ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Тулеев,
судьялар – Р.М. Айнақұлова, Г.Б. Дуйсенбаев,
жауапкер өкілдері Б.П.Мынбаевтың, С.Ж.Исаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Калабеков Артык Кенжебековичтың жауапкер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «44859 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Әскери бөлім) ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін заңсыз деп танып, қолайлы әкімшілік акті қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А.К.Калабеков жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2009 жылдан 2022 жыл аралығында әскери қызмет атқарғанын, алалйда Әскери бөлім өзіне тиісті тұрғын үй төлемдерін жүргізу барысында 2012 жылдың 7 шілдесі мен 2015 жылдың 20 ақпаны аралығында У.Ж.Сихымбаевамен ортақ тұрғын үй болғанын негізге алып, есепке алмағанын көрсеткен.
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы А.К.Калабеков кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот жауапкер өкілдері Б.П.Мынбаевтың және С.Ж.Исаеваның шағымға келтілрген қарсы уәждерін тыңдап, іс құжаттарымен шағым уәждерін жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, А.К.Калабеков 2009 жылдан 2022 жылдың 7 қарашасына дейін Әскери бөлімде әскери қызмет атқарған, алайда жауапкер талап қоюшының әскери қызмет атқарған кезеңдері үшін 2012 жылдың 7 шілдесі мен 2015 жылдың 20 ақпаны аралығында зайыбы У.Ж.Сихымбаевамен ортақ тұрғын үй болғаны анықтаған. Осыған орай жауапкер аталған кезеңдерді алып тастап, А.К.Калабековке 2009 жылдың 6 қазаны мен 2012 жылдың 7 шілдесі аралығына 5 684 256 теңге тұрғын үй төлемдерін жүргізген.
Талап қоюшы 2015 жылдың 20 ақпанымен 2018 жылдың 1 қаңтары аралығына тұрғын үй төлемдері төленбеген кезеңі үшін Әскери бөлімге өтініш жолдаған, алайда жауапкер аталған өтінішті қанағаттандырудан бас тартуына байланысты ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп танып, қолайлы әкімшілік акті қабылдауды сұраған.
Жергілікті соттар, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда талап қоюшының даулы кезең аралығында тұрғынжайға мұқтаж болмағанын, сондықтан жауапкердің даулы әрекеттері заңды әрі негіді қабылданғанын басшылыққа алған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) Заңның 101-3-бабының 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әскери қызметшілер не олардың зайыбы некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2012 жылдың 7 шілдесі мен 2015 жылдың 20 ақпаны аралығында талап қоюшы мен оның зайыбы У.Ж.Сихымбаевада ортақ бірлескен меншік құқығымен Түркістан облысы, Арыс қаласы, Майлы Қожа көшесі, №30 үйі болған.
Аталған мән-жайды талап қоюшы растап, аталған тұрғынжай 2015 жылғы 20 ақпандағы сату-сатып алу шарты негізінде меншік құқығы тоқтағандығын көрсеткен.
Бұл фактілер, жоғарыда көрсетілген кезеңдерде талап қоюшы әскери қызметші ретінде тұрғынжайға мұқтаж болмағанын растайды.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты, себебі талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, А.К.Калабеков әскери қызметші ретінде қызмет атқарған уақытта өзінің ортақ бірлескен меншік құқығында тұруға жарамды тұрғынжайының болуы және ол тұрғынжай 2015 жылы иеліктен шығарылуы, жоғарыда көрсетілген Заң нормасына сәйкес қабылданған деп есептейді.
Бірінші және апелляциялық саты соттары іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
АПК-нің 426-бабының 2-бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, кассациялық сот талап қоюшының шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Калабеков Артык Кенжебековичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.Б.Тулеев
Р.М.Айнакулова
Судьялар Г.Б.Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.