№6001-22-00-6ап/1521
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] жауапкерлер Бәйдібек ауданы Шаян ауылдық округінің әкіміне, «Бәйдібек ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі», «Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемелеріне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Бәйдібек аудандық тіркеу және жер кадастр бөліміне, Бәйдібек аудандық жер қатынастары жөніндегі комиссия төрағасы А[...], комиссия мүшелеріне объект салу үшін жер учаскесін таңдау актісін, нысанын салу үшін жер учаскесін бөлуді келісімдеуші органдардың қорытындыларын, жер комиссиясы отырысының хаттамалық шешімін, әкімнің шешімін, сәйкестендіру актілерін, жер учаскесін сату-сатып алу үлгілік шартын және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымымен [...] талап қою арызын сотқа беруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, 2017 жылғы 3 тамызда Бәйдібек ауданы Шаян ауылдық округі әкімінің №54 шешімімен талап қоюшы Ш[...] Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы, Ынтымақ көшесі №[...] үйге тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 0,2428 га жер учаскесі беріліп, 2017 жылғы 11 тамызында №[...] сәйкестендіру акті берілген.
Бәйдібек аудандық сотының 2011 жылғы 26 тамыздағы шешімімен мүдделі тұлға К[...] Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы, Қ[...] көшесінде орналасқан тұрғын үйдің 0,23012 га жер теліміне меншік құқығы танылып, жер учаскесіне кадастрлық №[...] беріліп, мемлекеттік акт рәсімделген.
2014 жылғы 23 желтоқсандағы Бәйдібек аудандық жер қатынастары жөніндегі жер комиссиясының хаттамалық шешімімен К[...] меншігіндегі үй іргелік аумағы 0,23012 га жер учаскесінің ішінен Қ[...] [...] га жер учаскесін «сауда дүкені орнын» жасау үшін «өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу жерлері» санатынан шығарылып, «кәсіпкерлік мақсатта құрылыс салынатын жерлер» санатына ауыстырылуға және қайта жабдықтауға жоба жасауға рұқсат берілген.
2015 жылы 6 қаңтардағы Бәйдібек аудандық әкімінің №66 қаулысымен жер комиссиясының шешімі негізінде К[...] аталған үй іргелік жер учаскесімен жер санатын ауыстыру және құрылыс жүргізуге жобалау үшін рұқсат берілген.
2015 жылғы 6 сәуірдегі Шаян ауылдық округі әкімінің №27 шешімімен жоғарыда аталған қаулымен жер комиссиясының қорытындысы негізінде К[...] берілген жердің бір санатынан екінші санатына ауыстырылған бөлігі, жалпы алаңы 0,015624 га жер учаскесі, оған сатылып, жеке меншік құқығымен берілген.
Аталған жерге кадастрлық №[...] іс дайындалып, мемлекеттік акті беріліп, жер бөлінген.
2019 жылғы 2 тамыздағы Бәйдібек ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен объект салу үшін жер таңдау актісімен К[...] нысаналы мақсаты кіші жабық футбол алаңының құрылысын жүргізу үшін 0,0866 га жер учаскесі берілген.
2019 жылы Бәйдібек ауданы әкімдігінің «Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен Бәйдібек ауданы әкімдігінің «Шаян ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-мен К[...] елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін бөлуге келісімдеуші органның қорытындылары берілген.
2019 жылғы 13 қыркүйектегі Бәйдібек аудандық жер қатынастары жөніндегі жер комиссиясы отырысының №23 хаттамалық шешімімен К[...] тиесілі тұрғын үй іргелік 0,2144 га жер телімінің ішінен «кіші жабық футбол алаңы» құрылысын салу үшін жалпы алаңы 0,0866 га жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертіле отырып, сатылып және көлемі өзгерген тұрғын үй іргелік жалпы алаңы 0,1278 га жер телімін деп бекітуге оң қорытынды берілген.
2020 жылғы 21 сәуірдегі Шаян ауылдық округі әкімінің №37 шешімімен К[...] тиесілі «кіші футбол салу үшін» жалпы алаңы 0,0866 га, ал тұрғын үйге 0,127896 га болып жер бекітілген және кіші футбол орналасатын жері сатып берілген. Кіші жабық футбол құрылысы үшін жерге №[...] сәйкестендіру актісі беріліп, тұрғын үй орналасқан алаңы 0,1278 га жер теліміне №[...] сәйкестендіру актісі берілген.
2020 жылғы 22 мамырда Жер қатынастары бөлімі мен К[...] арасында кадастр №[...] жер телімін сатып алу-сату туралы № 155 келісім шарты жасалған. 2020 жылғы 26 қазанда кіші футбол алаңына объектіні пайдалануға қабылдау актісі жасалып, акті 2020 жылғы 30 қазанда тіркеуден өткен.
ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Жергілікті соттардың талап қоюды қері қайтарып, талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тарту туралы тұжырымдары негізді, себебі талап қоюшы дауланып отырған әкімнің шешімі мен жер комиссиясының хаттамалары қабылданған уақыттан талап қоюшының сотқа талап қоюмен жүгінгенге дейін ӘРПК-мен көзделген бір айлық уақыт өтіп кеткен, талап қоюшы ол мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алғанын нақты дәлелдеме ұсынбағанын көрсеткен. ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Талап қоюшының жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты, объект салу үшін жер учаскесін таңдау актісі, объект салу үшін жер учаскесін бөлуді келісімдеуші органдардың қорытындылары мен құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісі, жер учаскесін сату-сатып алу шарты әкімшілік актілер болып табылмайды, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, сондықтан жергілікті соттармен талап қою бұл бөлігінде дұрыс қайтарылған.
Соттардың бұл тұжырымдары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы [...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.