ВС РК - Постановление от 18.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1009 (Административное)

6001-22-00-6ап/1009

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 18 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Н.Ү.Қайыпжан,

судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры

Д[...],

жауапкерлер: «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Н[...],

«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Ұйымдастырушы, Университет) өкілі И[...],

«АД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «АД[...]» ЖШС) өкілі А[...],

мүдделі тұлға: «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) өкілі М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «BDG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Департаментке, Университетке, «АД[...]» ЖШСне №64001228-1 ашық конкурсы бойынша 15 желтоқсан 2021 жылғы №431010000-4-6-153428 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы мен (бұдан әрі – даулы хабарлама) 16 желтоқсан 2021 жылғы №6006278 қорытындылар туралы хаттамасын (бұдан әрі - даулы хаттама) заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына жауапкер «АД[...]» ЖШС - нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламамен және оның негізінде Ұйымдастырушының қорытындылар туралы хаттамасымен келіспей, жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда талап қоюшы өзінің конкурстық құжаттамаларының заң талаптарына толық сәйкес келетінін көрсеткен.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 сәуірдегі қаулысымен күшінде қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы хабарлама мен хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жауапкер «АД[...]» ЖШС кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу порталында конкурстың №6401228-1 «атауы: Күзет дабылының/бейнебақылау жүйесінің құрылғысында (монтажында) жұмыс» ашық конкурсына қатысқан, бөлінген сома 26 587 900 теңге.

2021 жылғы 23 қарашадағы №5943065 қорытындылар туралы хаттамасы негізінде Серіктестік жеңімпаз болып, ал екінші орын алған әлеуетті өнім беруші «АД[...]» ЖШС-гі деп танылған.

Конкурстық құжаттаманың 5-1 қосымшасына сәйкес біліктілік құжаттары толық толтырылмағанын және жұмыстарды сатып алу кезінде жеткізушінің біліктілігі туралы мәліметтерге сәйкес еңбек қатынастарын растайтын құжаттар, жеңімпаз бен қызметкерлер арасында еңбек қатынастарының расталмауын негізге алып Серіктестіктің жеңімпаз аталғанымен келіспей, «АД[...]» ЖШС 2021 жылы 29 қарашада Департаментке шағым келтірген.

Департамент тарапынан аталған шағым негізінде камералдық тексеру жүргізіліп, 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №431010000-4-6-153428 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы Ұйымдастырушыға жіберілген.

Аталған хабарламаның негізінде №6401228-1 ашық конкурсы бойынша 2021 жылы 16 желтоқсандағы №6006278 қорытындылар туралы хаттама қабылданып, «АД[...]» ЖШС конкурстың жеңімпазы деп танылған.

2021 жылы 21 желтоқсанында Университет пен «АД[...]» ЖШС-гі арасында №479 құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

Жергілікті соттар даулы конкурс бойынша Серіктестіктің қажет етілген мәліметтермен конкурстық құжаттарды толық көлемде заңнама талаптарына сәйкес ұсынғандығымен, яғни оның конкурстық өтінімі конкурсқа қатысуға дұрыс жіберілгендігі туралы тұжырымға келген.

Сондай-ақ, талап қоюшының шағымы негізінде Комитет қорытындысымен Серіктестіктің №6401228-1 ашық конкурсы бойынша конкурстық құжаттамаларының толығымен сәйкес келетіндігі анықталған. Соттардың бұл тұжырымы негізді және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 150-тармағына сәйкес (2022 жылғы қаңтар айына дейінгі редакциясында), егер конкурстық құжаттаманың 5, 5-1, 6 және 7-қосымшаларына сәйкес біліктілігі туралы мәліметтерді ұсынбауы, сондайақ толық емес ұсынуы жағдайда әлеуетті өнім беруші (конкурсқа қатысушы болып танылған) конкурсқа жіберілмейді.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы №6401228-1 ашық конкурсы бойынша конкурстық құжаттамаға сәйкес өзінің еңбек ресурстарын растайтын құжаттарының электрондық көшірмелерін, қызметтерді көрсету үшін қажет талап етілетін еңбек ресурстары туралы мәліметтерді, конкурстық құжаттаманың толық көлемде ұсынғандығы анықталған. Ол Комитеттің 2021 жылғы 14 қаңтардағы Департаментке жолдаған тапсырма хатымен расталған.

Бұл жағдайда, талап қоюшымен еңбек ресурстарын растайтын құжаттарының электрондық көшірмелері толық көлемде ұсынылғандықтан, конкурстық құжаттаманың 5-1 қосымшасында мамандардың біліктілігі туралы құжаттарында, яғни білімі туралы дипломдарында олардың берілген күні көрсетілмегені туралы мәліметтерді толық ұсынбағандығын растамайды. Осыған байланысты, соттардың 2021 жылғы 23 қарашадағы қорытындылар туралы хаттамасына сай Серіктестік заңды түрде конкурстың жеңімпазы болып танылғаны туралы тұжырымы негізді.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

«АД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Қайыпжан

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.