6001-24-00-6ап/251
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Ондасын Абдрасилович Коблановтың жауапкерлер Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан қаласы әкімдігіне, Нурлан Абдрасилович Каблановқа, Кулсинай Туякбаеваға әрекетін құқыққа қайшы деп тану, жекешелендіру келісім шартына өзгеріс енгізуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы О.А. Кобланов сотқа жоғарыда көрсетілген талап арызбен жүгініп, негіздемесіне өзінің анасы Г.Туяқбаевамен 1993 жылғы 11 қаңтарда Түркістан қалалық әкімшілік арасында жасалған пәтерді жекешелендіру туралы №2606 келісім шартта өзінің аты-жөні көрсетілмегенін, бұл туралы 2022 жылғы желтоқсан айында інісі Н.Кабланов пәтердегі өз үлесін анасына берген кезде білгенін көрсеткен.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымымен әкімшілік талап қою арызы мерзімді өткізіп алуына байланысты кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және істі негізінен қарау үшін басқа сот құрамында қайта қарау үшін жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар О.А.Коблановтың талап арыз беру мерзімін өткізіп алынғанын, ол мерзімді қалпына келтіруден бас тартып, талап арызды кері қайтарған.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының тұжырымдарымен келісіп, олар келесі негіздермен заңды әрі негізді қабылданған деп тапты.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілетіндігі қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер сот мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екендігі көзделген.
ӘРПК-нің 129-бабы 1-бөлігіне сәйкес, берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
Мәжбүрлеу туралы талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы жекешелендірген пәтер бойынша отбасы мүшесі болып табылады және пәтерді жекешелендіру туралы келісім шарт жасалған кезде ол 21 жаста болған.
Демек, бұл тұрғыда талап қоюшының пәтерді жекешелендіру туралы келісім шарт жасалған кезден бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарының бар-жоғын тексеруіне және өзінің бұзылған құқықтарын қорғауына ешқандай кедергі болмаған. Сондай-ақ, «Жылжымайтын мүлік» дерекқорының мәліметтеріне сәйкес жылжымайтын мүлікке К.Туякбаеваның құқықтары 1993 жылғы 11 қаңтардағы жекешелендіру және 2022 жылғы 21 қарашадағы сыйға тарту келісім шартының негізінде тіркелген.
Бұл ретте, талап қоюшы сыйға тарту келісім шарты жасалғаннан кейін үш ай өткеннен кейін жекешелендіру туралы келісім шартқа өзгеріс енгізу туралы арызбен сотқа жүгінген. Сондықтан, жергілікті соттар талап қоюшының құқықтарының бұзылғаны туралы өзіне тек 2022 жылы белгілі болды деген уәждерін негізсіз деп тапқан.
Талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен тек 2023 жылғы 16 тамызда жүгінген, яғни сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алған, ал оларды растайтын дәлелді себептер ұсынбаған.
Істің бұндай тұғысында жергілікті соттар ӘРПК-тің 138-бабының 2- бөлігінің 15) тармақшасына сай, яғни өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартып, талап арыз қайтарылу қажет деген тұжырымдары негізді болып табылады.
Жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ондасын Абдрасилович Коблановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
С.Ү. Баймаханов Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.