Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/134 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

№6003-26-00-2к/134

2026 жылғы 20 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшы Г.Х.Хайнуллаеваның,

жауапкер өкілі К.Б.Айденовтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Гулмира Хамидуллиновна Хайнуллаеваның жауапкер Валентина Павловна Михноға жұмыстан шығару бұйрығын заңсыз деп танып күшін жою, депутаттық мандаттың күшін жою, елден депортациялау, еңбек ақысын төлеттіру, еңбек кітапшасын қалпына келтіру, моральдық зиян мен материалдық шығынды өндіру және «СКФ Отделстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лицензиясының күшін жою туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Г.Х.Хайнуллаева сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда В.П.Михноның жұмыстан қудалап шығару бұйрығын заңсыз деп танып күшін жоюды, «СКФ Отделстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі-Серіктестік) лицензиясының, оның депутаттық мандатының күшін жойып, елден шығаруды, еңбек ақысын төлеттіруді, еңбек кітапшасын қалпына келтіруді және келтірілген моральдық зиянның 23 000 000 теңге өтемақысы мен 22 005 000 теңге материалдық шығынын өндіруді сұраған.

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, В.П.Михнодан 100 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың ішінара қанағаттандырылуына, бірінші сатыдағы соттың талап қоюшымен еңбек шартын бұзуда, жалақысын есептеуде еңбек заңнамасының бұзылмағаны, талап қоюдың қалған бөлігінің басқа тәртіппен қаралатыны және арнайы киімдермен толық қамтамасыз етілмеуінен оған моральдық зиян келгені жайлы тұжырымға келуі негіз болған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бұл сот шешімі өзгертілген.

Сот шешімінің моральдық зиянды өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Талап қоюдың депутаттық мандаттың күшін жою, елден шығару жасау және «СКФ Отделстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лицензиясының күшін жою туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Оған, апелляциялық сатыдағы соттың талаптың жауап беруге тиісті емес тұлғаға қойылуы және талаптардың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуына жатпауы негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына және сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен бұл іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабының 21 және 16тармақтарының талабы бойынша еңбек қатынастары – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар;

Еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс беруші (жұмыс берушілер), оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктер болып табылады.

Анықталғаны, Г.Х.Хайнуллаева Серіктестікпен 2024 жылғы 19 қарашада жасалған №155 еңбек шарты негізінде 4 разряд бояушы болып жұмысқа қабылданған.

Дау тікелей осы еңбек қатынасынан туындаған.

Серіктестіктің 2025 жылғы 3 ақпандағы №5/л бұйрығымен, талап қоюшының 2025 жылғы 27 қаңтарда, сағат 08:00-12:00 аралығында дәлелді себепсіз жұмыста болмауына байланысты, онымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде еңбек шарты бұзылған.

Алайда, Г.Х.Хайнуллаевамен іс бойынша жауапкер ретінде еңбек қатынасында болған Серіктестік емес оның басшысы жеке тұлға В.П.Михно тартылған.

Сондықтан, талап тиісті емес жауапкерге қойылғандықтан, сотпен іс АПК-тің 225-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес берілген талап қою бойынша қаралып, негізінен дұрыс шешілген.

Талап қоюдың жұмыстан шығару бұйрығын заңсыз деп танып күшін жою, еңбек ақысын төлеттіру, еңбек кітапшасын қалпына келтіру, моральдық зиян мен материалдық шығынды өндіру жөніндегі бөлігінің қанағаттандырусыз қалдырылуы, Г.Х.Хайнуллаеваға осы талаппен тиісті жауапкерге қайтадан талап қоюмен жүгінуіне кедергі келтірмейді.

АПК-тің 23-бабының талаптарына сәйкес, егер осы Кодекске және басқа да заңдарға сәйкес бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау өзгеше тәртіппен жүзеге асырылмаса, соттар оларды қорғау туралы істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды және шешеді.

Азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша талап қою ісін жүргізудің азаматтық істері соттардың ведомстволығына жатады.

Қалыптасқан жағдайда, апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюдың жауапкердің депутаттық мандатының, серіктестіктің лицензиясының күшін жою, жауапкерді елден шығару жөніндегі бөлігінің осы істің шеңберінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуына жатпайтыны туралы тұжырымы заңға қайшы келмейді.

Себебі, заңдарда бұл талаптардың қаралуының өзге рәсімі (тәртібі) көзделген.

Олар, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңдарында, АПК-нің 382-бабының 1-бөлігінде көзделген тәртіппен қаралуға жатады.

Осыған орай, АПК-нің 277-бабының 1-бөлігіне сәйкес iс бойынша іс жүргізілуі тоқтатылуы тиіс болған.

Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.

Сондықтан сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Гулмира Хамидуллиновна Хайнуллаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.