ВС РК - Постановление от 15.11.2021 по делу 6001-21-00-3Г/5222(2) (Гражданское)

6001-21-00-3Г/5222(2)

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 15 қараша Нұр - Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж. Мырзаке талап қоюшы «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдән әрі – Мекеме, Тапсырыс беруші) жауапкерлер «Technodom Operator» (Т[...]) акционерлік қоғамына (бұдән әрі - Қоғам), «МС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдән әрі - Серіктестік):

-мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану;

-Қоғамнан 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыбын, Серіктестіктен 183 123 202,5 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мекеме сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қою арыз ішінара қанағаттандырылған.

Қоғамнан мемлекет пайдасына 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыппұл және 3 085 047 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.

Серіктестіктен мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұл және 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.

Ж[...] мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арыздың бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.

Сот актісінің талапты қанағаттандыру туралы бөлігі жойылып, бұл бөлігінде талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Арызданушы өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процесстік құқық нормаларының бұзылуына байланысты апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арыз берушінің пікірінше іс бойынша жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Мекемемен Қоғамның арасында 2020 жылғы 27 тамызда №165 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (бұдан әрі - № 1 Шарт).

№1 Шарттың 2.1 тармағы мен №1 қосымшасына сәйкес Қоғам «қашықтан оқытуға арналған ноутбук» тауарын 3 427 830 000 теңгеге 2020 жылғы 30 қазанға дейін жеткізуге міндеттенген.

Сонымен қатар, Мекемемен Серіктестіктің арасында 2020 жылғы 27 тамызда №166 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (бұдан әрі - №2 Шарт).

№2 Шарттың 2.1-тармағы мен №1-қосымшасына сәйкес Серіктестік «қашықтан оқытуға арналған ноутбук» тауарын 3 427 672 500 теңгеге 2020 жылғы 30 қазанға дейін жеткізуге міндеттенген. Тауарлар аталған шарттарда көзделген мерзімде жауапкерлермен жеткізілмеген.

Бірінші сатыдағы сот тұрақсыздық айыбын өндіру туралы шешімін жауапкерлермен шарттардың 7.3 тармақтарында көзделген міндеттемелердің орындалмағанымен тұжырымдаған.

Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танудан бас тарту туралы тұжырымын тапсырыс беруші үшін жағымсыз салдардың туындамағанынымен негіздеген.

Бірінші саты сотының шешімін өзгертіп, тұрақсыздық айыбын өндіруден бас тарту туралы қабылдаған жаңа шешімін апелляциялық сот алқасы, жауапкерлердің шарттар бойынша мiндеттемелерiн тиiстi дәрежеде орындау үшiн өздерiне байланысты шаралардың барлығын қолданғандарын, бірақ бой бермейтiн күштiң, тойтаруға болмайтын мән-жайлардың салдарынан тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiктері болмағандығын дәлелдейтінімен қорытындылаған.

Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымдарын өтінішхат иесі келесі негіздермен заңсыз деп есептейді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 293-бабына сәйкес борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.

Форс-мажорлық жағдайдың болғаны өз дәлелін таппады, өйткені, елдегі төтенше жағдай 2020 жылдың 16 наурызынан 11 мамырына дейін орын алды, одан кейін тек карантиндік шаралар жүргізілген, жауапкерлер шарттар бойынша өз міндеттемелерін 2020 жылдың 30 қазан айына дейін орындауға тиіс болған.

Форс-мажорлық жағдайға жалпы жұрт таныған дәлелдеуді қажет етпейтін соғыс қимылдары,табиғи немесе дүлей аппаттар жатқызылған.

Өтінішхат иесі жауапкерлер әлемдік COVID-19 пандемиясының салдарынан ноутбуктерге деген сұраныстың артуына байланысты зауыттар тауарларды уақтылы жасай алмағанын, тауарды Қ[...] шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты теміржол мен автокөлік қатынасымен жүк тасымалдау үзілгендіктен, тауарды уақтылы жеткізе алмаған деген уәжі форс-мажорлық жағдайларға жатқызуға келмейді деп есептейді.

Тауарды уақтылы өндіріп, тапсырыс берушіге жеткізуге зауыттың әлеуеті жетпеуін, оның тасымалдаушының транзиттік мүмкіндігінің болмауын (жоқ болуы емес) форс-мажорға теңеу қисынсыз.

Сонымен қатар, жауапкерлер тарапынан берілген хаттарға талап қоюшы жауап қайтармаған деген факті шындыққа сәйкес келмейді.

Сотқа ұсынылған іс-құжаттарда шарттың орындау мерзімін жақындағанын, кешіккен жағдайда айыппұл санкциясын қолданатынын ескертіп, Мекеме 2020 жылғы 26 қазандағы №10/3230, №10/3228, 2021 жылғы 3 қарашадағы №10/3336, №10/3337 хаттарға Серіктестік 2020 жылғы 10, 28 қазанда жауап хаттар жолдаған.

Өз бастамасымен жауапкерлер Мекемеге хат жазбаған.

Ж[...] шарттар жасаған кезде заңнама талаптарына сәйкес мiндеттеме шарттары заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс екендігін, ал мұндай шарттармен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс екендігін, міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның шарттарын өзгертуге жол берілмейтінін біле тұра саналы түрде шарт жасасқан, яғни, кәсіпкерлік пайда табудың тәуекелге алып баратынын сезінген.

Апелляциялық сатыдадағы сот талқылауында жауапкерлер тарапынан Қ[...] мемлекетінің тасымалдаушы компанияларынан келген құжаттарға қарағанда тауар жеткізу туралы шарт қыркүйек айында емес қарашаның 4 күні жасалғандығы анықталады.

Сол сияқты бірде-бір құжатта Қ[...] Республикасы төтенше жағдай орын алуына байланысты тауарды жеткізуге мүмкіндік жоқтығы айтылмаған.

Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы даулы қатынастарға «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы №127 қаулысының 10-тармағын негізсіз қолданған, өйткені мемлекеттік сатып алулар қаулының талаптары қолданылмай өткізілген.

Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.

Судья Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.