ВС РК - Постановление от 26.07.2021 по делу 6001-21-00-3Г/3842 (Гражданское)

6001-21-00-3г/3842

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 26 шілде

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы А.К.Ескендиров талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Е[...], Б[...] ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу және негізсіз байлықты қайтару туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Б[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

Б[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, оны келесі уәждермен негіздеген.

Б[...] жауапкер Е[...] заңды некеде болғанда Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тассай тұрғын алабы, кадастрлық № [...] № 226 орамда орналасқан № 126 жер учаскесін (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) 5 000 000 теңгеге сатып алған. Сонымен қатар, жауапкер Б[...] тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстары мен оған жиһаздарды сатып алуға және жер телімін сатып алуға ерлізайыптылардың ортақ мүлкі болып табылатын қаражатынан 19 907 660 теңге жұмсалғанын көрсеткен. Соттан жұмсалған қаражаттың 9 953 830 теңгесі өзіне тиесілі екенін көрсетіп, 5 000 000 теңгесінің орнына даулы жер телімін өзіне қалдырып, үлестің 4 953 830 теңгесін жауапкерлерден ақшалай өндіруді сұраған.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырксыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, Б[...] талап қою арызының жауапкер Б[...] негізсіз байлықты қайтару туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Ж[...][...] талап қоюшы Б[...] пайдасына негізсіз байлықтың құны ретінде 3 826 565 теңге өңдірілген.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

А[...][...] өтінішхатында іс бойынша апелляциялық сот алқасымен қабылданған қаулымен келіспей, материалдық

және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхат иесінің пікірінше, мұндай негіздер бар.

Іс бойынша анықталғандай, Б[...] мен Е[...] 2020 жылғы 26 наурыздан бастап заңды некеде болған.

2020 жылғы 10 қыркүйектегі сатып алу-сату шартына сай, жауапкер Е[...] жұбайы Б[...] келісімімен даулы жер учаскесін сатып алған, заңға сәйкес ортақ бірлескен меншігі болып табылады.

2020 жылғы 11 қарашадағы сот шешімімен Б[...] мен Е[...] араларында тіркелген неке бұзылған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, жер учаскесінің ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкі болып табылатындығын, аталған даулы жер учаскесін тек талап қоюшыға қалдыру туралы талабы негізсіз екендігін көрсеткен.

Сонымен қатар, талап қоюшының жауапкер Б[...] тұрғын үйіне жұмсалған қаражаты жауапкер екеуінің ортақ мүлкі болып табылатындығы туралы дәлелдемелер келтірмегенін, аталған ақша қаражаты түріндегі мүлік тараптардың некелері заңды түрде тіркелмей тұрып, жауапкер Б[...] жауапкер Е[...] мердігерлік шартпен, сенімхатпен және қолхат арқылы берілуіне байланысты бұл ақша қаражаты жауапкер Е[...] жеке мүлкі болып табылады және ол бөлісуге жатпайды деп негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен ішінара келісе отырып, талап қоюшы Б[...] жауапкер Е[...] қойған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға жататындығын, ал, жауапкер Б[...] негізсіз байлықты қайтару туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігі негізсіз, қате жасалған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, өтінішхат авторы үйдің ішкі жиһаздары мен басқа да жабдықтарына жеке кәсіпкерлікпен айналысатын немересі Д[...] ақша бергенін, сонымен қатар, талап қоюшы үйден [...] жылғы 20 қыркүйекте біржола кеткенін, аталған факті Б[...] мен Е[...] араларындағы неке бұзу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған Қаратау аудандық сотының 2020 жылғы 11 қарашадағы шешімінде көрсетілгенін, яғни Б[...] 2020 жылғы 4 қазанда жиһаздар мен басқа да тұрғын

үйге қажетті жабдықтарды сатып алып, жауапкердің үйіне алып келгендігі жалған екендігін көрсеткен.

Өтінішхат иесінің пікірінше, Б[...] өзгенің ақшасын иемдену мақсатында, жауапкер Б[...] үйге алған заттарға талап қоюшы сатып алды деп, өтіп кеткен күнмен құжаттар жасап беруін дүкендерге барып сұрап жалған құжаттар жаздырып алғанын, кейін бірінші сатыдағы сотта сол дүкендердің сатушылары жазбаша түсініктеме бергенін көрсеткен, алайда апелляциялық сатыдағы сот алқасы аталған жайттарды негізсіз назарға алмай, заң нормаларының дұрыс қолданылмауына жол берген деп есептейді.

Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актілерін кассациялық сатыдағы сотта қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, судья өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Б[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья А.К.Ескендиров

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.