ВС РК - Постановление от 01.04.2024 по делу 6001-24-00-3Г/16(4) (Гражданское)

6001-24-00-3г/16(4)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 1 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жауапкер «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшының жағындағы үшінші тұлғалар «Темирлан Проект» және «A[...]» ЖШС-не, жауапкер жағындағы үшінші тұлға дара кәсіпкер «Абылайхан Нуржанович Алигентке» мердігерлік шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап, нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу, тұрақсыздық айыбын өндіру және талап қоюшы «Г[...]» ЖШС-нің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - Кәсіпорын) атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы бір өндіріске біріктірілген талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 қазандағы қаулысына Кәсіпорынның келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімімен Кәсіпорынның талап қоюы қанағаттандырылып, «Г[...]» ЖШС 2021 жылғы 21 қазандағы №202 кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы құрылыс мердігерлік шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап объектіні пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеліп, Кәсіпорынның пайдасына тұрақсыздық айыбы 2 174 581 теңге және мемлекеттік баж алымы 66 963 теңге өндірілген.

Серіктестіктің талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Кәсіпорынның Серіктестікке шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап, нысанды пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруға міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Серіктестіктен Кәсіпорынның пайдасына 65 238 теңге төленген мемлекеттік баж алымы өндірілген.

Серіктестіктің Кәсіпорынға атқарылған жұмыстарды қабылдау актісін жарамды деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған.

2021 жылғы 21 қазанда жасалған №202 кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы құрылыс мердігерлік шарты бойынша 2021 жылғы сәуір айында 5 265 331 теңгеге атқарылған жұмыстар туралы №КС-2 үлгісіндегі бір жақты жасалған актісі жарамды деп танылған.

Кәсіпорыннан Серіктестіктің пайдасына 1 725 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.

Шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Кәсіпорын іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылдың 21 қазанында тараптар арасында №202 кондоминиум нысанының ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізу туралы құрылыс мердігерлік шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалған.

Шарттың 1.2, 1.3, 2.1-тармақтарына сәйкес жауапкер Қызылорда қаласы, [...] көппәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін 2021 жылдың 21 қазаны мен 2022 жылдың 21 қаңтары аралығында 34 067 419 теңгеге орындауға міндеттенген.

2021 жылдың сәуір айында 5 265 331 теңгеге №КС-3 атқарылған жұмыстарды қабылдау актісі (бұдан әрі – Даулы акті) Мердігермен бір жақты толтырылған.

Шарт бойынша 2021 жылдың қараша айында 17 570 692 теңгеге, 2021 жылдың желтоқсан айында 11 231 397 теңгеге №КС-3 атқарылған жұмыстарды қабылдау актілері жалпы 28 802 089 теңгеге тараптардың қолдары қойылып рәсімделген.

2023 жылдың 10 наурызында 5 265 331 теңгеге атқарылмаған жұмыстар актісі толтырылған. Осы актіге мамандандырылған уәкілетті

ұйым, техникалық және авторлық қадағалаушы қолдарын қойған, мердігер қолын қоймаған.

Серіктестік шарт бойынша міндеттемесін толық орындамауына байланысты Кәсіпорын оған Шарт бойынша жұмыстарды тиісінше орындап объектіні пайдалануға қабылдау актісімен тапсыруды міндеттеу және 2 174 581 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Өз кезегінде Серіктестік талап қоюмен сотқа жүгініп, Кәсіпорын өз міндеттемесін орындамай, орындалған жұмыстардың ақысын төлемегенін көрсетіп, Даулы актіні жарамды деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы соттың шешімді қабылдауға «Г[...]» ЖШСнің шарт бойынша міндеттемелерінің тиісінше орындағаны сотта жеткілікті дәлелдемелер жиынтығымен өз дәлелін таппағаны жөніндегі тұжырымға келуі негіз болған.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың аталған тұжырымымен келіспеген.

Іс бойынша тағайындалған сот-құрылыс техникалық және экономикалық сараптамасына сәйкес сарапшылардың 2023 жылғы 29 маусымдағы №1078 қорытындысы бойынша мердігермен 50 дана розетка орнатудан бөлек, аталған атқарылмаған жұмыстар туралы актісінде көрсетілген жұмыстар толығымен 5 230 230 теңгеге орындалған. Апелляциялық сот алқасы аталған жұмыстар мердігермен атқарылған, бұл жөнінде тиісті дәлелдемелер ұсынылған, олар Кәсіпорынмен жоққа шығарылмаған, Кәсіпорын өкілінің өзі мердігермен шарт бойынша нақты қандай жұмыстардың атқарылмағаны, нақты қандай көрінеу немесе жасырын кемшіліктердің анықталғаны жөнінде көрсете алмаған, жұмыстың қабылданбауының нақты дәлелді себептері жоқ деген тұжырымға келген. Апелляциялық сот алқасының тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді.

Өтінішхатта келесідей уәждер келтірілген.

Чайковский көшесі №1 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізу туралы №202 мердігерлік шарт 2021 жылы 21 қазанда жасалып, жұмысты аяқтау мерзімі 2022 жылдың 21 қаңтар деп белгіленген.

Серіктестік тарапынан 5 265 331 теңгеге атқарған жұмыс туралы №КС-2 үлгісіндегі актіге мердігерлік шарт жасалудан 6 ай бұрын жұмысты аяқталды деп жалған мерзім қойылған актіні жарамды деп тану арқылы, Кәсіпорынның объектіні пайдалануға тапсыруды міндеттеу туралы талабы негізсіз қанағаттандырудан бас тартылған.

Серіктестіктің 5 265 331 теңгенің жұмыстары жарамды деп танылғанның өзінде оның тарапынан объектіні пайдалануға тапсыру қажет болатын.

Сөйтіп, өз міндеттерін орындамай отырған мердігер компания «Г[...]» ЖШС-нен объектіні пайдалануға қабылдау жөніндегі актімен тапсыруды міндеттеу жөніндегі мүмкіндік жойылды.

Бұның салдары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қайтарымды қаражат бойынша Қызылорда қаласы, [...] көппәтерлі үйдің кондоминиум объектісін күрделі жөндеуге жұмсалған қайтарымды қаражатты сол үйдің пәтерлерінің меншік иелерінен өндіріп алудың мүмкіндігін жойды.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаның іске асыру және республикалық бюджеттің қайтарымды қаражатын өндіру мүмкіндігін жойды.

Салдарынан мемлекеттік бағдарламамен республикалық бюджеттен қайтарымды қаржы бөліну арқылы кондоминиум объектісіне күрделі жөндеу жүргізілген Қызылорда қаласы, [...] көппәтерлі үйдің кондоминиум объектісі пайдалануға тапсырылмай қалды.

Сот отырыстары барысында жауап берген сарапшылар сарапшы қорытындысының және сарапшылардың 5 265 331 теңгенің тек 35101 теңгенің ғана жұмыстары орындалмаған, қалған жұмыстары толық орындалды деген уәждері де үлкен күмән келтірді және бұған сот үлкен сынмен қарады.

Себебі сарапшылардың пайымдауы бойынша кейбір жұмыстардың орындалғандығын анықтау мүмкін болмаған. Мердігер бетонды бұзып, көрсетуге қарсы болған. Көздері ештеңеге жетпесе де ол жұмыстар толық орындалды деп қорытынды жасаған.

Жоба сметалық құжатқа сәйкес өжіренің табанына құйылатын бетонның астына құны 499 840 теңгенің битумды мастикалық гидрооқшаулағыш болуы қажет.

Алайда сот отырысы басырында Серіктестік өкілі тарапынан бұл жұмыстардың жасалмағандығын мойындап, битумды мастикалық гидрооқшаулағыштың орнына полиэтеленді пленка төсегендігін көрсетті. Өтінішхатта көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 қазандағы қаулысына келтірілген өтінішхат электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ж.Қашқынбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.