын жүргізуге, соның ішінде көлік құралдарының салмағын қайта өлшеуді жүзеге асыруға құқықтық негіздер болған.

Демек, Көліктік бақылау инспекциясының көліктік бақылауды жүргізуге қатысты әрекеттері оған берілген өкілеттіктері шегінде жүзеге асырылған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеген.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот дауланып отырған Жамбыл облысы көлік прокурорының 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысын қабылдауға заңда белгіленген негіздер болмаған деген қорытындыға келеді. Жоғарыда аталған мән-жайлардың негізінде кассациялық сот осы іс бойынша жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жіберген, сондай-ақ, істің мән-жайларына дұрыс баға бермеген. Бұл шығарылған сот актілерінің күшін жоюға және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға негіз болады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы шешімінің, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша жаңа шешім шығарылсын. «Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап қоюы қанағаттандырылсын. Жамбыл облысының көлік прокурорының тыйым салу және шектеу қою жөніндегі әрекеттердің күшін жою туралы 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысы заңсыз деп танылсын және күші жойылсын.

«Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

М. Манабаева Н. Нуралыева Е. Тулеев

Төрағалық етуші

Судьялар

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.