Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/488 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/488

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Айкенова, А.К. Рамазанова, прокурор А.С.Колмашевтың,

талап қоюшы Н.Х.Көбейсіннің және оның өкілі Ж.А.Аристановтың, жауапкер өкілі А.Бекжановтың қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Нұрбол Хайруллаұлы Көбейсіннің (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы іс бойынша қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық форматтағы азаматтық істі қарап,

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған, өйткені өзінің іс-әрекеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Занының (бұдан әрі - Заң) 80-бабы 1-тармағы 12 және 13) тармақшаларында көрсетілген өрескел қызметтік тәртіпті бұзғаны болып саналмайды және жұмыстан шығаруға негіздеме ретінде болып табыла алмайды деп санайды.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғандай, талап қоюшы 2017 жылғы 28 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы полиция басқармасының тергеуші-стажері лауазымына қабылданып, 2019 жылғы 4 қазаннан бастап Қызылорда облысы, Қазалы аудандық полиция бөлімінің Тергеу бөлімшесінің тергеушісі лауазымын атқарған.

2024 жылғы маусым айында Департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына азаматша У.Агзам арызданып, онда талап қоюшы оны қылмыстық іс бойынша қамаймын деп қорқытып, қолма қол 800 000 теңге және «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы 600 000 теңге алғанын мәлімдеген.

Талап қоюшы оқиғаға байланысты берген түсінігінде іс-сапарда жүрген кезде жалдамалы пәтерге, банктегі несиелерін төлеуге қаражат қажет болғандықтан күдікті У.Агзамнан қарызға ақша алғанын көрсеткен. Жүргізілген қызметтік тергеудің қорытындысымен ақша қаражаттарының пара ретінде алынғанын бағалауға дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін Департаментке жолданған.

Яғни, талап қоюшы Заңының 16-бабы 1-тармағы 4), 5), 7) тармақшаларында айқындалған талаптарды бұзып, өзінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша күдікті У.Агзаммен қызметтен тыс қарым қатынаста болған және қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланып, одан ақша алып, құқық қорғау органының беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол беріп, абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық көрсеткен.

Осыған орай, талап қоюшы Департаменттің 2024 жылғы 26 маусымдағы №288 ж/қ бұйрығымен Заңның 80-бабы 1-тармағы 12 және 13) тармақшалары негізінде тәртіптік жаза ретінде атқарып жүрген лауазымынан және ішкі істер органдарынан теріс қылықпен шығарылған. Істің мұндай тұрғысында Заңның 57-бабына сай Департамент тарапынан талап қоюшымен жасалған теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, ауырлығы мен оқиғаның мән-жайлары нақты анықталып, тиісінше қызметкердің кінәлілік дәрежесі дұрыс бағаланған. Өз кезегінде, талап қоюшы АПК-нің 72-бабына сәйкес Департаменттің уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынған жоқ.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Б.Ормаханов

Судьялар А.К.Айкенова

А.К.Рамазанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.